Бір ұядан қанат қаққан қос ақын

Берісін айтқанда, Хамаң мен Фариза ақын секілді біртуар тұлғалардың тал бесігі болған ауданымызда күні бүгін суырыпсалма өнерді жанына серік қылып, ұлт мұрасын насихаттап жүрген ақындар аз емес.

Кезінде Атырау облысының намысын арқалап, елдік додаларда еркін көсілген Шынарбек Қабиев, әлі күнге шабысынан жаңылмаған шайырымыз Саадат Нұрмановтың соңынан ілескен буын жайлы да біраз әңгіме айтуға болады. Солардың бірі, қазіргі Атырау айтысының алдыңғы қатарында жүрген ағайынды Айзада, Өнербек Дәулекеновтер еді.

Жанбай ауылында туып-өсіп, сондағы Х.Нәубетов атындағы орта мектептен білім алған ағайынды айтыскерлердің өнер көгіне қаққан қанаттары да осы мектеп қабырғасында бекіді. Ниетқали әке мен Әрия ананың ұяда сіңірген тәлім-тәрбиесі, өнерлеріне берген қолдауы апалы-інілі айтыскерлердің шығармашылығын шыңдай түсті.

Кішкентайынан-ақ айтыс десе ішкен асын жерге қоятын Айзада алғаш рет жыр додасына 9-сыныпта оқып жүрген кезінде қатысыпты. Оның бойындағы талантты жазбай танып, осы өнерге ең алғаш баулыған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар Исмурзинаның да еңбегі зор. Жастайынан өнерге қанат қақтырған ұстазының жетекшілігімен Айзада сан мәрте аудандық, облыстық оқушы ақындар айтысы мен жыр мүшәйраларында топ жарды.

2008 жылдың жаз айларының бірі болуы керек. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде «Ақ жүрекпен айтарым» атты белгілі айтыскер ақын Саадат Нұрмановпен кездесу кеші өтті. Соның алдында ғана «Қазақстан» ұлттық арнасының тікелей эфирінде ұйымдастырылған «Айтыс Қазақстан чемпионаты» атты республикалық ақындар айтысында шын мықтылармен қатар келген жергілікті айтыскердің өнерін қалт жібермей, тақым қысып, тілеуін тілегендердің бірі осы Өнербек еді. Аталған кеште ағасына ақжарма тілегін арнау-жыры арқылы жеткізген жас ақынның сөз саптауы Саадат ағасына ерекше ұнапты. Сол сахнада ел алдында бата беріп, арқасынан қаққан ағасы жақын арада Алаш ардақтысы – Халел Досмұхамедовтің 125 жылдығына орай өтетін облыстық ақындар айтысына шақырды. Бұған дейін аудандық оқушылар айтысында ғана бақ сынаған Өнербектің үлкен өнерге деген қадамы осылай басталған-ды.

Атырау айтысын ұйымдастырушы, аймақ ақындарының ұстазы саналатын Қазақстан Жазушылар Одағы және Халықаралық жыршы-термешілер мен айтыс ақындары Одағының облыстағы филиалы төрағасы Қойшығұл Жылқышиевтың еңбегін де ерекше атай кеткен жөн. Айзада мен Өнербек – қазыналы аймақтағы айтыс өнерін өркендетуге барын салып жүрген Қойшағаңның топқа салған көп жүйріктерінің екеуі ғана.

АТЫРАУДЫҢ «АЙНҰРЫ»

Айзада да, Өнербек те - өрнекті жырларымен, ұтымды ойларымен тыңдарманын таба білген ақындар. Қыз балаға тән байсалдылықты, әдептілікті сақтай отырып, қарсыласын да мақтай отырып «мақтамен бауыздайтын» Айзададан айтыс сахнасында айласын асырғандар кемде-кем. Ата дәстүрді де, жөн жоралғыны да біркісідей білетін ақын қызды қалжыңмен қағытамын дегендер де «опа таппады». Жасы үлкендермен айтыста «ағалап» отырып, елдің ойындағысын тебірене толғады ол. Жүлде жағына келгенде де ешкімнен кем түскен жоқ. Айтыс сайын қанжығасы құр қайтпайтын Айзаданы «Атыраудың Айнұры» десек те еш қателеспейміз.

Бүгінде облысымызда халықаралық, республикалық деңгейдегі айтыстар жиі өтіп жүр. Атырау қаласында ұйымдастырылған соңғы екі бірдей айтыс ағайынды ақындарға сәттілік сыйлады. Амал мерекесіне орай өткен сөз додасында небір танымал Мұхтар Ниязов, Дидар Қамиев, Мейірбек Сұлтанхан сынды мықтылардың арасынан дара шыққан Айзадамыз бас жүлдені иеленіп, абыройымызды асқақтатты.

Сахнаның сәні болған Айзада – өмірде Батырбек есімді азаматтың сүйікті жары, Нұриман, Дінмұхаммедтей қос ұл тәрбиелеп отырған мейірімді ана.

