БІРДЕЙЛЕНДІРУГЕ БЕЙҚАМ ҚАРАУҒА БОЛМАЙДЫ

 

Ауыл шаруашылығы жануарларын міндетті бірдейлендіру және оларды есепке алу жөнінде «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Исатай аудандық аумақтық инспекциясы» мемлекеттік мекемесі жұртшылықты жан-жақты хабардар қылуға жұмыстануда. Бұл туралы, яғни жануарларды бірдейлендіруді (сырғалау, таңбалау) және есепке алуды жүргізу қажеттігі жайлы сауалдарымызға аталған мемлекеттік мекеме басшысының уақытша міндетін атқарушы Ризабек Жақсыбаев жауап берді.

-Ризабек Бақтыгерейұлы, алдымен, «Ветеринариялық бақылау және қадағалау қызметі немен айналысады және не үшін қажет?» деушілерге қысқаша жауап бере кетсеңіз.

-Ветеринариялық бақылау және қадағалау – ет, сүт және жануарлар денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе. Ол, яғни ветеринариялық бақылау және қадағалау мыналарды қамтиды: жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау (бруцеллез, аусыл, т.б.), мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау, жануарлардың күтімі мен ұсталуының талаптарға сәйкестігін тексеру, импорт және экспорт кезінде ветеринариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Бұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамдарға жануарлардан жұғатын аурулардың алдын алу, ветеринариялық заңнаманың сақталуын бақылау үшін қажет.

 

-Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дегеніміз не және ол неліктен соншалықты маңызды саналады?

-Жануарларды бірдейлендіру жануарлардың саулығын, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттың қауіпсіздігін бақылаудың кепілі болып табылады. «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын жануарлар ауруларының профилактикасы мен диагностикасы бойынша ветеринариялық өңдеулердің жүзеге асырылуын бақылау және қадағалау мақсатында әрбір жануарға бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін міндетті бірдейлендіруге жатады. Бірдейлендіруді жүргізу тәртібі мен мерзімдері ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген.

Жануарларды есепке алу рәсімі жануарларға жеке нөмір беруді қамтиды, ол жануар иесі қаланың, ауылдың мал дәрігеріне жүгінген кезде жүзеге асырылады. Бірдейлендіру нөмірін бергеннен кейін компьютерлік деректер базасына АШЖБ (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) дерекқоры ауыл шаруашылығы жануары туралы мәліметтерді енгізеді және ветеринариялық паспорт бере отырып, жануарға сырға салынады немесе таңба басылады.

Бірдейлендіру қорытын-дылары бойынша деректер бүкіл Қазақстан аумағындағы бірыңғай мемлекеттік компьютерлік дерекқорға енгізіледі. Ол мал басының есебін жүргізуді ұсынып қана қоймай, сонымен қатар әр жануар бойынша ветеринарлық манипуляциялардың тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Деректер базасында ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың мәліметтері көрсетіледі, олардың негізінде ветеринариялық-ілеспе құжаттар беріледі. Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендіруге жатады.

 

 

-Анықталмаған жануар-лардың иелері қандай проблемаларға тап болады?

-Ветеринариялық өңдеу жүргізуді бақылаудың болмауы (бірдейлендіру болмаған жағдайда, ветеринардың жануардың қандай ауруларға егілгенін және зерттелгенін анықтауға мүмкіндігі жоқ);

Ұрланған (табылған) жануардың кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін емес (анықталған жануарды табу және оны иесіне қайтару оңайырақ);

Бірдейлендіру нөмірінсіз мал дәрігері ветеринарлық анықтаманы беруге құқығы жоқ, егер иесі мал шаруашылығы өнімдеріне (ет, сүт және т. б.) ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізгісі келсе, осыған ұқсас жағдай орын алады. Жануарларды тасымалдау, сату, союға жіберу кезінде оларды бірдейлендіру қажеттілігі туындайды;

Шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін аналық мал басы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық қоры (САТЖАҚ) мен АШЖБ компьютерлік дерекқорында сәйкес келуі қажет, егер деректер сәйкес келмесе субсидия алу мүмкін болмай қалады.

 

- Жануарларға сырға немесе таңба салу үшін ветеринармен қай уақытта кеңесу керек?

Мал төлдері келесі жасқа жеткен күннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей анықталады:

- бұзаулар, қозылар, лақ, түйе төлдері - туған күнінен бастап жеті күн өткен соң;

- құлын - төрт айлық жастан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен жеті күн өткен соң (чиптеу кезінде);

- тақ тұяқты жануарлардың төлдері (жылқы және басқа да жануарлар) – төрт айлық жасынан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен бастап жеті күн өткен соң (чиптеу кезінде).

 

- Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы жануарлары иелеріне басқа айтарларыңыз бар ма?

- Ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне ұсыныстар бар:

Ең бастысы, өз жануарларыңызды дер кезінде бірдейлендіру керек.

Сатып алу, сату, сою, төлдеу, жануарлардың сырғаларын жоғалтуы кезінде үш күн ішінде ветеринар маманға хабарласуыңыз шарт. Бұл компьютерлік деректер базасында толық және сенімді есеп жүргізуге мүмкіндік береді.

Жануарларды бірдейлендіру және есепке алу мәселелері бойынша «Исатай аудандық ветеринариялық стансасы» ШЖҚ КМК-не қарасты ауылдық округтердегі ветеринариялық дәрігерлеріне жүгіну қажет.

Еске сала кетейін, мал иелері жануарларды бірдейлендіру жөніндегі шараларды орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес жауапты болады.

 

- Әңгімеңізге рахмет.

 

 

Сұхбаттасқан

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT