...БІЗ ҮШІН ТҮСКЕН МАЙДАН ОРТАСЫНА

сурет ғаламтордан

 

Шүкір, «тойың тарқамасын» дейтін қазақтың мерекесі аз емес. 2023 жылы сол мерекелер тағы біреуге көбейіп, тарихымызға «Әкелер күні» енді. Маусымның үшінші жексенбісіндегі атаулы күн биыл үшінші мәрте аталып өтілгелі отыр. Бұл күн әкелерге деген махаббатты, олардың отбасының әр мүшесіне шексіз қолдаулары мен бала тәрбиесіндегі баға жетпес үлесіне алғыс пен ризашылық білдірудің тамаша мүмкіндігі десек те болады. Әке болу тек биологиялық байланыс емес, ол - әр күнгі еңбек пен жауапкершілік екенін осы күні тереңірек ұғына түссек абзал.

 

Мемлекет басшысының «Берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» деген сөзінің де бір негізі осы әкелер еңбегінде, әкелердің отбасындағы орнында жатқандығы анық.

Тағдырдың кеуде тосып жартасына

Біз үшін түскен майдан ортасына.

Алаңсыз салып сайран шалқып жүрміз,

Біз бүгін әкелердің арқасында. ...деп «Әке туралы ой» секілді әдемі әнде де айтылатындай, тәй тұрып, қадам басқалы әкенің арқасында адам болған перзент көңілдердің сүйіспеншілігі қаншалықты шексіз болушы еді. Бұл әке қамқорлығын сезіне өскен, әке қадірін сезіне жетілген, әкенің сонау бала кезінде басынан сипағандағы аялы алақан табын әлі де сезіне жүретін сан ұрпақтың шырқап салған бір әнінің бір шумағы болғанымен салмағы ерен-ақ. Қарапайым әкеге деген алғысты көңіл лебізі осы... Мұндай мысалдарды ондап келтірсе болар еді.

Иә, Әкелер күні – әрлі де нәрлі мереке. Атаулы күнге орай айтылар әңгіме, қозғар тақырып, қоздар пікір де көптігін ескерген біз ауданның ел назарында жүрген азаматтарының бір тобына ортақ бір ой қазанын ұсынып, «Отбасындағы әкенің орны: кеше қандай еді, бүгін қандай?» деген бір-ақ сауалды көлденең тарттық.

 

Жарылғас Ғұбашұлы,

еңбек ардагері, ауданның  Құрметті азаматы:

-Қазақ отбасындағы әкенің рөлі – ұлттың тәрбиесі мен рухани құндылықтарының негізі. Уақыт өте келе бұл рөлдің маңызы мен сипаты өзгеріске ұшырады.

Қазақ қоғамында әке – отбасының тірегі, отағасы, ұрпаққа өнеге беруші тұлға ретінде жоғары бағаланып келгені белгілі. Бұрынғылардан бізге жеткен «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал да осыны айғақтайды. Әкелеріміз баласын ерте жастан еңбекке, батырлыққа, елжандылыққа баулып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырған. Мысалы, бала 14-15 жасқа келгенде оны алыстағы ақсақалдарға сәлем беруге жіберу дәстүрі болған екен. Сол арқылы балаға тәлім-тәрбие мен өмірлік сабақ беру көзделген. Отбасында аналар «әкең келе жатыр, әкеңе айтам» деген бір ауыз сөзбен тентектерді тезге салып отырған. Бұдан бұрынғы әкенің отбасындағы беделі зор болғанын көреміз.

Бүгінде қоғамдағы өзгерістерге байланысты әкенің отбасындағы рөліне қатысты түрлі пікірлер бар. Кейбір жағдайларда әкенің рөлі табыспен өлшеніп, оның отбасындағы беделі төмендегені айтылады. Дегенмен, әке тәрбиесінің маңыздылығы әлі де зор деп білем. Отбасындағы өзіндік салмағы, түзу тәрбиесі зор әкелерді көріп те жүрміз, өкінішке қарай олар көп емес қазір.

Қазіргі әкенің басты міндеті – отбасын бақытты, бақуатты етуге жұмыстанумен қатар, бала тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Қазақ отбасындағы әкенің рөлі уақыт өте келе өзгеріске ұшырағанымен, оның мәні жойылған жоқ, әсіресе бала тәрбиесіндегі орны жоғары. Бүгінгі күні әке тек асыраушы ғана емес, сонымен қатар рухани жетекші, үлгі тұтар тұлға болуы тиіс.

 

 

 

Уахит Адилов,

батагөй ақсақал:

- Әр отбасы бір мемлекет. Ол мемлекеттің басшысы - әке. Ол – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін асырап-бағушы, жақсы тәлім-тәрбие беруші. Әке – бала үшін асқар тау.  Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен қарау - әр баланың парызы.

Әкенің отбасындағы рөлін өткен кезеңнен қозғасақ, ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеген. «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында», «Балам, әкеңнің киімін жоғары қой», «Әкеңді тамаққа шақыр», «Әкеңнен рұқсат сұра», «Әкеңді шығарып сал», «Әкең келе жатыр» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырды. Мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болары  сөзсіз. Бұрынғы әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі үшін, бауырлары үшін еңбек етуге тәрбиеледі. Олардың мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбекқорлығының бала тәрбиесіне ықпалы зор еді.

Әкелеріміз бізге кезінде қандай ақыл, өнеге айтты, сол тәрбиені біз өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек деп есептеймін. Әке баласына ақылымен, сөзімен ғана емес, жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен де тәрбие беруге тырысуы керек. Мәселен, өзім отбасымда балаларыма әке болып ақыл беріп, керек кезінде олардың досы секілді сырласып, ой бөлісемін. Оларға әкемнен көрген тәлім-тәрбиені жеткізуге тырысамын.

Әке болып балаға жөн көрсету деген аса маңызды және жауапты міндет. Елдің ел болып ұйысып отыруында да отбасындағы әке тәрбиесінің үлесі аз емес деп білем. Сондықтан бүгінгі қоғамда отбасындағы әкенің рөлі төмендей бермеуі тиіс. Ол үшін тек әкелер ғана емес, отбасының ұйытқысы аналар да жауапты. Баланың санасына әкенің беделі, отбасындағы орны жоғары екенін сіңіруі керек. Әкенің тәлім-тәрбиесін, ақылын алып өскен ұл қашанда мінезді, намысты болып ер жетеді деп ойлаймын.

 

 

 

Жайнарбек Бержанов,

ардагер журналист:

- Кешегі әкелер жөнінде толғанғанда, бүгінде сағынышқа айналған өз әкемнің бейнесі бірден елес берді. Бүгінде өзіміз де егде тартып, ата жасына жеттік. Ұл-қыз өсіріп, немере-жиендердің тәтті қылықтарына марқайып отырған жайымыз бар. Өткенің мен бүгініңе ой жіберіп, әрі-беріні саралайсың. Тығырыққа тірелген сәттерде менің орнымда әкем болса не істер еді деп ойлап қалатынымды жасырмаймын.

Не деген қайтпас қайсар, қажырлы жандар еді кешегі әкелер. Сонау алмағайып заманда дүниеге келіп, төрт жасында ата-анадан айырылып, қиыншылықты, тауқыметті көре өсіп-жетілген әкеміз бізге жасында көрген қиындықтарын әңгімелеп, мұң шаға бермейтін. Бірақ балалық, жастық шағы ел бойынша ашаршылық жайлаған қиын-қыстау кезеңге тап келіп, ағасының қамқорлығы нәтижесінде орта білім алып шыққан соң, өз талпынысымен мұғалім кадрларын дайындау курсын, кейін педагогикалық училищеде оқып, мамандық алғанын айтып отыратын. Еңбек жолы енді басталғанда Екінші дүниежүзілік соғыс бұрқ етті де, ағасы екеуі соғысқа кете барды. Қамқоршы ағасы сол сұрапылдан қайтпады да, әкеміз елге жеңіспен оралды. Өмірінің қалған кезеңін сонау Жайық бойынан Нарын құмына жолдамамен келіп, ұстаздыққа, бала тәрбиесіне арнады.

