Биыл Нарынға кірме жол салынады

Нарын ауылдық округінің әкімі Рухолла Тәкенов - қайта сайланғанына көп уақыт болмаған «жаңа» әкім.

Десе де өзі өсіп-өнген, біраз уақыт округті басқарған іскер де жалынды жігіттердің қатарында болғасын шығар, өңірдің тұрмыс-тіршілігін өте жақсы білетін білікті маман. Оны 16 қаңтар күні осы округте халық алдында берген есебі кезінде көріп, көзімізді жеткіздік.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел Үкіметіне 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіруді тапсырып, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдылардың жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру, тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымды «7-20-25» бағдарламасын қолға алу, сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін қалаларда жалдамалы, тұрғын үй құрылысын ұлғайту жұмыстарын әрбір аумақ, аудан, тіпті округ басқарып отырған азаматтарға жүктеген еді. Сонымен бірге әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуін және ең алдымен, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз етуін де қатаң талап еткен болатын.

Осы орайда құмға сыналай еніп, үлкен жолдан қашықтау орын тепкен Нарын ауылдық округінің де өткен жылдарда өз хал-қадірінше дамып, еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына бір кісідей үлес қосқаны анық.

- Нарын ауылдық округі әкімшілігі аумағына Нарын ауылы, Жаңа Жанбай және Мыңтөбе елді мекендері кіреді. 2019 жылдың 1 қаңтарына округ тұрғындары 1337 адамды құраса, оның 125-і зейнеткер, экономикалық белсенділер саны - 751, тіркелген жұмыссыздар саны - 50. Жыл ішінде 26 сәби дүниеге келіп, 6 адам қайтыс болды. Өткен жылы 37 адам жұмысқа орналасса, оның 11-і маусымдық жұмыс. Қоғамның әлсіз топтарын қолдаудың басты бағыттарының бірі - ақылы қоғамдық жұмысқа жыл ішінде 46 адам тартылды. Жұмыссыздықты азайту бағытында жеке кәсіпкерлікпен айналысуға айтарлықтай көңіл бөлінуде. Округ тұрғындары арасынан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына орай 6 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша курсты оқып, олардың 1-еуі ауыл шаруашылық мақсатында 4 миллион теңге несие алды. Ал, қайта даярлау курсында 7 адам оқып, маусымдық және тұрақты жұмысқа орналасты. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 4 жас маман тағылымдамадан өтіп, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 24 жұмыссыз жас пен студент жұмысқа тартылды, - деді округ әкімі Рухолла Тәкенов.

Мал қыстату - аса жауапты науқан екені белгілі. Әсіресе, қары аз болғандықтан шығар, қысы қаталдау өңір үшін өңменнен өтетін қара желдің өтінде жүріп, мал жайғау оңай шаруа емес. Сондықтан жазғы мезгілде мейлінше қысқы мал азығын сайлап алу шаруалар үшін жауапты науқан екені белгілі. Бұл орайда нарындықтар үшін аудандық «Қамқор» қорынан 3 отбасына шөп түсіріліп, «Құлтаев» ЖК арқылы тұрғындарға төмендетілген бағамен 5180 дана қапшық кебек сатылған.

Құрылысы аяқталған «Нарын-Қызыл үй-Жасқайрат» су айдау ғимараты іске қосылып, сенімгерлік басқаруға берілу үстінде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Нарын ауылының Ынтымақ, Достық, Шұғыла, Ардагер және Жаңа құрылыс көшелеріне 32 дана жарық шам орнатылыпты. Кәріздік сорғы стансысы күрделі жөндеуден өткізіліп, жылумен камтамасыздандырылған. Сонымен қатар, Нарын ауылына 80 орындық балабақша және 200 орындық мәдениет үйі құрылыстарына жобалау-сметалық құжаттама аяқталып, сараптамадан өтуде. Ауыл тұрғындарының аса маңызды сұранысына ие Нарын ауылына кірме жол және ауылішілік автожолдарының да барлық құжаттары дайын, тек қаржы мәселесінің шешілуі ғана қалып тұр. Қазіргі уақытта тұрғындар сұранысына орай салынып жатқан фельдшерлік-амбулаториялық пунктінің құрылыс жұмыстары бітуге таяу.

Осындай іргелі істерімен таныстырған ауыл әкімінің есебінен соң сөз алған ауыл тұрғындары өз базыналары мен көкейде түйген сауалдарын жолдады. Мәселен, округтен сайланған аудандық мәслихат депутаты Мәди Жиенғазиев бірталай келелі бастамалар көтеріп, ауыл аумағында атқарылған оңды істерге қанағаттанарлық деген баға беріп, тиісінше алдағы уақытта кезекте тұрған шаруаларға ел назарын бұрды. Атап айтқанда, жуық арада ашылатын жаңа медициналық ғимаратқа көшкен соң бұл мекеменің бұрынғы ескі ғимаратын кәсіпкерлік мақсатта ауыл тұрғындарына берілуін ұсынды. Ал, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғайнолла Есмағанбетов округ аумағында тұрақты қызмет етуі үшін электрик қажет екенін айтты. Өйткені, Жаңа Жанбай ауылына «Атырау Жарық» АҚ қызмет етсе, Нарын ауылы ол мекеменің құзыретіне кірмейді екен. «Сол себепті ауылда жарық өшсе, орталықтан маман келмейінше қараңғыда жарықсыз отыратын күндеріміз көп» деді. Нарын ауылдық бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Рысгүл Қарағойшиева болса өңірде соңғы жылдары дүниеге келіп жатқан бала санына тоқталды. Оның айтуынша, округте 2016 жылы 29, 2017 жылы 30, ал, 2018 жылы 26 сәби өмірге келіпті. Осындай табиғи жолмен көбейіп отырған ауыл халқы үшін ескі балабақша ғимаратының тарлық ететінін және жаңа типтік талаптарға сай келмейтінін айтты. Осы және басқа да елішілік мәселелермен танысқан аудан әкімі Марат Мурзиев те жиын соңында ауыл әкімінің жылдық жұмысына оң бағасын беріп, нақты Нарын ауылы бойынша атқарылатын келешектегі істерге шолу жасады. Оның айтуынша, биыл округ бойынша барлығы 12 км. тасжол төселсе, соның 6 км. кірме жол, ал қалған 6 км. жол ауылішілік жолдарға тиесілі екен. Бұл мақсатқа қажетті қаражат қарастырылып, өз шешімін тапқан. Алдағы уақытта медициналық пункттің құрылысы бітсе, жыл ішінде мәдениет үйі мен балабақша салу үшін облыстан қаржы сұралатын болды.

Аслан МҰРАТҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521