Ауыл шаруашылығының ел экономикасында алар орны ерекше. Соның ішінде атакәсіп - мал шаруашылығының маңызы зор. Кеңес өкіметінің кезіндегі тоқырау жылдары бұл сала дамымай кенже қалды.
Нәтижесінде мал басы қырылып, республикада оның саны күрт кеміді. Дейтұрғанмен, бұл кәсіпті атадан балаға жалғастырып, тынымсыз еңбек етіп жүргендер баршылық. Олардың бірі Аққыстау ауылының тұрғыны, «Самат» шаруа қожалығының иесі, жылқышы Мұрат Шахуов. Біз ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында шаруагермен байланысқа шығып, тілдескенбіз.
Кейіпкеріміз 1997 жылдан бастап «Самат» шаруа қожалығын құрған. Ал 2010 жылдан бастап жылқы малын сауумен айналысқан. Алғашқы жылдары 10 жылқы ұстап бастаған. Жыл өткен сайын тасы өрге домалап, жылқы басын 50-ге дейін көбейтіп, өсірген. Жаз мезгілі 2013-2014 жылдары облыстық және Махамбет аудандық туберкулезге қарсы диспансеріне 4 тонна қымыз тапсырып, кәсібін ұршыққа иірді. Уақыт өте келе, түрлі себептер кедергі болады. Көптің ұйғарымымен порталға түседі,алайда, олда үйлесімділік таппай, ауруханаға саумалын тапсыра алмай қалады.
Бүгінгі күні, осы саумалды арнайылап келіп, ішіп кететін немесе алдына ала тапсырыс беретін клиенттер саны әлдеқайда көбейген.Тіпті, емге деп алушылар саны күннен-күнге артқан. Малдың тіршілік көзі екенін білген олар бұл шаруаға отбасымен бірге кіріседі. Шаруашылықтың жұмысына жұбайы мен балалары, немерелері бір кісідей атсалысуда. Осындай жүйелі істің нәтижесінде малдың саны да артып, кәсіптері дамуда. Мал да өсіп келе жатқан бүлдіршін секілді аса күтімді қажет етеді. Осы орайда қожалық иесі Мұрат аға кейінгі кезде мал ұстау қиындап кеткенін ашық айтты.
-Ата кәсіптің машақаты көп. Бірақ мен бұл үшін 26 жылдан бері күнкөрістің басты негізіне айналып отыр. Осы уақыт аралығында түйгенім: жылқы шаруашылығының тілін меңгеріп, малды баптай алсаңыз, төккен тердің жемісі сезіледі. Жылқы мінбесек, өзімізді жайсыз сезінеміз. Бұл шындық. Бастапқыда еншімде 10 жылқы бар еді, артынан біртендеп көбейді. Жылқы күтімді талап етеді. Оны өсірудің өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. Малды ұстаймыз, бірақ оның жем-шөбін сатып алу қалтаны қағады. Қыста малымды қораға ұстап, жемдеп, пішендеп шығамын. Сондықтан, оның шығыны едәуір көп болған соң, жылқы басын азайттым. Тек жаз мезгілінде отбасым үшін, балаларым үшім бес-алты жылқыны сауамыз. Ауысқанын клиенттердің сұранысы бойынша сатамыз. Алға қарай, осы бағыт бойынша кәсібімді айналдыра беру жоспарда бар. Өзіміздің фазендамыз Ауқайран деген жерде орналасқан. Сол жерде жылқының қорасы, сауатын орны бәрі сайма-сай жабдықталған. Кезінде қымызға субсидия алуға болады бірақ оған 25 бие керек деді. Жақсы деп қоя салдық. Одан бөлек, жем-шөпке алатын тұста жылдың басын күтесіз деген сияқты біраз әуреге салды. Сонымен, ешқандай грант, субсидиясыз өз кәсібімнің бұйырған жемісін көрудемін, – дейді шаруагер.
Шахуов жанұясында Талғат есімді немересі мал шаруашылығына бет бұрып, отбасылық кәсіпте өз пікірін ұдайы білдіріп отырады екен. Қазіргі уақытта жылқыны да сауып, шаруасын бір өзі тындырып отыр. Әсіресе, бие құлындайтын уақытта бұл жұмыс қиынға соғады. Дегенмен, бұл жұмыстарға балаларым әбден машықтанып алған. Жылқыны мінсе-көлік, жесе-тағам, ішсе емдік сусын ретінде пайдаланып отыр. Олар жылына жылқыдан үш тонна қымыз өндіреді екен. Сөйтіп, кәсібі арқылы нәсібін көріп отырған бұл қожалықтың бағы жанып тұр. Алайда, мұнда шешілмеген әлі де проблемалар баршылық.
Сөйтіп, отбасымен шаруаға шыныққан олар әлі күнге дейін мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып көрмепті. Өз күштерімен адал еңбектің арқасында кәсібін дөңгелетіп келеді. Көргені мен түйгені мол Мұрат аға «болашақта мемлекеттік бағдарламалар негізінде көмек алып, жастар жағы кәсіпті одан әрі өркендете түсер» деп мал шаруашылығына машықтанған немересі Талғатқа асқан сенімділікпен қарайтынын жеткізді. Сондай-ақ, адал еңбектің наны қашан да тәтті екенін баса айтып, бүгінгі екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға атакәсіпті өркендетіп, ерінбей, қиындығына қарамай мал шаруашылығына бет бұру керектігін айтты. «Мал баққанға бітеді» деген де сөз бар қазақта. Мал өнімінің құнары жоғары, қай заманда да сұранысқа ие екенін ұмытпағанымыз жөн. Олай болса, қол қусырып, қарап қалмай, еткен еңбегінің жемісін көріп, кезіккен қиындыққа тайсалмай, шаруасын дөңгелентіп отырған Мұрат ағаларымыз сияқты шаруагерге және кәсібін енді бастамақ болып жүргендерге қолдау қашан да қажет-ақ.
Сағыныш Сайлаубай