Білімнің шамшырағы – технологияны игеру

 

Мемлекет басшысы жолдауында: «Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін мектеп қабырғасынан қолға алуымыз керек» деген ойды айтты. Бұл – уақыт талабынан туған дана шешім. Қай дәуірде болмасын, елдің қуаты – білімді ұрпақтың қолында. Кезінде бізге қағаз кітаптың қадірін, қаламның қасиетін үйреткен ұстаздар болды. Қазір жаңа дәуірдің шәкіртін тәрбиелеу үшін біз жаңа құралға жүгінуіміз керек.

Жасанды интеллектіні меңгеру – жай ғана техника үйрену емес, ол – ойлау мәдениетін қалыптастыру. Баланың бойына «алған ақпаратты сүзгіден өткізу», «қолданған технологияға тәуелді болмай, оны дұрыс бағытта пайдалану» дағдысын сіңіру аса маңызды. Өйткені жасанды интеллект – пышақ секілді: бір қолда – ас пісірер құрал, бір қолда – кесір әкелетін қару. Сондықтан оны қолдана білудің мәдениетін ерте бастан үйретпесек, кешігіп қалуымыз мүмкін.

Ұрпақ тәрбиесінде ұстазға артылар жүк қашанда ауыр. «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» дейміз. Біз шәкірттерімізге білім берумен қатар, олардың жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп, дұрыс бағыт көрсетуіміз қажет. Жасанды интеллектіні тек дайын жауап беретін құрал ретінде емес, білім іздеудің, ойды ұштаудың, шығармашылықтың көмекшісі екенін үйретсек, балаларымыз ертеңгі күні қай салада да бәсекеге қабілетті болады.

Меніңше, жасанды интеллектіні меңгеру – болашақ ұрпаққа берілетін ең үлкен мұраның бірі. Өйткені «заманға бейімделмеген – тарихта қалады». Біз елдің ертеңін ойласақ, шәкіртті ғылымға жетелеп, технологияны игертуді қолға алуымыз қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың көкірегінде білім шырағы жанып, елдің болашағы нұрланады.

 

Батима РАХМЕТОВА
ардагер ұстаз
Х.Ерғалиев ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT