Бір жеңімпаз, қос жүлдегер. "Барыс" таэквондошылары ірі додадан топ жарды

Алматы қаласында таэквондодан жасөспірімдер арасында екі күнге созылған (WT) Almaty cup республикалық ашық турнирі өтті.

 Еліміздің барлық өңірінен 150 -ге жуық спортшы қатысқан бұл турнирде «БАРЫС» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының шәкірттері де бақтарын сынады. 

Бағы мен бабы қатар келіскен кішкентай спортшыларымыз олжа салды. Атап айтсақ, Қайсар Қайса(24 келіде, 7-8 жас) қола жүлде еншілесе, Кәусар Есенғали (24 келіде, 9-10 жас) күміс жүлде иеленді, ал Аягөз Серік(24 келіде, 10-11 жас) айқын басымдылықпен қарсыластарын ойсырата жеңіп, чемпион атанды. Бұл сүйінші хабарды жас спортшылардың жетекшісі әрі бапкері Ғалымжан Қалиевтен білдік.

 

- Республикалық турнир жоғарғы деңгейде өтті. Жарысқа қызу дайындықпен бардық. Тіпті, шәкірттерім екі мезгіл облыс орталығына барып, 2 апта бойы оқу жаттығу жиынына үздіксіз қатысты. Қазақта "баласы атқа шапса, анасы тақымын қысар" дейді ғой. Тура сол сияқты, мен де шәкірттерім үшін қобалжып, бір жағы үлкен сенім артып бардым. Үміт ақталды, нәтижесінде қоржынға 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлде бұйырды. Шәкірттерім ішінен Аягөз Серік болашағынан зор үміт күттіреді. Алға қойған үлкен мақсаттары да бар.  Ал Қайсар Қайса, Кәусар Есенғали сынды балғындар Аягөздің жолын жалғап келеді. Олар жазғы демалысқа да қарамай, дайындыққа тұрақты келіп жүрді. Міне, оның да септігі тиді деп айта аламын. Біздер әлі де талай биіктерді бағындырамыз, - деді ол.

 

 

Сағыныш ҚАЙЫР 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT