БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ – саяси жүйені жаңғыртудың жаңа кезеңі

 

Дүйсенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңі – бір палаталы Парламент құру бастамасын ұсынды.

Мемлекет басшысының бұл ұсынысы – еліміз үшін тарихи шешім. Бұл қадам Қазақстанның саяси құрылымын жаңартудағы терең институционалдық өзгерістердің бастауы болмақ. Мәслихат төрағасы ретінде мен бұл бастаманы ашықтық пен әділеттілік қағидаттарына негізделген жаңа саяси мәдениеттің көрінісі деп бағалаймын.

Мемлекет басшысы реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескергендіктен оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлайтынын жеткізе келіп: 

- Содан кейін, яғни, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын,- деді. 

Президенттің қоғаммен кеңесу, талқылау арқылы шешім қабылдауды ұсынуы – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыру. Бұл – демократиялық даму жолындағы маңызды белес. Мәслихаттар мен азаматтық қоғам өкілдері осы процеске белсене қатысып, ортақ болашағымыз үшін салмақты пікір айтуы қажет.

Бір палаталы Парламентке көшу – басқару жүйесін ықшамдап, заң шығару үдерісін жедел әрі тиімді етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Парламенттің өкілеттілігін нақтылап, саяси партиялардың жауапкершілігін арттырады. Бұл өзгерістер мәслихаттардың рөлін де қайта бағалап, жергілікті өкілді органдардың тиімділігін күшейтуге жол ашады деп сенемін.

Мемлекет тағдырына қатысты осындай ауқымды шешімдерге бүкіл қоғам болып қатысу – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Осы тұрғыда біз, мәслихат өкілдері, бұл тарихи реформаны жан-жақты зерделеп, халықпен ашық диалог жүргізуге әрқашан дайынбыз деп сеніммен айта аламын.

 

Аманжол РАХМЕТОВ,
аудандық мәслихаттың төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT