Жақында аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен мекемелер арасында «Isatai Quiz League» атты интеллектуалды ойыны өтті.
Республика күні мерекесіне орай қолға алынған бұл жоба — аудан жастары мен түрлі сала қызметкерлерін бір арнаға тоғыстырып, білім мен зейінді, тапқырлық пен жылдам ойлауды ұштастыруды мақсат етеді.

Ойын 5 айналымнан тұрады, оған 12 команда тіркеліп, алғашқы айналым сәтті өтті. Барлық командалар ойынның соңына дейін қатысып, әр айналым сайын ұпай жинау арқылы үздік команда анықталады. Мұндай жүйе қатысушылардың тұрақтылығын, қызығушылығын және білімге деген ынтасын арттыруға бағытталған маңызды жоба десе болар.

Интеллектуалды сайыс барысында қатысушылар тарих, мәдениет, спорт, логика, танымдық деректерді қамтитын түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап берді. Жастар ресурстық орталығының басшысының айтуы бойынша, әр айналым сайын белсенділік танытқан, ерекше көзге түскен командалар мен ойыншыларға ынталандыру сыйлықтары табысталады екен.

- Isatai Quiz League» ойыны - тек жарыс емес, ол ой еркіндігін, білімге құштарлықты және ұжымдық рухты қалыптастыратын орта. Біздің мақсатымыз — жастар мен қызметкерлердің бос уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беру, әрі олардың таным көкжиегін кеңейту. Әр айналым сайын қатысушылар жаңа әсер мен тәжірибе жинайды, бұл өз кезегінде ұжымдық қарым-қатынасты нығайтады, – дейді орталық басшысы Нұрдаулет Ателов.

Айта кетейік, интеллектуалды жобаның жалпы жүлде қоры – 300 мың теңге. Ал «Isatai Quiz League» – білім мен бәсекені үйлестіріп, жастардың логикалық ойлау қабілетін, тапқырлығын және ұжымдық ынтымағын дамытуға арналған аудандық деңгейдегі тың жоба. Осылайша апта сайын жалғасын табатын болады.
Камилла КАКИМҚЫЗЫ


