Атырау облысында «Білім туралы» Қазақстан Республикасы заңына сәйкес орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтары 31 мамырда аяқталады. Бұл туралы Білім беру басқарма басшысының орынбасары Орынтай Биманова баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. Осы оқу жылы облыстың 211 білім беру мекемесінде 141 228 оқушы аяқтайды. Олардың ішінде 9 сыныпты 11789, 11 сыныпты 5683 оқушы бітіреді. «Алтын белгіге» үміткер 167, «Үздік аттестатқа» үміткер 247 оқушы бар.
- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2023 жылғы 10 сәуірдегі №88 «2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы» бұйрығыны сәйкес 9(10) сыныпта білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында өтсе, 11(12) сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары 5-19 маусым аралығында өтеді, - деді О.Биманова.
Сондай-ақ басқарма басшысының орынбасары, Білім беру басқармасы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы №345 Заңының 19 бабына сәйкес «Баланың демалуға және бос уақытын пайдалануға құқығын» жүзеге асыруды мақсат ететінін және балалардың жазға демалысын қалай өткізетініне тоқталды.
- Осы жылдың 5 маусым мен 31 тамыз аралығында жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру, сауықтыру ұйымдарын пайдалануға дайындау және қабылдау жөніндегі облыс әкімінің өкімі дайындалып, қажетті іс-шаралар ұйымдастырылуда. Биыл жазғы демалыспен 1-10 сыныпта оқитын 7-14 жас аралығындағы 78 198 бала қамтылады. Оның ішінде 8466 бала 149 мектеп жанындағы тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі лагерде демалса, 65644 бала тамақтандырусыз лагерде болады. Сонымен қатар жеті ауданда 19 «Жас шабақ құтқарушылар» топтары жұмыс жасайды. Жоғары сынып оқушылары жазғы демалыс кезінде еңбек практикасы есебінен еңбек етеді. Балалар көгалдандыру топтары – мектеп ауласындағы талдарға су құю, құрылыс-жөндеу бригадаларында тазалық жұмыстарымен айналысады,- деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ ол, «Жаздық сауықтыру жолдамасы» әлеуметтік жобасы аясында 1000 оқушы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университеті «Ainaline Camp» - та демалады. Ал жалпыға міндетті оқу қорынан 1277 оқушы қала сыртындағы лагерлерге жолдама алып, олар үшін басқа облыстың мәдени-көрікті жерлеріне саяхаттар ұйымдастырылатынын жеткізді.