Жарты ғасыр бойы тозығы жеткен үйлерде күн кешкен Тұщықұдық ауылының тұрғындары ақыры жаңа баспанаға қол жеткізді. Бір емес, бірнеше үй апатты деп танылып, қабырғасы қақырап, іргетасы шөге бастаған көпқабатты үйлердің тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болды. Х.Дайырова, Болат жол көшелеріндегі 1960-1970 жылдары салынған ескі баспаналар талай жыл бойы ауыл тұрғындарының басын қосып келгенімен, соңғы кезде өмір сүруге қауіпті жағдайға жеткен еді.
Олардың осындай жағдайына бейжай қарамаған ауыл, аудан басшылығы мемлекет тарапынан мүмкін болатын жәрдемдерін жасауды қолға алды. Нәтижесінде биылғы жылдың 21 қаңтарындағы № 7 қаулыға сәйкес, апатты үйлерді иеліктен шығару туралы шешім қабылданды. Тиісті заңдылықтарға сай бюджеттен қаржы қаралды. Бөлінген қаражатқа ауылдан 3 бөлмелі, заманауи талаптарға сай келетін 17 жаңа тұрғын үй сатып алынды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейсовтің айтуынша, жаңа үйлердің ашық әрі әділ бөлінуі, алдымен жағдайы төмен, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілуі, балалардың мектепке, балабақшаға баруына қолайлы, емхана мен дүкенге жақын пәтерлер болуы да барынша ескерілген. Ең бастысы – үйлердің, әр отбасының жағдайы ескеріліп, тұрғындармен кеңесу арқылы нақты шешім қабылданған.
Енді міне, кешегі күні ауылдың Егемен Қазақстан, І.Сембаев, Х.Пазылұлы, Х.Дайырова, Т.Башпанов, Болат жол, Ш.Шәріпов, Абай көшелерінде орналасқан он жеті жаңа баспана тұрғындарға табысталды. Осы бір игілікті іске орай өткен шарада аудан әкімі Нұрым Мусин ауылдастардың баршасына ақжарма тілегін арнап, жаңа үйлі болып жатқандарға құтты болсынын айтты, мемлекет тарапынан жасалынып жатқан қамқорлықтарға тоқталды.
Жаңа баспана иелеріне пәтер кілттері салтанатты жағдайда табысталып, еңбек ардагерлері Шәріп Сыдықов пен Балғаным Қайырлиева керме лентаны қиды. Тұрғындар да бұндай қамқорлыққа зор ризашылықтарын білдіріп, ауыл үлкендері атынан Бақтығұл Абдуллин бата берген жиын бірліктің берекеге бастарын, тату жұрттың тойы тарқамасын тағы бір дәлелдей түскендей болды.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР