Ауданымыздың білім саласында 34 білім беру ұйымы (16 мектеп, 12 балабақша, 5 қосымша білім беру ұйымы, 1 түзеу кабинеті) қызмет атқаруда. Ондағы педагогтар саны - 1194.
Аяқталғалы отырған жылда осынау білім беру ұйымдарының жыл ішіндегі жұмыс бағыты ҚР Президенті тапсырмаларынан, стратегиялық даму жоспарынан, нормативтік актілер мен Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының аясында ұйымдастырылды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағытында 12 мемлекеттік білім беру ұйымы қызмет атқарады. Ондағы педагог саны - 216, тәрбиеленуші - 1325. 2025 жылдың соңына дейін жаңадан 80 орынды құрайтын 2 мемлекеттік балабақша ашу жоспарлануда.
Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына тәрбиеленушілерді қабылдауға кезекке қою мен жолдама беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында «Индиго» ақпараттық жүйесінің цифрлық платформасымен жұмыстар жүргізілді.
Өткен оқу жылында Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасының 77 тармағы, яғни әлеуметтік осал топ санатындағы отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі (балабақша) балаларды тегін тамақпен қамтамасыз ету тапсырмасы 100 пайызға орындалды.
Орта білім беру бағыты бойынша 2024-25 оқу жылында 16 жалпы білім беру ұйымдарында 780 педагог қызмет атқарып, 5238 оқушы білім алады. Оның ішінде 1-ші сыныпқа 546 оқушы қабылданды.
Оқу жылының ішінде оқушыларды кітап оқуға баулу, инженерлік білімді дамыту, функционалдық сауаттылық, шалғайдағы ауыл мектептерінде зертханалық жұмыстарды тиімді жүргізу, математикалық сауаттылықты арттыру тәрізді цифрлық жобалар іске асырылуда.
Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, Жамбыл бастауыш, Исатай және Қызыл үй негізгі мектептеріне модернизация жұмыстары жүріп, химия, физика, STEM, география, көркем еңбек, орыс тілі кабинеттері, кітапхана, асхана жаңартылып, жаңа парта, құралдармен қамтамасыз етілді.
Биылғы қазан-қараша айларында аудан мектептеріне 60 сенсорлық тақта, 50 компьютер алынды.
Қыркүйек айынан бастап тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға арналған «Цифрлық ұстаз» жобасы іске қосылды. Жоба аясында 10 мектептің 57 оқушысы қосымша біліммен қамтылып, өз білімінің деңгейін арттырып отыр.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (ЭЫДҰ) өткізілетін «PISA-based Test for Schools» (PISA-2024) халықаралық зерттеуіне 3 білім беру ұйымы (Ж.Мырзағалиев, Ғ.Мәсәлімов, Х.Нәубетов атындағы орта мектептер) қатысты.
Өткен зерттеулермен салыстырғанда математикалық сауаттылық 405 (+23), оқу сауаттылығы 378-ге (+34), жаратылыстану-ғылыми сауаттылық 406 (+45) ұпай көрсеткішін көрсетті.
Білім беру ұйымдарында қауіпсіздік және қолайлы жағдай жасау мәселелері тұрақты бақылауға алынған. Бала өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын қажетті қаражат берілуде. Бөлім тарапынан барлық білім беру ұйымдары Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылаумен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Балалардың қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз ету мақсатында аудандағы 16 мектепке «ALAQAN» платформасы орнатылды.
Балалардың мектепке дейін және үйге қайту кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасын табуда, 4 елді мекеннің 161 оқушысы тасымалмен қамтылған. Өткен жылы «Мектеп автобусы» жобасы шеңберінде 2 автобус сатып алынса, осы жылы да 2 автобус келді.
Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдайлар жасау – басты назарда. Исатай орта мектебінде инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Ерекше балаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтер «MALAHIT» бірыңғай платформасы арқылы автоматтандырылды.
Тағы бір маңызды мәселе – тәрбие жұмысы. Аяқталғалы отырған жылдың қыркүйек айынан бастап «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» іске асырылуда. 6 құндылыққа (Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Жасампаздық және Жаңашылдық, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік) негізделген бағдарлама бойынша 9 айға 9 іс-шара жоспары жасақталған, жоспарға негізделген жобалармен жұмыс жасалып келеді.
Жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта отбасыларда 13 жетім бала тәрбиеленуде. Олардың тәрбиесі мен білімі, тұрмыстық жағдайы білім бөлімінің жіті қадағалауында. Жыл аяғында ұйымдастырылатын облыс, аудан әкімдерінің Қайырымдылық шыршаларына 9-13 жас аралығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 5 оқушы, сонымен қатар 50 әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары қамтылатын болады.
Гүлайна ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Атырау облыстық
Білім беру басқармасының
Исатай аудандық білім бөлімі
Басшысы