Байқағанға биылғы көктемнің келісі бөлек. Бұл жылдың қысы да жылылық танытумен өткен, көктемі де ерекше мейірін төге жеткен жайы бар. Жан-жағымыз жаймашуақтанып, көңілің көктем лебімен қуаттанып жатқан кезде әз Наурыздың алғашқы белгісіндей болып үлкен-кішінің көңілін үлпілдеткен көрісу де келіп қалды.
Осы бір көрісу дәстүрін сөз еткенде көп жайт ойға оралады. Алдымен, мұнда сыйластық бар. Үлкеннің кішіге арнайылап барып хал-жайын білуі соның айғағы, яғни үлкенді сыйлау, құрметтеу сияқты қазақи қалпымыз бар. Осы күні кездескен екі адам бір-біріне міндетті түрде қос қолын беріп амандасатын болған. Әрине, жасы кішісі алдымен қолын ұсынады. Үлкендер болса, ылғи да жастардың көрісуін дәметіп, күтіп отырған. Бұл енді үлкендерден құлаққа құйып алғандарымыз. Өзіміз де кезінде осы Нарын аймағына аты шыққан абыз ақсақал, жүз жасаған қос ғасырдың куәсі Нұрманұлы Сидеғали атамызға талай рет көрісе барып, ақ батасын алғанымыз ойға оралғанда көңілді әлі қуаныш билейді. Сол күні алды тоқсанға таялып қалған ауыл үлкендерінен бас-тап атаның үйі қонақтан арылмайтын. Сол сәттерде қазақтың «көңіл көңілден су ішеді» дейтін сөзі де анық көрініс беріп, көңілі көтерілген абыз ақсақал шешіле әңгіме шертіп кететін-ді кейде...
Міне, бүгін де сол күн, - көрісу күні. Осы сәтте ойыма аққыстаулық ақсақал Мұрат Шахуовпен сұхбат құрған бір жолы: «Жалпы, халқымыздың ұлы мерекесі Наурыз тойы ғой. Ол – күллі қазаққа ғана емес, барлық мұсылман баласына ортақ мереке. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі. Алайда, халқымыздың көне заманнан ауызша тараған күнпарағында жаңа жылды наурыздың 14-нен бастайды. Оның мәнісі – қашанда әр айдың 14-де ай толысады. Соған сай халқымыз бұл күнді айдың (жұлдыздың) бір жаңасы дейтіні белгілі. Қазақтың жырларында сұлу қызды «он төртінде толған айдай» деп жырлайды ғой. Осы 14 наурызда кішінің үлкенге, үлкеннің замандас, құда-жекжат, барлық мұсылман баласына сәлем беріп, қол алысып көрісуі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуымен әлі ұмытылмай келе жатқан жақсы дәстүріміз. Бұл көрісудің жаңа жылмен басталып, келесі жаңа жылға дейін мән-мағынасын жоймауының өзі ғажап қой»,-деп толғана сөз тиегін ағытқаны қазір де еске түсіп отыр.
Шүкір, бүгін де көрісудегі сыйластықтан сыр шертіп, осылай әңгіме өрбітіп отыратын ақсақалдар мен әжелеріміз аз емес. Мұрат ақсақал айтпақшы, бұл дәстүріміздің бір ғажабы, ол әлі күнге солай сақталуы, сыйластығымыздың сыны кетпеуіне солайша септесуі. Мысалы, алды алпысқа әлдеқашан емін-еркін еніп кеткен өз қатарластарымның іні-келіндер, балалар келіп көрісер деп дәметіп отыратынын анық білем. Осы күні сол жасы кішілердің ағаның үйіне арнайылап келіп көрісіп жататынына да куә болып жүрміз. Яғни, бүгінгі бұл көрісудің бір негізі осы сыйласу мен құрметте жатыр десек болғандай.
Иә, туған жерге тағы бір көктем оралып, жер жібіп, қардың суы сіңіп, түс әлетіндегі май тоңғысыз шуақ мамыражай күндердің жақындап келе жатқандығын сезіндіре түседі. Үйден шықпайтын үлкендердің өзі терезеден тысқа үңіліп, «және бір көктемге жеттім, және бір жасқа шықтым» деп күбірлейді іштей.
-Бала кезімізде біз де көп жайтты көңілге түйе қалдық. Ол уақытта қазіргідей емес, кәсіптің түрі аз, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан ел көктем келіп, жер қарайысымен бір-біріне барысып, аман-саулық білісіп, үлкендері құшақтаса көрісіп, кішілері қол бере амандасып, мәре-сәре болып жататын. Әке-шешеміздің «пәленшекеңе биыл көріспедік қой», «түгеншекең ауылында болмай қалып еді» десіп, келер айда да ат-көлігін қамдап, сапарлап кетіп жататындарын көретінбіз. Жалпы, бұл жыл бойына, келер жылға дейін жалғаса береді,-дейді Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Мұрат Бектенұлы ағамыз.
Міне, бүгін сол керемет дәстүріміз – көрісудің басталатын күні, жігіт-желең, қыз-қырқынның ауыл-ауылдарда үлкендерге арнайылап барып амандасып, есен-саулығын сұрасып, әңгіме-дүкен құрасып, тілеулес ниетін танытып, жайсаң қылығымен байытып кететін күні босаға аттады. Қазақтың көрісуінің болмыс-бітімі - осы. Бұл - халықтық қалпымызды бұзбайтын, алғыс-тілегі азбайтын, кеше мен бүгіннің жалғастығын қозғайтын жақсы бір дәстүр саналғалы қашан?!
Тағы бір тоқтала кетер тұсымыз - көрісудің тек батыс өңірлерге тән дәстүр делініп жүргендігі. «Әр елдің салты басқа...», кең-байтақ қазақ даласының әр тұсында оның халықтық қалпынан тін тартқан түрлі дәстүрлердің болуы заңды ғой. Біздің көрісуіміз соның біреуі әрі бірегейі ғана. Өйткені оның, жоғарыда келтіре кеткеніміздей, мәні мен мағынасы мол, тағылымы зор. Бұл дәстүр, бір қарағанда, «алдымыз – жаз» деп қуанған ағайынның арқа-жарқа шағы, әз Наурыз мейрамы қарсаңындағы қуанышты көңіл толқыны да іспетті әсерге бөлейді...
Көрісуде ынтымақ пен бірлік бар, тату тірлік бар. Ендеше, бір жасыңызбен, ағайын!
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР