Білім мен ғылымға салынған инвестиция – Қазақстан болашағының кепілі

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім мен ғылым саласына қатысты айтқан пікірі – еліміздің интеллектуалдық, экономикалық және технологиялық дамуына бағытталған маңызды бағдар. Президенттің "бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті" деген сөзі ел болашағына салынған стратегиялық қадамның нақты дәлелі.

Соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Зерттеу университеттері мен олардың өндіріс саласымен байланысы – ғылым мен тәжірибе арасындағы алшақтықты қысқартып, нақты өнім мен инновацияны бірге дамытуға жол ашып отыр. Бұл – еліміздің ғылымды нарыққа бейімдеудегі үлкен жетістігі.

Коммерцияландырылып жатқан 300-ге жуық ғылыми жоба – инновациялық экономиканың негізі. Бұл көрсеткіштер отандық ғылымның енді тұйық кеңседе емес, нақты өндірісте, нарықта, өмірде жұмыс істей бастағанын білдіреді.

Сонымен қатар, 33 халықаралық ЖОО филиалының ашылуы – Қазақстанның білім беру кеңістігін жаһандық стандарттарға жақындатуға бағытталған батыл қадам. Бұл студенттер мен жас ғалымдарға әлемдік тәжірибені игеріп, ел игілігіне қолдануға мүмкіндік береді.

Президент атап өткендей, жас ғалымдарды қолдау, ғылымды құқықтық тұрғыда нығайту, инжиниринг орталықтарын құру – барлығы да еліміздің инновациялық және технологиялық серпілісін қамтамасыз етуге арналған бастамалар.

Қорыта айтқанда, бұл – уақыт талабына сай әрі болашаққа нық қадам. Білім мен ғылымға салынған инвестиция бүгін болмаса да, ертең еселеп қайтатын ұлттық капитал. Ендігі міндет – осы қарқынды сақтау және әрбір қазақстандықтың осы үрдіске атсалысуына мүмкіндік жасау.

 

Әсел ТАБИҒАТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT