Биылғы наурыз жылдағыдан өзгеше

Наурыз – мереке мен берекенің айы. Биылғы Наурыз жылдағыдан өзгеше. Оған себеп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды. Бұл қаһарлы қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірімен құшақтасып, көрісетін қуанышты сәт. Амал мерекесі немесе Көрісу ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұжырымдамасымен дайындалған онкүндік шарасы «Амал» мерекесімен бастау алды.

 Осыған сәйкес 14 наурыздағы Көрісу күні – Амал мерекесін Аққыстау ауылдық округі әкімдігі ғимараты алдында киіз үй тігіліп, аудандық орталық кітапхана мен «Жалын»  мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Амал келді - жыл келді» атты мәдени-көпшілік шара өтті.

Қыстан аман шыққан ел бір-бірінен аман-саулық сұрасып, төс қағыстырып көріседі. Елдің тыныштығы мен бірлігін көрсететін аталмыш мерекеде жасы кіші үлкенге арнайы барып сәлем беріп, батасын алып жатады. Осы дәстүр бойынша аталған шара барысында жиылған жұрт бір-бірімен қауыша төс қағыстырып, қол алысып, қуана көрісіп жатты. Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Әбежан ауыл ақсақалдары мен шараға жиналған көпшілікпен көрісіп, оларды Амал мерекесімен құттықтап, мерекенің маңыздылығына тоқталды.

-Баршаңызды Көрісу – Амал мерекесімен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім, бұл мереке – ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр, бізге жеткен аманат. Міне, сол дәстүрді жалғап, еліміз бойынша белсенділікпен атап өтудеміз.  Биылдан бастап, Наурызды бұрынғы ата-бабаларымыздай он күн атап өтетін болдық. Ертеректе жол болмаған, атты көлік еткен уақытта ағайын бір-бірімен қар көбесі сөгіліп, күн жылынған осындай кезеңде «Қыстан аман шықтың ба?», «Мал-жаның аман ба?» деп көрісетін болған. Қыстың қытымыр аязынан түгел шыққан туысқанын жаңа жасымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірген. Осы дәстүрдің арасын үзбей, кейінгі жас ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Бірлік пен татулыққа бастайтын мерекенің тамыры тереңде. Ең бастысы, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!-деді ол.

Сондай-ақ, ауданның бір топ жастары киіз үйге келіп, ауыл үлкендеріне көрісіп, ақ батасын алды. Келген қонақтар мен аудан тұрғындарына өнерпаздар мерекелік ән-шашу шашып, дәм ұсынылды. Ауыл жастары ұлттық ойын түрлерінен жарысқа түсіп, мерекелік көңіл күймен тарқасты. Мұндай шаралар Тұщықұдық, Жанбай, Исатай, Зинеден, Нарын, Қамысқала ауылдық округтерінде де бастау алып, жоспарға сәйкес жалғасын тауып келеді.

 

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521