БІЛІМ ІЗДЕП, МҰХИТ АСҚАН ЖАНБАЙЛЫҚ ЕРНҰР

(0 Votes)

Әр адамның жүрегінде биік арман мен үлкен үміт бар. Бірақ сол арманды мақсатқа айналдырып, жүзеге асыру – тек еңбекқор, табанды жандардың қолынан келетін іс. Ал оның төте жолы – білім алу. Білімге ұмтылу оған құштар болу  кез келген жердің есігін кілтсіз ашуға мүмкіндік береді. Бұл тек жаңа мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, әр адамның жеке тұлға ретінде өсуіне, әлемді өзгеше тануына ықпал етеді. Жанбай ауылынан шыққан Ернұр Аманжолұлы – осындай талапты жастардың бірі. Бүгінде ол өз арманының жетегінде алыстағы Америка Құрама Штаттарында білім алуда. Ернұрдың бұл жетістігі бір күндік еңбек емес, қажырлы дайындық пен табандылықтың жемісі деп білемін. Бейтаныс елде білім алу қаншалықты қиын? Шет елде оқудың артықшылықтары қандай? Жас маман болашақта қандай белестерді бағындыруды көздейді? Ернұр өз тәжірибесін бөлісе отырып, білімнің өмірдегі маңызын айқын түсіндіріп, замандастарын үлкен арманға ұмтылуға шақырады. Бұл оның жеке жетістігі ғана емес, арманын биіктен іздеген әрбір жанға үлгі боларлық іс.

– Сәлеметсіз бе, Ернұр Аманжолұлы! Америкада білім алып жатқан Жанбай ауылының тумасы ретінде сіз туралы естіп, ерекше қызығушылық таныттық. Алдымен өзіңізді таныстырып, шет елге оқуға аттанудың сіз үшін қандай маңызы болғанын айтып берсеңіз.

–  Рахмет! Мен 2004 жылы Жанбай ауылында дүниеге келдім. 2022 жылы Хамидолла Наубетов атындағы орта мектептен түлеп ұштым. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы университетте білім алып жатырмын. Америкаға бару мен үшін үлкен мүмкіндік әрі өмірімдегі маңызды қадам болды. Бұл сапар менің ой-өрісімді кеңейтіп, жаңа ортада бейімделу мен жаңа мәдениетті түсіну тұрғысынан үлкен тәжірибе сыйлады. Шет елде оқу арқылы өзімді кәсіби әрі жеке тұлға ретінде дамытуға мүмкіндік алдым. Жаңа адамдармен танысып, олардың өмір салтынан көп нәрсе үйрендім. Бұл тәжірибе болашақ жоспарларымды айқындап, алдыма биік мақсаттар қоюға шабыт берді. Осы қадамға ешқашан өкінген емеспін, керісінше, оны өмірімнің ең маңызды кезеңдерінің бірі деп санаймын.

 

– Америкаға алғаш барған сәттегі әсеріңіз қандай болды, қиындықтар да болған шығар?

– Шынымды айтсам, алғашқы әсерім өте ерекше болды. Мұхит асып, Нью-Йорк қаласына алғаш қадам басқанда зәулім ғимараттар мен көшелердегі ерекше атмосфера мені таңғалдырды. Америкалықтар өте ашық, эмоцияға толы адамдар екен. Әр штаттың өзіндік диалектілері де бар, бұл маған қызық әрі  тансық болды. Атап айтқанда Нью-Йорк, Вашингтон және Филадельфия қалалары ерекше ұнады. Нью-Йорк өзінің сәулетімен және қарбалас өмірімен әсер қалдырды. Вашингтонның тазалығы, саяси орталық ретіндегі беделі ерекше сезілді. Ал Филадельфия тарихқа бай, мәдени тұрғыдан қызықты қала болып көрінді. Сондай-ақ, 127 метр биіктіктегі аттракциондарға мінгенде ерекше әсер алып, бала арманым орындалды.

Алғашқы уақытта тілді жетік білмеуім кедергі келтіргені жасырын емес. Мектеп кезінде ағылшын тілін толық меңгермегеніме көзім жетті. Бірақ жігерімді жанып, арнайы курстарға қатысып, бір жыл ішінде тілді жетік меңгердім.

 

– Америкаға бару оңай емес екенін жақсы білеміз. Өзіндік талаптары мен ережелері тағы бар. Ал сіз  қандай визамен бардыңыз және қандай түріне кеңес бересіз?

– Иә, расында да виза алу оңай шағылатын жаңғақ емес. Оны алу да үлкен шыдамдылықты талап етеді. Алайда мен студенттік визамен бардым. Бұл – білім алуды мақсат еткендер үшін ең тиімді жол. Визаның түрлері өте көп, мысалы студенттік, жұмыс және туристік. Егер ертерек қамданып, арнайы бағдарламалар арқылы барсаңыз, шығынды азайтуға болады. Менің жеке шығыным шамамен 5500 долларды құрады.