АТЫНА САЙ АЙТЫСКЕР

Өнербек – ойлы ақын. Ол өлеңін сұлудың бұрымындай көркем өретіндігімен ерекше, арзан әзілдің немесе шоу жасаудың емес, салмақты ой мен ұтымды сөз айтуға бейім. Бірақ, шыны керек, кейде сахнада ақындық қабілетінен әртістік қыры басым тұратындарға көбірек көңіл бөлініп, жеңіл-желпі әзілдерге деген көрерменнің бір сәттік көңіл күйі ескеріліп, салмақты сөз сараланбай қалып жататын кездер де болатыны жасырын емес. Сондай тұстарда тауы да шағылып үйренген Өнербек бүгінде әбден шыныққан, шыңдалған ақын болып алды.

Атына таланты сай айтыскер биыл «ТеңізШевройл» компаниясының жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіп тұратын жыр бәйгесінің бас жүлдесін қанжығаға байласа, күні кеше ғана Астана қаласының 20 жылдығына арналған республикалық жас ақындар айтысында топ жарып, жеңімпаз атанып, мерейімізді және бір өсірді.

ҰСТАЗДЫҚ ТА БІР ӨНЕР

Апалы-інілі айтыскерлер бүгінде облысымыздағы іргелі білім мен өнер ордасы саналатын Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясының ақын-айтыс бөлімінде мұғалім болып қызмет атқарады.

Айтыс өнеріне қабілетті оқушыларды тәрбиелеп, оларға суырыпсалмалық өнердің қыр-сырын үйретіп жүрген ақын ұстаздар көптеген шәкірттерді түлетті де. Олардың өнер мектебі қабырғасында жүріп оқушылар арасындағы облыстық, республикалық айтыстар мен жыр мүшәйраларында жүлде салған оқушыларының алды бүгінде аға-әпкелерімен де үзеңгі қағыстырып, таныла бас-тады.

Өзің білу бір өнер болса, оны өзгелерге үйрете білу - кез келгеннің бойынан табыла бермейтін ерекше қасиет. Бұның өзі біз әңгіме қылып отырған ағайынды айтыскерлердің қарым-қабілетінің өзге үзеңгілестерінен бір бас биік тұрғандығын білдірсе керек.

«Шынымен мықты болса, бұл қос ақын неліктен республикаға танымал емес?» деген сауал туындауы мүмкін. Оған да жауап бере кетейік. Қазір өкінішке орай, басқа да өнер түрлері секілді, танымал болуың үшін бойыңдағы дарының мен білімің ғана жеткілікті бола бермейді. Айтыскер ақынды ауыл аралап іздеп жүретін заман да өткен. Өйткені, олардың қатары күн санап көбеюде. Ал, республикалық деңгейдегі айтыстарға жиі шығып тұру үшін ұйымдастырушыларға қоңырау шалып, өзіңді ұсынып, қысқасы «пысықтық танытып» тұрудың да қажеті болады. Ал, біз әңгімемізге арқау қылып отырған ағайынды ақындар болса, өзін жарнамалап жүруді жаны сүймейтін өнерге адал жандардың қатарында. Бұл да ақынға қажет мінез.

АҚЫНДЫҚ – ҚАНДАРЫНДАҒЫ ҚАСИЕТ

Қос ақынның Дәулекен деген аталары бір рулы елге бәтуа айтқан ақылгөй ақсақал болыпты деседі үлкендер. Білетіндер ол кісіні сөзге шешен, тапқыр, білгір адам екендігін айтады. Ал, Нарында өткен атақты Шоқаштың Құсайыны атты ақын Айзада мен Өнербектің анасының нағашысы екен. Аналарының бір туған бауыры - ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Адайбек Есекешті аудан жұртына таныстырудың өзі артық. Осыдан-ақ қос ақынның бойына бұл өнер атаның қаны, ананың сүтімен дарығанын білуге болады. - Бойымыздан таланттың ұшқыны байқалып, ел ақын деп танып жатса, бұл - ең алдымен Алланың берген сыйы. Сондай-ақ, өнер атаның қанымен, ананың сүтімен дариды деп жатады. Әкеміз де өнерден құр алақан емес, кезінде домбырада шебер ойнап, ән айтқан. Анам болса жергілікті ақындардың өлеңдерінен, жыршы-термешілердің толғауларынан үзінділер айтып, бізді үнемі шабыттандырып отыратын. Анамның бауыры, туған нағашымыз Адайбек Есекеш - ауданымыздың мақтанышы, есімі елге танымал ақын, - дейді Айзада. Ағайындылар қазақ ақыны ең алдымен халқын сүйетін, елді ынтымақ-бірлікке шақыратын, имандылыққа үндейтін азамат болуы керек деген пікірде. Иә, кезінде екі рулы елді бір ауыз сөзімен жарастырып, артына өшпес насихат қалдырған бабалардың бүгінгі ұрпағының бойына осы құндылықтар ауадай қажет. Сол қасиеттерге толы жүректеріңнен жауһар жыр төгіле берсін дейміз бір үйден шыққан қос ақынға.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521