Көктемнің шуақты күндерімен қатар келген 1 мамыр мерекесі Қазақстан халқы үшін ерекше маңызға ие. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ортақ шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны – бейбітшілік пен келісімнің айқын көрінісі. Қазақстан – 130-дан астам этносқа ортақ Отан. Әрқайсысының тілі, діні мен салт-дәстүрі сан түрлі болғанымен, бәрін біріктіретін күш – туған елге деген сүйіспеншілік пен ортақ мақсат. Осындай ұлтаралық татулық – егемендіктің ең бағалы жетістіктерінің бірі.
«Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді халқымыз. Бүгінгі таңда қазақ жерін мекендеген әр ұлт өкілі осынау кең-байтақ даланы өз үйіндей көріп, татулық пен түсіністікті басты құндылық санайды. Қазақ халқының кеңпейілділігі мен дарқан мінезі көптеген ұлттың жаңа өмір бастауына мүмкіндік беріп, жүректерге үміт ұялатты. Бұл күн тек мерекелік көңіл-күймен ғана емес, елдегі ұлтаралық достықтың, өзара құрмет пен сенімнің белгісі ретінде де бағаланады. Өңірлерде ұйымдастырылатын мәдени шаралар арқылы түрлі ұлттар бірін-бірі жақыннан танып, рухани тұрғыдан тоғыса түседі. Осындай басқосулар ұрпақ санасына татулық пен бауырмалдықтың маңызын сіңіреді. Халқымыз тарихтың талай сын сағатында бірлік арқасында қиындықтарды еңсеріп келді. Тәуелсіз мемлекет ретінде алға басқымыз келсе, алдымен өзара түсіністік пен татулықты сақтауымыз қажет. Себебі ынтымақ – ел тұрақтылығының өзегі, бейбіт өмірдің бастауы. Қазіргі әлемде ұлтаралық жанжалдар жиі орын алып жатқан шақта, Қазақстан көпшілікке келісім мен бірлік үлгісін көрсетіп келеді. 1 мамыр – әр азамат үшін мақтанышқа толы күн. Ортақ мақсат, бір тағдыр, ортақ болашақ идеясы осы мейрамның жүрегінде жатыр. Бірлік пен келісімді сақтау – келешек ұрпақ алдындағы аманат. Берекенің бастауы – бірлік. Ал бірлігі бекем елдің болашағы баянды.
Желкілдеген жусан иісімен, Жайықтың ерке самалымен тыныстап тұрған Исатай ауданы – тек табиғатымен ғана емес, бірлігімен де дараланған мекен. Тарихтың да, тағдырдың да талай тарауын бастан кешкен осы бір қасиетті өңір – бүгінде ел ішіндегі татулық пен түсіністіктің жарқын үлгісіндей. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аудан – салт-дәстүрге берік, тілі мен діліне мығым жұрттың мекені. Мұнда қаншама ұлт өкілі тұрса да, бәрі қазақ тілін меңгеріп, осы өлкенің рухани кеңістігіне сіңісіп кеткен. Бұл – елдіктің, ішкі бірліктің ең асыл көрінісі іспетті.
Аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Венера Мұхитованың мәліметінше, ауданда қазіргі таңда 38 өзге ұлт өкілі тұрады. Олардың дені – аудан орталығы Аққыстау ауылдық округіне шоғырланған. Мұнда 30-ға жуық өзге этнос өкілі бар.
Тарихтың да, тағдырдың да талай тарауын бастан кешірген бұл мекен бүгінде бейбіт күннің бесігіне айналған. Бөтен деп бөлмейтін, жатсынбай бауыр басатын исатайлықтардың кең жүрегі өзге ұлт өкілдерін де осы елдің бір мүшесіне айналдырып отыр. Сандарды сөйлетсек, аудан аумағындағы этностардың басым бөлігі – орыстар (13 адам). Одан кейінгі орында – шешендер. Аймақтағы танымал тұлғалардың бірі, «Құрмет» орденінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Зелимхан Асабалаевич Зубариевтің әулетінен 9 адам тіркелген. Бұдан бөлек, қарақалпақтар – 6, татарлар – 4, өзбек, украин, беларусь, кәріс, башқұрт және тәжік ұлттарынан бір-бір адамнан бар. Аудан аумағында жалпы саны алты отбасында отағасы өзге ұлт өкілі. Оның біреуі – шешен, бесеуі – орыс ұлтының азаматтары. Қалғандары – қазақ азаматтарына тұрмысқа шыққан өзге ұлт өкілдерімен құрылған отбасылар.
Мұнда бір назар аударарлық жайт – өзге ұлт өкілдерінің барлығы қазақ тілін меңгерген, жергілікті халықпен араласып, күнделікті тұрмыста қазақша сөйлейді. Бұл – Исатай жұртының тілге, ділге деген құрметінің, өзге ұлттарға деген ашық көңілінің нәтижесі. Өйткені бұл жерде бөтен ешкім жоқ. Осы топырақты басып жүрген әрбір адам – осы елдің перзенті.
Этносаралық татулықты сақтау – кез келген қоғам үшін өзекті мәселе. Алайда ауданда бұл проблема ешқашан күн тәртібіне шыққан емес. Венера Мұхитованың айтуынша, аудан көлемінде этносаралық шиеленіс, кемсіту, жанжал немесе басқа да келеңсіз жағдайлар тіркелмеген. Ахуал толықтай тұрақты, бейбіт. Мұны тек ресми ақпаратпен емес, аудан жұртының күнделікті өмірінен, бір-біріне деген құрметінен-ақ аңғаруға болады. Аудандық полиция бөлімі, ҰҚК және ішкі саясат бөлімі әлеуметтік желілер мен ашық ақпарат алаңдарын тұрақты зерделеп отырады. Биылғы есепті кезеңде этносаралық қатынасты ушықтыратын, араздық туғызатын деструктивті мазмұндағы жарияланымдар анықталмаған.
– Ауданымызда көші-қон есебінде тұрған 210 еңбек мигранты бар. Оның ішінде мерзімі ұзартылған шетел азаматтары да бар. Бастысы – мигранттар мен жұмыс берушілер арасында даудың, келіспеушіліктің болмағаны. Бұл – аудан әкімдігі мен құзырлы органдардың жүйелі бақылауы мен ұтымды жұмысын аңғартады. Аудан аумағында шетелдік жұмыс күшін тартатын негізгі нысан – «БолатД» ЖШС. Мұнда құрылыс саласында еңбек етіп жатқан Өзбекстан азаматтарының саны – 10 шамасында. Олар уақытылы еңбекақы алады, тұрмыстық жағдайлары да назардан тыс қалған емес,-дейді Венера Асқарқызы.
Аудандағы татулықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар да өз нәтижесін беріп келеді. Солардың бірі – өткен жылдың 21 маусымында өткен Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің көшпелі отырысы. «Халқымыздың мәдениетін, ғұрыптары мен дәстүрлерін құрметтеуге негізделген Отанға деген сүйіспеншілік идеалдары» тақырыбында өткен кездесуге облыстық және аудандық деңгейдегі ардагерлер, сарапшылар мен жастар қатысты. Жиында ұлттық рух, ұрпақ сабақтастығы, көпэтносты қоғамдағы үйлесім туралы пайымды пікірлер айтылды. Бұл – ауызбіршіліктің алғышарты саналатын рухани құндылықтардың бағалануының айғағы.
Ерболат НАСИМУЛЛИН, аудандық ардагерлер кеңесі алқасының мүшесі:
Иә, бірлік – баға жетпес байлығымыз. Қазақстан халқының бірлігі күні – барша ұлт пен ұлыстың татулығын, достығын, өзара сыйластығын айшықтайтын айрықша мейрам. Бұл күн – ортақ Отанды құрап, берекелі тірлік кешіп жатқан сан түрлі ұлт өкілдерінің жүрек үнін біріктіретін маңызды күн. Исатай ауданы – негізінен қазақ ұлты қоныстанған аймақ болғанымен, мұнда өзге этнос өкілдері де бірге өмір сүріп, тірлік кешуде. Олар бұл өлкені өздерінің туған жері деп қабылдайды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауданның өркендеуіне үлес қосып келеді. Қайсыбірін алсақ та – осы елдің, осы топырақтың шынайы перзенттері. Еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеп, болашаққа сеніммен қарап отыр. Бүгінгі бейбіт өміріміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің ең үлкен жетістігі – ел ішіндегі татулық пен тұрақтылық. Бұл – кез келген мемлекеттің ең асыл қазынасы. Әлемнің әр түкпірінде соғыс өрті тұтанып, түрлі қақтығыстар белең алып жатқан заманда Қазақстандағы тыныштық пен келісімнің, өзара құрмет пен түсіністіктің қадірін білу – әр азаматтың парызы. Бұл берекені көздің қарашығындай сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Ж.ИСЛАТ