«Биыл Исатай ауданы бойынша 10 оқушы «Алтын белгіге», 9 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер» деп хабарлайды «Нарын таңы».
Бұл туралы аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Сағираш Беркалиева газет тілшісіне берген сұхбатында атап өтті. Сондай-ақ ол биылғы білім сынағына дайындық барысын сөз қылды.
- Біздің аудан бойынша 10 оқушы «Алтын белгіге», 9 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. ҰБТ-ге жылдағыдай 5 пән бойынша тапсырады. Алайда бұған дейін талапкер әр пәннен кемінде 5 балл жинауы керек болса, бүгінде бұл ережеге аздаған өзгеріс енгізіліп отыр. Енді үміткер «Математикалық сауаттылық» пен «Оқу сауатталығы» пәні бойынша 3 балл жинауы тиіс, - деді ол.
Сағираш Беркалиеваның айтуынша, 2024 жылғы ҰБТ форматы мынадай: математикалық сауаттылық – 10 тапсырма, шекті балл – 3; оқу сауатталығы – 10 тапсырма, шекті балл – 3; Қазақстан тарихы – 20 тапсырма, шекті балл – 5; 1 бейіндік пән – 40 тапсырма, 50 балл, шекті балл – 5; 2 бейіндік пән – 40 тапсырма, 50 балл, шекті балл – 5.
- ҰБТ-дағы тапсырмалар саны 120 сұрақ болып өзгеріссіз қалады. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды. Дегенмен, тест тапсыру уақыты қысқарады. Тестілеуден өту үшін 3,5 сағат беріледі. Оған қоса шығармашылық бағытын таңдаған талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәнінен бөлек «Математикалық сауаттылық» пәнін де тест тапсыруға міндетті болады. Аталған өзгерістер мектеп бітіруші түлектер мен олардың ата-аналарына таныстырылды. Мектептерде ҰБТ-ге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қосымша ҰБТ-ге дайындық жұмыстары мен онлайн курстар арқылы оқушыларымыз дайындалуда, - деді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі.
Биылғы тестілеудегі тағы бір ерекшелік – ол таңдау пәндері. Бейіндік пәндердің сұрақ саны 40-қа, ал балл санын 50-ге өскен. «Оның себебі - ол тапсырушы түлек дайындығын жеңілдету және жастарға еліміздің тарихын ұмыттырмау. Мақсатты іске асыру үшін «Қазақстан тарихы» пәнінен 20 балл мен 20 сұраққа өсіріп, ал «Оқу сауаттылық» пәндерінен сұрақ саны мен бал саны 10-ға кемітілді» дейді Сағираш Беркалиева.
Айта кетейік, биылғы оқу жылында аудан бойынша 267 оқушы мектеп бітіреді. Жоғары оқу орындарының мемлекеттік грант конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін ҰБТ-нің 1-кезеңіне 244 оқушының өтініші Ұлттық тестілеу орталығының базасына құжаттары қабылданды.
Сағыныш ҚАЙЫР