Адам баласы қандай мамандық иесі болмасын, қандайда бір жерде жұмыс атқармасын, өзінің кәсібінің майталманы болуы керек. Ал майталман маман болу үшін не керек?
Ең әуелі, еңбек керек, ізденіс керек, өзін-өзі жан-жақты адам ретінде, тұлға ретінде дамытуға деген талпыныс керек. Осы орайда өзін-өзі үнемі дамытып отыратын, талапшыл, еңбекқор басшы туралы сөз қозғамақпын. Ол – ұлағатты ұстаздар қауымы жиналған Аққыстау орта мектебінде қазіргі күні мектеп директоры болып қызмет атқарып жатқан Халенова Тамара Молдашқызы туралы болмақ.
Басшы мен көшбасшының арасында үлкен айырмашылық бар. Басшы адам тек бұйырып отыру ғана емес, ол ұжымға қамқор, қарамағындағыларды өзіне ілестіре алатын тұлға болуы керек. Осы орайда Тамара ханымды нағыз көшбасшы деп айта аламыз. Мектепте басшы болған жылдарында мұғалімдерге үнемі қолдау көрсетіп, олардың кәсіби дамуына ықпал жасап, білікті, тәжірибелі тренерлерден курс оқып, біліктілігін арттыруына ықпал жасап келеді. Сондай-ақ айналасына көшбасшы мұғалімдерді жинап, мектепті, мектептегі оқу- тәрбие жұмысын жаңартып, жандандыру бағытында жоспар жасап, сол жоспардың орындалуы жолында аянбай еңбек етіп келеді. 2022-2023 оқу жылынан бастап Т.Молдашқызының бастамасымен әр пән бірлестіктері өз апталықтарын жаңаша, қызықты етіп ұйымдастырып, нәтижесінде оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыруда біршама нәтижелерге қол жеткіздік деп есептеймін. Әріптестерімен үнемі пікір алысып, ата-аналармен, оқушылармен қоян-қолтық араласып жұмыс жасаудың арқасында 2023 жылы мектебіміз «Ауылдың үздік олимпиадалық мектебі – 2023» атағын иеленсе, 2024 жылы облыс бойынша үздік 20 мектеп қатарына қосылып, «Үздік мектеп -2024» атағымен марапатталды. Сондай –ақ, 2023-2024 оқу жылының қорытындысымен аудан бойынша «Үздік мектеп» номинациясын, облыс көлемінде жыл қорытындысы бойынша өткен «Мектеп командасы: тиімділік пен нәтиже» форумында Бас жүлдені жеңіп алды. Осы жетістіктер Тамара Молдашқызының талапшылдығы мен еңбекқорлығының арқасы. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды- машыққа қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану,жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады. Кез келген қоғам үшін өскелең ұрпақтың қайсыбір таңдау жасағанда ұлттық рух пен ұлттық мүдделерді басты орынға қойып, азаматтық пен адамгершілік ұстанымдарынан ауытқымауы аса маңызды.
Сондықтан мұғалімдердің оқушыларды тәрбиелей отырып, сапалы білім беру ұстанымын басты орынға қоюды Тамара Молдашқызы әркез қадағалап отырады. Мектеп партасында отырған қазіргі оқушы – еліміздің болашағы. Сол болашақты тәрбиелеу, білім беру – мұғалімдердің қолында. Өскелең жас ұрпаққа алаңсыз білім беріп, тәрбиелейтін ұстаздарға басшы ретінде Тамара ханым бар мүмкіндікті жасап келеді.
Тамара Молдашқызын Аққыстау орта мектебі ұжымы атынан мұғалімдер күні мерекесімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шалқар шабыт, шығармашылық жетістіктер тілейміз.
Шолпан БАДЕЛОВА,
Аққыстау орта
мектебінің мұғалімі