 

– Әрине, АҚШ-тың өмір сүру салты мен ондай экономикалық жағдай бізден мүлдем бөлек екені жасырын емес. Дегенмен сіз қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

– Бірінші кезекте, жалақы, экономика және халықтың менталитеті. Америкада еңбекке деген көзқарас өзгеше. Олар уақытты тиімді пайдалануға дағдыланған. Экономикалық мүмкіндіктер де Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары.Сонымен қатар студенттер де білімге өте құштар, өз уақыттарын тиімді пайдаланады. Әркім өз болашағы үшін нақты жоспар құрып, соған сай әрекет етеді. Ал менің Америкаға барудағы басты мақсаттарымның бірі – мұхит пен теңіздің айырмашылығын анықтау болды. Каспий теңізі жағасында өскен соң мен үшін бұл өте қызық болды. Мұхиттың кеңдігі мен күшін сезіну маған ерекше әсер берді.

 

– Жерлестеріңізге өз тәжірибеңізбен бөлісу ойыңызда бар ма?

– Иә, ауыл жастарына өз тәжірибемді бөлісіп, бағыт-бағдар беру ойымда бар. Қазірдің өзінде инстаграм желісі арқылы шет елде білім алу, виза рәсімдеу және өзге елдерде оқудың мүмкіндіктері туралы кеңестер беріп жүрмін. Әсіресе, ауыл балалары үшін мұндай ақпарат өте қажет деп санаймын. Себебі, олардың көбі шет елге оқуға бару мүмкін емес деп ойлайды. Ал мен өз мысалым арқылы бұл қолжетімді екенін көрсеткім келеді. Келешекте ауылға барып, арнайы семинарлар өткізу жоспарда бар.

 

– Туған жерге оралғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Шынымды айтсам, алғашқы кезде үйренісу қиын болды. Америкада алған тәжірибемнен кейін өмірге деген көзқарасым өзгерді. Өзге елдің мәдениетімен танысу мені жан-жақты ойлауға үйретті. Оқумен қатар, түрлі жұмыстарда тәжірибе жинадым. Мысалы, ресторанда раннер болып жұмыс істедім, сағатына 15 доллар табыс таптым. Бұл маған қаржылық сауаттылықты үйретті. Ал бұл бір ғана мысал, яғни мен өзімді әртүрлі қырымнан сынай білдім. Бірақ туған жердің орны әрқашан ерекше екенін түсіндім, елімнің қадір-қасиетін тереңнен ұқтым. Өзімнің туған ауылым, ондағы адамдар, қазақи менталитет – мұның бәрі менің жүрегімде маңызды орын алады. Қайда жүрсем де, Қазақстан – менің Отаным. Дегенмен, тіл үйренгенімді ұмытпау үшін күн сайын ағылшынша сөйлеп, әлеуметтік желілерде ағылшын тілінде жазуға тырысамын.

 

– Шет елге барып, оқуды армандайтын жастарға қандай кеңес бересіз? Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

– Бастысы – талпыныс пен еңбекқорлық. Армандауға қорықпаңыздар. Шет елге шығу немесе әлемнің үздік университеттерінде оқу мүмкін емес сияқты көрінсе де, шын ниетпен жұмыс істеген адам бәріне қол жеткізе алады. Алдымен, ағылшын тілін жақсылап меңгеру керек. Бұл сіздің әлемдік деңгейде білім алып, дамуыңыздың басты кілті. Сонымен қатар халықаралық білім беру бағдарламаларын зерттеп, мүмкіндіктерді жіберіп алмауға тырысыңыз. Қаражат мәселесі де маңызды, бірақ стипендиялар мен гранттарды дұрыс пайдалана білсеңіз, шығынды едәуір азайтуға болады. Өз саламда білікті маман болуды мақсат етіп жүрмін. Қазіргі таңда магистратураны шет елде жалғастыруды жоспарлап отырмын. Америкада оқып, көрген жаңа технологиялар мен басқару жүйелерін Қазақстанға енгізу – менің басты арманым. Туған жеріме пайда әкеліп, жастарға үлгі болғым келеді. Сондай-ақ өзімді жаңа салаларда сынап, стартап жобалар құру арқылы ел экономикасына үлес қосуды көздеп отырмын.

 

– Егер қайта таңдау мүмкіндігі болса, сол жолды қайтадан таңдар ма едіңіз?

– Иә, еш ойланбастан сол жолды қайта таңдар едім. Америкаға бару және шет елде оқу менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Бұл сапар маған тек білім емес, өзіме деген сенімділік, мақсатқа жету жолындағы табандылық және әлемге басқа қырынан қарауды үйретті. Мен осы жолдан өту арқылы өз мүмкіндіктерімді аштым.

 

– Ернұр Аманжолұлы, сұхбатқа уақыт бөліп, әсерлі әңгімеңіз үшін алғысымызды білдіреміз. «Білім – бұл жарық жұлдыз, оны тек ізденген жандар ғана көре алады» дегендей, сіздің тәжірибеңіз көптеген жастарға шабыт береді деп сенеміз. Сізге білім мен тәжірибе жолында үлкен жетістіктерге жетіп, арман-мақсаттарыңыздың орындалуын тілейміз. Туған жеріңізге үлес қосатын азамат ретінде әрдайым биіктерден көріне беріңіз!

 

Гүлсана МИРАМОВА,

Х.Наубетов атындағы орта мектептің

11-сынып оқушысы. Жанбай ауылы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT