Жасыратыны жоқ, соңғы біраз уақыттан бері елімізде нағыз еңбек адамына деген құрметтің азайып кеткені ешкімге құпия емес. Бұл - «Адамды адам еткен еңбек» демекші, қоғамдық қатынастар өзгерген қазіргі кезде еңбек адамы деп кімді бағалайтынымыз туралы ортақ пікірге келуге итермелеген жайттардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы мұның мән-мазмұнын арттырды. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді Ел Президенті.
Жалпы, бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз кім? Президенттің бастамасынан кейін-ақ кең тұрғыда қозғау салынып жатқан еңбек адамы жайлы айтылған жаттарға жан-жақты үңіле қарасақ, оның мәні мен маңызы айқындала түседі. Сол пікірлердің бір бөлегі еңбек адамы, ең алдымен, таза жұмыс істейтін адам деген ойды қозғайды. Өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адамды еңбек адамы деп есептейміз. Ол дихан бола ма, малшы бола ма, жазушы бола ма, өнер адамы бола ма бәрібір. Ол маңдай терін төге жұмыс істеуі керек-ақ.
Пікірлердің дені, өкінішке қарай, бізде еңбек адамдарын осы жағынан бағалау жетіспейтінін дөп баса айтқан. «Бізде кімнің тамыр-танысы көп, соның жолы болғыш. Кім пысық болады, соның жағдайы жақсы» деп бүгінгі күннің бір шындығын ашып салады. Еңбек адамы деген тек қана диханды не шопанды ғана білдірмейді, ол кез келген салада болуы шарт.
Мұның бәрі, жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі заманда таза, маңдай терімен тер төгіп, шынайы еңбек етіп жүрген адамдардың еңбегі шынайы әрі жеткілікті бағаланбайтынын, соның салдарынан оған деген құрметтің азаюынан оның кім екенін түсіну жағы жетіспейтіндігін көрсетіп бергені анық деуге келеді. Содан кейін «еңбек адамы» дегенде тек далада, күн астында жұмыс жасап жүрген жандарды көрсетуге тырысатын болдық.
Осы бір тақырыпты тарқата түссек, еңбек адамы бір кездері, яғни кешегі кеңестер кезінде ең жоғарғы тап дейміз бе, топ дейміз бе, әлде бір ұжымның жиынтығы дейміз бе, қалай дегенде де, ең басты назардағы адамдар болғаны ойға оралады. Мұны «өткенді аңсау» деп өзеуреп шыға келетіндердің әрекетіне қосылмаймын, шындығы сол. Мысалы, сол заманда еңбек адамының ерен тұлғасын қалыптастыруға үндеген «ақ күріштің атасы» Ыбырай Жақаевтан бастап, белгілі малбегі Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөненбаеваның есімдері мен еңбектерін ел білсе, өзіміздің Мүсілім Нұрмұханов, Батан Ыбыраев, Мұқси Досқалиев сынды ондаған малбегілердің, Қадыржан Мағазов, Ақбатыр Қажиденов және де басқа механизаторлар мен жүргізушілердің, Шәмшиден Шәріпов, Ғатау Рамазанов секілді көптеген өнер майталмандарының есімдері сол еңбектің арқасында ауыл-ауданға әйгіленді. Бұл олардың еңбектерінің көрінуі, бағаланғандығы болды. Сол уақыттағы Социалистік Еңбек Ері деген атақты бір рет қана алып қоймай, оның екеуін, үшеуін қатар алып жатуы да сол еңбек адамдарының қадір-қасиетінің мықты екендігін көрсеткендігі өз алдына, солардың, солар арқылы еңбектің ерекше дәріптелуі де еді. Еңбек адамдарының осылай дәріптелуі еңбекке деген құрметті де арттырды. Сол кездері мектептің 5-6 сыныбы оқушылары болған өзіміздің Мәскеудегі партия съезіне қатысып, ауылына оралып келе жатқан Социалистік Еңбек Ері Мүсілім Нұрмұхановты тақпақтарымызды ойда жаттап, ән әуендерін көңілде хаттап, сол кездегі «салт-дәстүрдің» бәрін сақтап, ауыл ортасынан өтіп жатқан ұзын жолдың бойында күткеніміз ойдан кетпейді. Бір жылдары жоғарыдан келе жатқан әкімдерді құрақ ұша күтіп алу «дәстүр» болып тұрған уақытта еңбек адамына деген сол құрметіміз ойға оралып қоятын. Соңғы кездері, шынымызды айтсақ, еңбек адамдары осылай бағаланып жатыр дегенді ешкім айта алмайтын болды, соншалықты керемет құрметтеліп жатыр дегенді де көрмедік. Рас, жергілікті жерлерде жергілікті басшылар айтып жатты, алғыс беріп, сый-сияпатын жасап, мерекелерде марапаттап жүрді. Бірақ кеңес кезеңіндегідей құрметке, сыйға ие болу көрінбеді. Бұл арада жұмысшылар мен шаруаларды жілігі татымайтын жылтырақ дүниемен марапаттай салатын коммунистердің «құрметін» емес, жалпы қоғамның адал еңбекке деген құрметін айтып отырғанымызды оқырманымыз да түсінер деймін.
