Қазіргі білім беру кеңістігінде жас ұстаз – жаңашыл ойдың, тың бастаманың және өзгеріске бейім кәсіби тұлғаның көрінісі. Мектепке жаңа леп әкелетін жас педагогтердің әлеуетін ашу, олардың шығармашылық ізденісін қолдау – бүгінгі білім саласының басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты байқау өткізілді. Аталған байқау жас педагогтердің кәсіби шеберлігін шыңдауға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және жаңашыл көзқарастарын қолдауға бағытталды.
Сайысқа еңбек өтілі үш жылға дейінгі жас мамандар қатысып, өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар «Шығармашылық жолдың бастауы» тақырыбында таныстырылым жасап, ұстаздық ұстанымдары мен кәсіби бағыт-бағдарын таныстырды. Екінші кезеңде таныс емес сыныпта ашық сабақ өткізіп, педагогикалық шеберліктерін көрсетті. Үшінші кезеңде «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазып, ой-тұжырымдарын жеткізді.

Осылайша, жас ұстаздар арасында ұйымдастырылатын әрбір байқау олардың кәсіби дамуына серпін беріп, жаңа білім беру талаптарына сай шығармашыл педагогтерді қолдаудың тиімді алаңына айналып келеді. Бұл пікірді байқау ұйымдастырушылары да қолдайды.

– Бұл байқау арқылы – жас педагогтердің кәсіби әлеуетін ашу, жаңашыл идеяларын қолдау және шығармашылық ізденісіне серпін беру. Бүгінгі қатысушылар жаңа форматта сабақ өткізіп, заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана алатындарын дәлелдеді. Мұндай байқаулар жас ұстаздардың тәжірибе жинақтауына ғана емес, жаңа мектеп моделін қалыптастыруға да зор үлес қосады,-дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Айнұр Ерғалиева.
Білім бәйгесінің қорытындысы бойынша жоғары деңгейде өнер көрсеткен Исатай орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Темірхан Азербаев бас жүлдені жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алды. Жүлделі бірінші орынды мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Аружан Газизова иеленсе, екінші орынды Өркен орта мектебінің математика пәні мұғалімі Асел Аққалиева мен Абай орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Нұрай Нұрқуат теңдей бөлісті.

Үшінші орынды Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ақбөбек Каримова қанжығасына байлады.

Осындай сындарлы сайыстар арқылы шығармашыл ойлайтын, заманауи талаптарға бейім жас ұстаздар қалыптасып, жаңа мектептің берік іргетасын қалау ісіне өз үлесін қосуда.Бұл – болашаққа салынған сенімді инвестиция.

Сағыныш ҚАЙЫР



