Бір топ исатайлықтар марапатталды

Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында денсаулық сақтау, спорт салаларының және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандарын қабылдады.

Олар жаһанды жаулаған індетпен күресте қажырлы еңбегімен көзге түскен ақ халатты абзал жандар, байрақты бәсекелерде аудан намысын қорғап, атой салып жүрген спортшылар, олардың жаттықтырушылары және ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еңбек сіңірген жандар.

Аудан басшысы алдымен жиналғандарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Сондай-ақ сала мамандарының өңірге сіңірген еңбектеріне тоқталып, өз қызметінде асқан жауапкершілік пен табандылықтың арқасында көзге түскен бір топ азаматтарға марапаттар табыстады. Олардың ішінде ауданның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Бақытгүл Қартмағанбетова, аудандық аурухана директорының орынбасары, терапевт, реаниматолог Сержан Сандыбаев, Нарын дәрігерлік амбулаториясының фельдшері Берхат Ерғазиев, аудандық аурухананың мейірбикесі Әнім Зұлпыхарова, аудандық аурухананың кіші мейірбикесі Гүлмира Жүкешова, аудандық аурухананың көлік жүргізушісі Самиғолла Жүкешовтер «Халық алғысы» медалін кеуделеріне тақса, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежанға ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінің директоры Руслан Әлішовтің алғыс хаты ұсынылды. Ал, ҚР Қарулы Күштер «Әскери барлау ардагерлерінің одағы» ҚР қоғамдық ұйымының «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің әскери қызметке, әскерге шақыру жөніндегі инспекторы Сәнім Қарабалинаға табысталды.

Аудан басшысы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бұрхан Оралбековті, аталған спорт мектебі директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары, спорт жаттықтырушысы Роллан Қадыржановты және ағымдағы жылдың қараша айының 27-30 күндері аралығында Румынияның астанасы Бухарест қаласында армрестлингтен әлем біріншілігі және пара-армрестлингтен әлем чемпионатында үздік өнер көрсеткен жерлестеріміз Алмагүл Қанатова, Әсия Нәбиева және Аслан Қайрушевті өзінің алғыс хатымен марапаттады.

Басқосу соңында Бақытгүл Қартмағанбетова және Роллан Қадыржанов көрсетіліп жатқан құрмет үшін сала мамандары атынан аудан басшысына жылы лебіздерін білдірді.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521