Бірі - білімді, бірі - білекті. Жанбайлық Байғазиевтер жайында

Отағасы мен отанасының жүрегі ізгілікке толы үлгілі отбасылар Жанбай ауылында да жетерлік.

Солардың бірі де бірегейі - Райымбек Байғазиев пен Тоқташ Құспанованың ұйыған отбасы. Шаңырақ көтергендеріне көп уақыт болмаса да, жас отбасының періштелеріне бөлінген ерекше мейірімді көңілін, үлгі боларлық тәлім-тәрбиесін бірден байқауға болады. Қазіргі таңда бес баланы қанатының астында бағып-қағып отырған ата-анасы «Балаларым әлі-ақ әлем мойындайтын, еліміздің гүлденуіне көп үлесін қосатын батыр ұл мен білікті қыз боларына сенеміз» дейді.

Алдарына үлкен мақсат қойған ата-ана қазірдің өзінде перзенттерінің жетістіктерін көріп, марқайып отыр. Балаларының үлкені Жалғас Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында білім алуда. Оқуға деген құштарлығымен көзге түскен Жалғас 9 сыныпты үздік аттестатпен тамамдап, ата-анасына үлкен қуаныш сыйлады.

Дзюдо күресінің бір шеберіне айналған отбасындағы екінші ұл Мирас өзінің батылдығымен талайды таңдай қақтырып, Қазақстан атын әлемдік деңгейде паш етіп жүр. Күрестің қыр-сырына қаныққан жас спортшы Қазақстан шекарасынан үш мәрте жыраққа шығып, шетел аренасынында алтын медальді олжалап келді. Жаттықтырушысы Асланбек Құзыровтың бастамасымен Қырғыз елінің Талас қаласында 2017 жылғы 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған дзюдо додасынан 26 келі салмақпен 1 орынды иеленсе, араға 2 жыл салып, яғни, осы жылдың мамыр айында тағы да сол Талас қаласында өткен Қырғыз дзюдо федерациясының президенті Дастанбек Жұмабековтің бәйгесіне қатысып, одан да алтын медальды иеленіп, абыройлы оралған болатын. Сондай-ақ, 2017 жылғы 19 қазанда Баку қаласында өткен «КАВКАЗ» Идман Клубунум дзюдо ашық біріншілігінде 27 келі салмақта өнер көрсетіп, бұл додада да үздік деп танылған жерлесіміз Қазақстан Туын Әзірбайжан елінің көгінде желбіретіп оралып еді. Республикалық, облыстық, аудандық жарыстарда да бақ сынасып, жанындағы демеушілерін қуантып келе жатқан жас спортшы: - Спортқа деген алғашқы қызығушылығым ауылда спорт мектебінің ашылуымен басталды. Отбасым мен жақындарымның қолдауы мені үнемі жігерлендіріп, бойыма күш бітіріп келеді. Мені қолдап, маған сенетін адамдар барында әрқашан жеңіске ұмтылып тұрамын, - дейді бізге.

Ата-ананың Шыңғыс есімін иеленген үшінші ұлы да білімі мен біліктілігін қатар алып келе жатқан жеткіншектердің бірі. Күреске қызығушылығы артқан ол да облыстық додаларда өнер көрсете бастаған. Алайда, дайындық кезінде жарақат алып, дзюдо мектебінен қол үзуіне тура келген ол 4 сыныпты үздік аяқтады.

Халқымызда «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, соңғы дөңгелегі де солай жүреді» деген нақыл бар емес пе? Батыр ұлдардың қамқорлайтын, қолдау көрсететін қос қарындасы Кәусар мен Мөлдір де бойларына ерекше жақсы қасиеттерді жия өсіп келе жатыр.

Рысжан БИСЕНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 1-курс студенті

Жанбай ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT