Күздің алғашқы күні – еліміз үшін ерекше мереке. 1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күн – кішкентай бүлдіршіндер үшін мектеп табалдырығын аттап, үлкен өмірге жасаған алғашқы қадам болса, ұстаздар мен оқушылар үшін жаңа білім мен жетістікке бастайтын жарқын сәт.
Исатай ауданындағы барлық мектептерде салтанатты алғашқы қоңырау соғылып, жаңа 2025–2026 оқу жылы басталды. Біз Өркен орта мектебінде өткен мерекеге куә болдық. Биыл мектепке 322 оқушы қадам басса, олардың ішінде 28 бүлдіршін алғаш рет мектеп партасына отырды. Шараға ата-аналар мен ауыл тұрғындары да жиналып, балалардың қуанышына ортақтасты.
Салтанат еліміздің Мемлекеттік Туы енгізіліп, Әнұран орындалуымен басталды. Алғашқы сөз кезегін алған мектеп директоры Лора Мұхтарова жаңа оқу жылының табысты болуына тілектестік білдіріп:
– «Білімді ұрпақ – еліміздің ең басты байлығы» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін әрбір шәкірт ұран етуі тиіс. Президент 2026 жылды «Білім және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялау бастамасын көтерді. Сондықтан балаларымыз ғылымға ұмтылып, ізденімпаз, отаншыл болып өсуі қажет, – деді.
Мерекеде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева құттықтау сөз сөйлеп, бірінші сыныпқа қадам басқан балаларға ақ жол тіледі:
– Сіздер кішкентай тарыдай болып келіп, таудай талаппен үлкен өмірге қадам бастыңдар. Алдағы он бір жылда ұстаздарыңыздың үмітін ақтайтын азамат болыңдар. Өркен мектебі 2027 жылы реновация бағдарламасы аясында жаңарып, заманауи білім ордасына айналады. Бұл – бәріміз үшін үлкен қуаныш, – деді ол.
Жиында ауыл тұрғыны, көпбалалы ардагер әже Бақыт Сиғуатова шөбересі Айшаны мектепке жетектеп әкеліп, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті. Ал ата-аналар атынан сөз алған Райса Жасмағамбетова:
– Бүгін – біздің балаларымыз үшін аса маңызды күн. Ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Біз, ата-аналар, сіздерге сенеміз және қолдауға әрдайым дайынбыз. Балаларымыз білімді, тәрбиелі болып өссін, – деп тілегін жеткізді.
Мерекенің ең әсерлі сәті – алғашқы қоңыраудың күмбірі болды. Сол қоңырау үні білім айдынына аттанған барлық шәкірттердің болашағына жол ашқандай әсер қалдырды.
Жаңа оқу жылы әр ұстаз бен оқушыға табыс, шығармашылық шабыт, береке әкелсін! Алғашқы қоңырау – болашаққа бастар сенімді қадам болсын!
Камилла ҚҰРМАНҒАЗИЕВА