«Күшіміз – бірлікте» атауымен «Асемай» мейрамханасында көктемгі тасқын су кезінде белсенділік танытып, ерен еңбек еткен ауыл жастары мен жергілікті тұрғындарға, округтер, мекеме, ұйым басшыларына құрмет көрсету мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен салтанатты шара өткізілді.
Оған аудан әкімі, салалық бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, түрлі саланың қызметкерлері, ауыл азаматтары қатысты. Дастарханды бас имам құран оқып ашса, артынша биылғы тасқын су барысы және бал соғу жұмыстары туралы арнайы түсірілген қысқаша бейнебаян көрсетілді.
Мерекелік шараны құттықтау тілекпен ашқан аудан әкімі Нұрым Мусин тасқын су кезінде тынымсыз еңбек еткен барша ауыл тұрғындарына өз ризашылығын білдірді.
-Тасқын судың алдын алу кезінде әрбір тұрғын өз туған ауылы, отбасы үшін қолына күрек алып, қапшық қаптап, ерен еңбек етті. Былайша айтқанда, ауызбіршілік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Әрине, төтенше жағдайдың алдын алу бағытында қызмет еткен бірнеше жүздеген тұрғынның барлығын бір уақытта жинау мүмкін емес.Бүгінгі күні осы жерде сіздерге көрсетілген құрмет аудандағы барлық еріктілердің атына жасалған құрмет деп білерсіздер. Жалпы ауданда судан қорғану кезінде 78 шақырым бөгет соғылған. Каналдардың жиектері көтеріліп жаңадан бал соғылды. Мұның барлығына да мердігер мекемелер мен компаниялар тарапынан көптеген техникалар тартылды. Аудандық бюджеттен жанар-жағармай қаржысы шығарылса, басқа өңірлердегі сияқты техника жалдауға немесе азық-түлікке бюджеттен қаржы бөлінген жоқ.Оның барлығы ауыл ағаларының, кәсіпкерлер мен шаруагерлердің, әрі белсенділердің арқасында жүзеге асты,- деген ол мекеме-ұйым ұжымдары мен еріктілерге Алғыс хаттар табыстады.
Алдымен аудан аумағында тасқын судан қорғану шараларын дер кезінде ұйымдастырып, 13 шақырым бөгет соғу жұмыстарына қосқан үлестері үшін Аққыстау ауылдық округінің еріктілері, 9,7 шақырым бөгет соғу жұмыстарына белсенді араласқан қамысқалалық еріктілер, 9,3 шақырым бөгет жұмысына атсалысқан тұщықұдықтық еріктілер, сонымен қатар 7,6 шақырым бөгет тұрғызған Жанбай ауылдық округі еріктілері мен 4,6 шақырым бөгет соққан Томан елді мекені еріктілері Алғыс хат иеленді. Сондай-ақ Исатай, Зинеден, Нарын ауылы еріктілеріне де Алғыс хат табысталды.
Келесі кезекте аудан аумағында тасқын судан қорғану шараларын ұйымдастыруға атсалысып, бөгет соғу жұмыстарына белсенді қатысқан бір топ ұжым басшылары мен азаматтар ыстық ықыласқа бөленді. Атап айтсақ, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, «Потенциал Ойл», «Светланд Ойл»-Әбілхарес», «Атырау-Жарық», «Таза су» мекемесі, «Атырау су арнасы», «Ақжол» мен «Атырау жолдары» және басқа да бір топ азамат ұлығыланды.
Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты, облыстық штабтың мүшесі Нұрлан Қайреденов те өзінің жылы лебізін білдіре келіп, Мерей Сүпіғалиевке, Құрманғали Мұхтаровқа, Нұрғали Шахуовқа «Апатпен күрескені үшін» төсбелгісін тарту етті.
Осылайша, кезекті марапат легі одан әрі жалғасты. Сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштаховқа жолданып, ол өз кезегінде Мұрат Бектенов, Есенгелді Отаров, Мерген Сапашев сынды ел ағаларына «Ел ағасы» төсбелгісін тағып, бір топ азаматқа Алғыс хат берді.
Одан әрі осы бағытта құттықтау сөз сөйлеген аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов мектеп, балабақша, саз мектебі, мәдениет үйі, оқушылар үйі, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма-сы, жастар ресурстық орталығы ұжымы басшыларына құрмет көрсетті.
Сондай-ақ облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы атынан аудан әкімінің орынбасары Н.Әбежан да төтенше жағдай кезінде белсенділік пен ұйымдастырушылық танытқан бір топ азаматшаға өз марапаттарын ұсынды.
Осы жерде атап айта кетерлік нәрсе, шара кезінде қиын-қыстау кезеңде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен бірде-бір азамат пен азаматша марапаттаудан тыс қалған жоқ. Бұдан бөлек ауыл өнерпаздары да шараның жақсы өтуіне өнерлерімен атсалысып жатты. Осылайша мәнді де мағыналы өткен шара соңында ұйымдастырушылар өз ізгі тілектерін ақтарып, барша ауыл тұрғындарына алғыстарын жеткізді.
Сағыныш Сайлаубайқызы