БІРЛЕСКЕН ІС БЕРЕКЕЛІ БОЛМАҚ

 

Қадым замандардан-ақ күнкөрісім деп мал бағумен айналысып, оны ата кәсібіне айналдырған қазақ үшін төрт түлікті асырап-сақтау айтарлықтай ауыр жұмыс болмаған. 

Өйткені сол малмен көз ашқан қазақтың баласы оның бағымын келістірудің түрлі жолдарын да ойлап тапты. Қыс қыстаққа ұстады, жаз жайлауына шығарды. Санын көбейтті, сапасын арттырды, керегін осы малмен тапты, ішіп-жеміне, көшіп-қонуына, әскер болуына, басқа да қажетіне жарады мал.

Сол мал бүгін де керек. Сол қазақтың баласы бүгін де мал баға алады. Тек кейбір қиындықтарды жеңуіне қолдау-көмек болып тұрса дейді. Қыркүйек айының басындағы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы «Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастауы керек. Басты мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту» деді, елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту ел Үкіметінің стратегиялық міндеті екенін де баса айтты.

Яғни, ел Президенті де малды бақ, басын көбейт, өзіңе де, елге де пайдаң тисін деп отыр. Осы ретте оған жағдай жасауда жергілікті билік те жұмыстануы керегі, жанашыр болуы қажеті айтылмаса да түсінікті еді. Сөйтіп қандай түлікті көбейтеміз, қайсысын қалай бағып-күтеміз, жемшөбі қолжетімді ме, ол үшін не істелінуі керек дегендей сауалды тұстарда бірлескен жоспарлы қимыл болса, ісіміз де нәтижелі әрі берекелі бола түсеріне сөз жоқ деп білемін.

 

Сүйінғали ДАУЛЕТЬЯРОВ,
шаруа қожалығының жетекшісі.
Тұщықұдық ауылдық округі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT