Отбасы күні қарсаңында біз назарымызды жас та болса өз еңбегімен көпке үлгі болып жүрген жанбайлық дәрігер Бекет Нухы мен жары Әнел Жәңгірге аудардық. Ақ халатты қос маманның өмір жолы адал еңбектің, өзара сүйіспеншіліктің және отбасылық берекенің айқын үлгісін көрсетіп келеді.
Кейіпкеріміз Бекет 1998 жылы Жанбай ауылында дүниеге келді. Бала кезден ізденімпаз, алғырлығымен ерекшеленді. Алғашқы білімін ауылдағы Х.Наубетов атындағы орта мектептен алып, кейін Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде білімін жалғастырып, осы мектептің алғашқы түлегі атанды. Үлкен арман жетегінде елордаға аттанған ол Астана медициналық университетінде оқып, жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығын игерді. Жастықтың жалын күшімен алға қойған мақсатына ұмтылған жас маман бүгінде елінің амандығы жолында еңбек етіп жүр.
Өмірдің мәнін еңбекпен ғана емес, махаббатпен де толықтырған жас дәрігердің қасында өзіне қолдау көрсетіп жүрген адал жары бар. Жұбайы – Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылының тумасы. Ол Ақтау қаласының медициналық жоғары колледжін тәмамдап, 2020 жылы еңбек жолын бастау үшін Атырауға келеді. Тағдыр қос жүректі тоғыстырғандай, екеуі Теміржол ауруханасында қызметте жүріп танысады. Сүйіспеншілікке толы қарым-қатынас уақыт өте үлкен шаңыраққа айналып, 2023 жылы отау құрды.
Жас отбасы шаңырақ көтергеннен кейін отағасы Бекет білімін жалғастырып, елордадағы резидентураға түсіп, пульмонолог мамандығын игеріп шықты. Бұл – қазіргі таңда елімізде аса сұранысқа ие сала. Мамандығы бойынша түрлі қалалардан ұсыныстар түссе де, Бекет пен жары ата-анасының ақылын тыңдап, туған ауылға оралуға шешім қабылдады. Өйткені олар үшін ең қымбат нәрсе – туған жердің амандығы мен елге қызмет ету. Жас шаңырақ бүгінде ауыл-аймақтың мақтанышы. Бір-біріне сүйеу болған жас жұбайлар шаңырақтарының шаттығын арттырып, бүгінде бір қыз тәрбиелеп отыр. Қай істе де ынтымақ пен сенімге сүйенген бұл шаңырақтан болашақта елге адал қызмет ететін перзенттер өсіп шығарына сенім мол.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