Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ойлар елдің саяси дамуы жаңа, жауапты кезеңге аяқ басқанын айқын көрсетті. Президенттің биылғы жылды Қазақстанның келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды белес ретінде атауы – қоғам алдына қойылған міндеттердің салмағын аңғартады.
Ауқымды саяси жаңғырудың өзегі саналатын парламенттік реформа – ұзақ уақыт бойы жан-жақты талқыланған, қоғамдық пікір ескерілген бастама. Бір палаталы Парламентке көшу мәселесінің халық тарапынан қолдау табуы – билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың нақты нәтижесі. Бұл реформаның жабық кабинетте емес, заңгерлердің, сарапшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, ең бастысы – қарапайым азаматтардың қатысуымен пісіп-жетілгені ерекше маңызды.
e-Otinish платформасы мен Egov порталында арнайы бөлім ашылып, ел азаматтарының ұсыныс білдіруіне мүмкіндік жасалуы – мемлекет басқару ісіне халықты тікелей тартудың үлгісі. Жарты жылға жуық уақытқа созылған талқылаулар, жұмыс тобының бірнеше мәрте жиналуы, Мемлекет басшысының бұл процесті тікелей бақылауда ұстауы – қабылданатын шешімнің қаншалықты байыппен, жауапкершілікпен қарастырылғанын көрсетеді.
Аудандық қоғамдық кеңес ретінде біз бұл реформаны ел мүддесіне бағытталған, уақыт талабынан туған қадам деп бағалаймыз. Парламенттің құрылымы, депутаттар саны, жұмыс істеу тетіктері жөніндегі пікірталастардың өзі – қоғамның саяси сана-сезімі өсіп, мемлекеттік басқару ісіне бей-жай қарамайтынын аңғартады.
Ең бастысы – бұл өзгерістерде ортақ бағыт бар, қоғамда айқын мәміле қалыптасты. Президент атап өткендей, бұл – асығыс шешім емес, терең сараптаудан өткен, елдің ұзақ мерзімді дамуын көздейтін реформа.
Алдағы уақытта да қоғамдық кеңестер өңірлерде халықтың пікірін жеткізетін, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін маңызды алаң бола береді. Ел тағдырына қатысты мұндай шешуші кезеңде қоғам мен биліктің бір бағытта әрекет етуі – тұрақты дамудың кепілі.
Парламенттік реформа – тек басқару жүйесін жаңарту емес, халық сенімін күшейтетін, мемлекеттің болашағын айқындайтын тарихи қадам.
Самат Есенов,
Исатай аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы



