Біз бақытты ұрпақпыз

0 votes

Тәуелсіздік — әкенің қаны мен ананың көз жасы. Қаншама аға-әпкелеріміз қыршынынан қиылды.Сол азаматтардың ерлігін естен шығармай үлгі тұтуымыз керек. Жанын, тәнін қиып, намыстанып, алаңға шығып, бізге тәуелсіздікті сыйлап кетті. Ләззат, Қайрат, Сабира, Ерболдай аға-әпкелердің ерлігін ұмытпай, ұлықтау — біздің міндетті борышымыз. Келешек— жастардың қолында! Осындай тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын.

Тәуелсіздік маған көп нәрсе берді. Ең бастысы, ата-анам мені бейбітшілік заманда дүниеге әкелді. Мен тәуелсіздіктің жарқыраған таңында жарық дүниенің есігін ашқаным үшін бақытты ұрпақ екенімді түсінемін. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда біз «не ішеміз, не киеміз, қайда барамыз?» деп бас қатырмаймыз.

Өйткені демократиялық қоғамда барлық жағдай жасақталып отыр. Тәуелсіздікті ата-бабамыз бізге аманаттап қалдырған... Аманат – біздің қолда. Сенің, менің қолымда. Осы жауапкершілікті сезініп, егемен елдің ұрпағы деген атқа лайық болу үшін тырысуымыз керек. Білім алып, еңбек етіп, ел дамуына үлес қосуымыз қажет. Бұл — біздің міндетіміз, бұл – бізге артылған жүк. 1991 жылы – қалың қазақ жұртының жадында айрықша оқиғалармен таңбаланып қалған тағдырлы жыл. Тағылымды жыл. Тарихи таңдау жасаған жыл. Тәуелсіздік туын көкке желбіреткен жыл! Міне, сол қасиетті тудың, бейбітшілік аспанының астында күн кешіп келе жатқанымызға – биыл 38 жыл! Өткенді ескеріп, сол бір зобалаңы мен қиындығы мол, тауқыметі бастан асар өткен ғасырдың жылдарын еске алған сайын арқамызды аяз қарып, денеміз түршігеді, сол алмағайып кезеңде көкірегінде қат-қабат үні бар қазақ елін тәуелсіздікке өрісті, өркениетті жолмен жеткізу қай елдің де түпкі мақсаты болатын. Аллаға шүкір, тәуелсіз мемлекетте тату-тәтті, бейбіт өмір сүрудеміз! Бүгінде бой түзеп, көші түзелген егемен елімізді мақтан тұтар Әнұранды шырқаймыз! Бүгінде әлем танып мойындаған, ұлттық рухы, туған тілі, азат жері, елі бар, салт-дәстүрі, әдет- ғұрпы сақталған, өз Астанасы бой көтерген тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Бұл — біздің ата-бабамыздың ұрпағына деген ең үлкен сыйлығы, осыны қадірлей білейік дегім келеді.

 

Сымбат САЯСАТҚЫЗЫ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университеті

журналистика мамандығының студенті 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT