Биыл Исатай ауданында 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылды

Бұл туралы Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов «Исатай ауданының 2022 жылғы қаңтар-мамыр айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері» туралы баспасөз брифингінде мәлім етті.

Аудан бойынша Жұмыспен қамту орталығы арқылы жалпы 398 адам тартылған. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа 243 адам жіберіліп, әлеуметтік жұмысқа 31 адам қабылданды. Ал, жастар практикасымен 7 азамат қамтылса, 117 адам тұрақты жұмысқа жіберілген. Осылайша ауданда жұмыссыздық 21,1 пайызға төмендеген.

- Ауданда ресми жұмыссыздар саны 502 адам, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,1 пайызға азайған. Мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша осы жылы 35 адамның әрқайсысына 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, жалпы сомасы 44,5 млн теңге қаражат бөлінді. Ол қаражатты маусым айынан бастап игеру жоспарлануда, деді П.Хасанов.

Сондай-ақ, ол ауданда әлеуметтік көмек алушылар саны 321 адамды, яғни 49 отбасын құрап, өткен жылғы тиісті мерзіммен салыстырғанда 45 пайызға төмендегенін жеткізді. Былтыр 89 отбасыдан 524 адам әлеуметтік көмек алушылар санатында болған.

Аудан әкімінің айтуынша, Исатай ауданы бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен биыл 5 маманға жалпы сомасы 22,9 млн. теңге бюджеттік несие, 10 маманға жалпы сомасы 3,0 млн. теңге көтерме жәрдемақы беру жоспарлануда.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT