Бір қадам абайсыздық өмірлік шығынға әкеледі

ашық дереккөзден

 

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қылмысы тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде өзекті мәселе болып отыр. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы алаяқтық әрекеттердің жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашты. Бұрын алаяқтар бір-бірін танитын, бетпе-бет кездескен адамдар арасында әрекет етсе, бүгінде интернет-алаяқтық қылмыстары қашықтықтан, тіпті басқа қала немесе ел аумағынан жасалуда.

Аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетов тұрғындарды сақ болуға шақырды. Оның мәліметінше, алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі – өзін банк немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалуы екен.

–    Интернет-алаяқтар бүгінгі таңда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, жалған жарнамалар, сілтемелер мен хабарламалар арқылы азаматтардың сеніміне кіріп отыр. Ең қауіптісі – алаяқтардың өзіміздің ана тілімізде сөйлеп, өзін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстыруы. Алаяқтар азаматтарға «есепшотыңызға шабуыл жасалды», «сіздің атыңыздан несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. Артынша 1414 нөмірінен келген СМС кодты сұрап, «қауіпсіз есепшотқа» ақша аударуды талап етеді. Есте сақтаңыздар,  банк қызметкерлері телефон арқылы СМС код сұрамайды және қауіпсіз есепшот деген ұғым жоқ. Әлеуметтік желілерде «криптовалюта», «ірі компания акциялары», «жылдам табыс» деген жарнамалар жиі кездеседі. Мұндай хабарландырулардың басым бөлігі – алаяқтық.  Алғашында салған қаражатыңыз өсіп жатқандай жалған скриншоттар жіберіп, кейде аз мөлшерде ақша қайтарып, сенімге кіреді. Кейін ірі көлемде қаржы салуға көндіріп, байланысын үзіп кетеді. Сонымен қатар «жүлде ұтып алдыңыз» деп алдын ала төлем сұрау бұл да алаяқтардың айласы, – деп ескертті тәртіп сақшысы.

Тағы бір қауіпті бағыт – тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсынатын «обналичка» қызметі. Бұл да заңсыз әрі алаяқтық әрекетке жатады. Ал әлеуметтік желілер мен сайттарда арзан бағамен тауар сатамыз деп алдын ала төлем талап ететіндер де жиі кездеседі.

– Тауарды қолыңызға алмай тұрып, ешқандай алдын ала төлем жасамаңыз. Егер алданғаныңызды білсеңіз, алаяқпен сөз таластырмай, барлық хат-хабарды сақтап, дереу полицияға хабарласыңыз. Сондай-ақ алаяқтар фишинг сілтемелер арқылы азаматтардың әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұзып, таныстарының атынан ақша сұрайды.Атап айтсақ,  «Қарызға ақша керек», «дауыс беріп жібер» деген хабарламаларға бірден сенбеу керек. Міндетті түрде хабарласып, нақтылаған жөн. Ақшаны үшінші тұлғалардың есепшотына аудармау керек, – дейді баяндамасында полиция қызметкері.

Интернет кеңістігінде әрбір әрекетке мұқият болу қажет. Ақылсыз жасалған бір қадам адал еңбекпен жиналған қаражаттан айырылуға әкеп соғуы мүмкін. Полиция қызметкерлері мемлекеттік қызметшілерді  жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және кез келген күдікті жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT