Мен осы кең-байтақ Қазақ еліне алғаш табан тіреген сәттен бастап өзімді бөтен сезінген емеспін. Қазақ жерінің көгіне көзімді аштым, топырағын басып, суын ішіп, дәмін татып өстім. Мен – шешен ұлтының өкілі болсам да, жүрегім қазақ деп соғады. Қазақ елі маған тек баспана емес, пана болды. Өз бауырына басып, азамат қатарына қосты.
55 жылға жуық Атырау облысының тұрғынымын, оның 50 жылын Исатай ауданында өткізіп келемін. Осында бала тәрбиелеп, немере сүйіп, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көріп келемін. Көршім де, досым да, жақыным да – қазақ. Ұрпағым осы ортада өсіп, қазақы тәрбиемен бой түзеп жатыр. Сондықтан менің қанымда шешендік те, қазақтық та бар.
Қазақ достарым мені төріне шығарып, қасынан қалдырмайды. Қуаныштарында «сен бар» деп сенім артады, соғым сойса, «бір шеке сенікі» деп құрмет көрсетеді. Мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Сол үшін де бүгінгі Алғыс айту күнінде және 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында, мені бауырына басқан қазақ еліне, Исатай ауданының халқына шын жүректен алғысымды білдіремін.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – еліміздегі ынтымақ пен бірліктің айнасы. Сол бірлік – біздің басты байлығымыз. Осы татулықтың арқасында мен де өз орнымды таптым, өмірімнің мағынасын таптым.
Қазақ елінің көгінде бейбітшілік құсы мәңгі қалықтасын!
Зубариев Зелимхан Асабалаевич
«Құрмет» орденінің иегері, Исатай ауданының Құрметті азаматы