Өз басым ерінбей еңбек етіп жүрген жанның бәрін еңбек адамы деп білемін. Күнкөрістің қамын күйттеп, тіршіліктің күйбеңінен қолы бір босамайтын жандарға деген құрметіміз де ерекше қалыптасуы сол кезден бастау алған-ды. Өйткені қаршадайымыздан сондай еңбекқор кісілерді көріп өстік. Олар қоғамның жұмысы ма, елге ортақ іс пе еш қажымайтын. Әкелеріміз ертелі-кеш шаруашылықтың техникасын жөндеп, тракторын айдап немесе малын бағып келетін де, үйдің шаруасына білек сыбана кірісіп кететін. «Мен жұмыстан шаршап келдім, діңкелеп келдім» деген үлкендердің сөзін өз басым естіген емеспін. Аналарымыз да сондай еді. Таң қыла бере тұрып, сиырын сауып, өріске айдап, бала-шағасының ас-суын қамдап, ерін жұмысқа жөнелтіп, сосын өздерінің жұмысына үлгеріп кетіп жататын.
Мектеп бітіре салысыммен аудандық газетке қызметке іліккен өзім сол уақыттағы талай еңбек майталмандарымен таныс болғанымды, кейбірімен тілдесіп, тіркесіп жүргенімді қазір қуана ойға алып қоятыным да рас. Президент еңбек адамдарына көңіл бөліп, арнайы бір жылды соларға арнағалы да сол бір қуаныш көңілде қылаң беретін болып қалды.
Қазір заман басқа, заң басқа. Формация өзгерді. Социализмнен капитализмге секірдік. Сонымен бірге адамға, адам еңбегіне қатысты көзқарасымыз да жаңа түр тапты. Бұл күндері әйтеуір бала-шағасын жаутаңдатпай нанын тауып беріп жүрген әке мен шешеге рахмет айтып, тәубе дейтін болдық. Сөздің турасына көшсек, қазір әркім өзі үшін жасап жатқан тірлігінің арқасында мемлекетіміздің тірегі болып тұрған сияқты. Бірақ, мұндай қарекетпен ұзаққа бара алмаймыз. Сондықтан бізде нағыз еңбек адамының келбеті қалыптасуы керек. Ол, мысалы, өз ісін кәсіби деңгейде жоғары меңгерген дәрігер, программист, банкир, салық қызметкері, полиция қызметкері, токарь, теміржолшы, әкім, журналист, заңгер, шопан, саудагер, т.б. болуы тиіс. Осындай адамдар, қайталап айтқанды жөн көріп отырмын, өз ісін кәсіби деңгейде меңгерген, өз кәсібін шығармашылық тұрғыдан дамытуға қабілетті адамдар, тұрмыста қысылмай дәулетті өмір сүруі қажет. Сол кезде алыпсатар алаяқтардың пасық кеудесі үстемдік құрған бүгінгі қоғам өз ішінен түлеп, жаңа құндылықтар қалыптаса бастайды. Еңбек бағаланатын болады. Еңбек бағаланса, не нәрсенің болса да сапасы артады. Міне, сонда ғана біз «еңбек адамы кім?» деген сұраққа толық жауап беретін болармыз да.
«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі. Ең бас-тысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген Мемлекет басшысының халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз барын, кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын аларын, бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажеттігін де нақтылай түскені бар.
Иә, қазір жер-жерде, соның ішінде ауданымызда да атаулы жыл аясында атқарылып жатқан ірілі-ұсақты шаралар мен шаруалар баршылық. Жұмысшы мамандықтары иелеріне қадіри-қалінше көрсетіліп жатқан құрмет те жоқ емес. Президентіміздің өзі айтып отырғандай, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беруге тиіс. Сөйтіп еңбектің, еңбек адамының қадірі артқан қоғамда, елде алға жылжу бола бермек.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР