Бір шаңырақ астындағы бауырластық

 

«Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді халқымыз. Бүгінгі таңда қазақ жерін мекендеген әр ұлт өкілі осынау кең байтақ даланы өз үйіндей көріп, татулық пен түсіністікті басты құндылық санайды. 

Қазақ халқының кеңпейілділігі мен дарқан мінезі көптеген ұлттың жаңа өмір бастауына мүмкіндік беріп, жүректерге үміт ұялатты. Бұл күн тек мерекелік көңіл-күймен ғана емес, елдегі ұлтаралық достықтың, өзара құрмет пен сенімнің белгісі ретінде де бағаланады. Өңірлерде ұйымдастырылатын мәдени шаралар арқылы түрлі ұлттар бірін-бірі жақыннан танып, рухани тұрғыдан тоғыса түседі. Осындай басқосулар ұрпақ санасына татулық пен бауырмалдықтың маңызын сіңіреді. Халқымыз тарихтың талай сын сағатында бірлік арқасында қиындықтарды еңсеріп келді.

Тәуелсіз мемлекет ретінде алға басқымыз келсе, алдымен өзара түсіністік пен татулықты сақтауымыз қажет. Себебі ынтымақ – ел тұрақтылығының өзегі, бейбіт өмірдің бастауы. Қазіргі әлемде ұлтаралық жанжалдар жиі орын алып жатқан шақта, Қазақстан көпшілікке келісім мен бірлік үлгісін көрсетіп келеді. 1 мамыр – әр азамат үшін мақтанышқа толы күн. Ортақ мақсат, бір тағдыр, ортақ болашақ идеясы осы мейрамның жүрегінде жатыр. Бірлік пен келісімді сақтау – келешек ұрпақ алдындағы аманат. Берекенің бастауы – бірлік. Ал бірлігі бекем елдің болашағы баянды. 

Желкілдеген жусан иісімен, Жайықтың ерке самалымен тыныстап тұрған  Исатай ауданы – тек табиғатымен ғана емес, бірлігімен де дараланған мекен. Тарихтың да, тағдырдың да талай тарауын бастан кешкен осы бір қасиетті өңір – бүгінде ел ішіндегі татулық пен түсіністіктің жарқын үлгісіндей. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аудан салт-дәстүрге берік, тілі мен діліне мығым жұрттың мекені. Мұнда қаншама ұлт өкілі тұрса да, бәрі қазақ тілін меңгеріп, осы өлкенің рухани кеңістігіне сіңісіп кеткен. Бұл – елдіктің, ішкі бірліктің ең асыл көрінісі іспетті.

Исатай ауданында қазіргі таңда 38 өзге ұлт өкілі тұрады. Олардың дені – аудан орталығы Аққыстау ауылдық округіне шоғырланған.  Тарихтың да, тағдырдың да талай тарауын бастан кешірген бұл мекен бүгінде бейбіт күннің бесігіне айналған. Бөтен деп бөлмейтін, жатсынбай бауыр басатын исатайлықтардың кең жүрегі өзге ұлт өкілдерін де осы елдің бір мүшесіне айналдырып отыр.

Сандарды сөйлетсек,  аудан аумағындағы этностардың басым бөлігі – орыстар (13 адам). Одан кейінгі орында – шешендер. Аймақтағы танымал тұлғалардың бірі, «Құрмет» орденінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Зелимхан Асабалыұлы Зубариевтің әулетінен 9 адам тіркелген. Бұдан бөлек, қарақалпақтар – 6, татарлар – 4, өзбек, украин, беларусь, кәріс, башқұрт және тәжік ұлттарынан бір-бір адамнан бар.Аудан аумағында жалпы саны 6 отбасында отағасы өзге ұлт өкілі. Оның біреуі – шешен, бесеуі – орыс ұлтының азаматтары. Қалғандары – қазақ азаматтарына тұрмысқа шыққан өзге ұлт өкілдерімен құрылған отбасылар.

Мұнда бір назар аударарлық жайт – өзге ұлт өкілдерінің барлығы қазақ тілін меңгерген, жергілікті халықпен араласып, күнделікті тұрмыста қазақша сөйлейді. Бұл – Исатай жұртының тілге, дінге деген құрметінің, өзге ұлттарға деген ашық көңілінің нәтижесі. Өйткені бұл жерде бөтен ешкім жоқ. Осы топырақты басып жүрген әрбір адам – осы елдің перзенті. Бұл – ауызбіршіліктің алғышарты саналатын рухани құндылықтардың бағалануының айғағы.

 

Венера Мухитова,
Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT