1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздің этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы бірегей институты. Бұл құрылымның басты мақсаты – еліміздегі барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрін сақтап, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету.
Ассамблеяның 30 жылдық тарихында 4 000-нан астам ұйым біріктіріліп, 50 000-нан астам адам тікелей жұмылдырылды. Оның құрамындағы 1 000-нан астам этномәдени бірлестік пен 40-қа жуық Достық үйлері – еліміздегі қоғамдық келісім мен мәдени әртүрлілікті насихаттаудың нақты алаңдары болып саналады.
Ассамблеяның арқасында елімізде этностардың тілі, мәдениеті, дәстүрі сақталып, дамуға мүмкіндік алды. Бұл – шын мәнінде, Қазақстанның бейбітшілік пен келісім үлгісі ретінде халықаралық аренада мойындалуына себеп болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ассамблея – «бірлік пен келісімнің нақты құралы, символикалық емес, шынайы қоғамдық институт». Ол еліміздің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы беделін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Бүгінгі Ассамблеяның 30 жыл толуына орай өткізілген ХХХІV сессиясында мемлекет басшысы ауқымды әрі өзекті жайттарды шолып өтті. Атап айтатын болсақ: "Таза Қазақстан" жобасы, "Тәртіп пен қауіпсіздік" көрсеткіші, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Ұлттық бірыңғай тестілеу және т.б. Бұл аталған жайттар еліміздің дамуы үшін үлкен рөл атқаратыны анық. 30 жылдық тарихы бар Ассамблея - жасалған қажырлы еңбек пен мол табыстың көрсеткіші мен жемісі дер едім.
Ассамблеяның болашақтағы миссиясы – осы құндылықтарды сақтап, жаңа ұрпаққа жеткізу. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз берекелі болсын! Бірлігі жарасқан тату елдің ұрпақтарының жетістіктері де көп болсын.
Әсел ТАБИҒАТҚЫЗЫ