Он баланың қарайтыны – әкеміздің жалақысы мен азды-көпті малы. Екі-үш шақырым жердегі мектептен түскі үзіліске келе сала киімін шешер-шешпестен мал қораға беттейтін. Әрқайсымыздың сабағымызды қатаң түрде өзі қадағалайды. Бүгіндері баласына қолындағы телефонын қойдыра алмайтын әкелерді көргенде сол кездегі әкелеріміздің қабағымен отырғызып-тұрғызатын беделі еске түседі. Анамыз «әкелерің біледі, әкелеріңнен сұраңдар, әкең ұрсады» деген сөздерімен отбасында әкенің рөлі бірінші тұратынын әркез байқатып отыратын. Әкеміз осындай қарбалас шаруамен жүрсе де кешкісін бізге уақыт табатын. Демалыс күндері қасына шаруаға ертіп алатын, қал-қадерімізге қарай шөп жинау, қора тазалау, үй майлау, су тасу сияқты жұмыстарға жұмсайтын. Ешқашан ұл-қыздарына ұрсып, зекіп, үйде реніш туғызып жатқанын көрмеппін. Теріс қылықтарымызды өзімізге жеке, болмаса кешкі дастархан үстінде ескерткені жарайтын. Міне, кезіндегі әкелеріміздің тәрбиесі осылай болып келетін.

Бүгінгі әкелердің ең басты әттеген-айы - өз баласына айтқанын тыңдата алмау. Тыңдатудың жолы осы екен деп айқаймен, үркітіп-қорқытумен іс бітпесі белгілі. Байқайтыным, баланың талабына бағынуға бейім тұрамыз. Баланың сұрағанын орындаймыз деп несиеге қымбат телефон алып береміз, қымбаттау киім-кешек екі бас-тан, осының бәрі оның болашағына кері әсер етері сөзсіз. Өзімшілдік, бәсекелестік, қанағатсыздық дегендер осындайдан шығады. Әкенің осыны балаға түсіндірерлік ақыл-беделі жетіспейтіндей көрінеді кейде. Қазіргі әке де баласының терең білім алуына, еңбекке баулынуына, болашақ мамандығының қыр-сырына осы бастан үңіліп үйренуіне мықтап көңіл бөлсе, құба-құп болар еді-ау. Әке ретінде баламен іші бауырына кіріп сөйлесуден қашқақтаймыз немесе олай жасауға бала алдында өзіміздің беделіміз жетпейді, турасын айтсақ баланы тыңдата алмаймыз, сосын «қатарынан қалмасыншы» деп қолды сілтей саламыз. Содан кейінгі үлкен бір кемшілігіміз, баланы кітап оқуға баули алмай келеміз. Кітап оқымау бүгінгінің дертіне айналды. Өз қатарластарымнан білемін, мектепте жүргенде деніміз кітапханадан жарысып көркем әдебиетті алып оқумен мақтанатын едік.

Пікірталас төңірегінде туындап кетіп жатқан жеке ойлар ғой. Жалпы отбасындағы, бала алдындағы әкенің орны деген өте күрделі әңгіме, оның артында отбасындағы әлеуметтік хал-ахуал, тұрмыс деңгейі, жұмыссыздық, діни ағымдардың ықпалы деген сияқты ықтиярдан тыс кедергілер де жатыр. Бірақ қалай болғанда да әкенің отбасында салмағы, абырой- беделі ешқашан төмендемеуі керек.

 

 

 

Құрманғали Наубетов,

Новобогат орта мектебінің директоры:                  

- Қазақ бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін, ең алдымен, әке мен ата тәрбиесінен көреді, «тегіне тартқан» дейді. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан. Баласы 14-15 жасқа келгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел деп жіберетін дәстүрдің ұмыт қалғаны өкінішті. Біріншіден, баланы сынға салып, екіншіден, көпті көрген көнекөз, көкірегі қазыналы қарттардың әңгімесіне қанығудың берері мол еді. Абайтанушы Омар Жәлел дәстүрлі тәрбиеде бала анасынан мейірімділік пен даналықты сіңірсе, әкесінен өжеттік, батылдық сияқты қасиеттерді сіңіріп өскен дейді.

– Қазақ «Әке – асқар тау, ана –  бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген бір ауыз сөзге бүкіл тәрбиенің бастауын сыйғыза білген. Әр отбасындағы әкенің рөлі ерекше. Әке – отбасының асыраушысы, отбасы мүшесінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы. Әке балаға жолдас әрі сырлас болуы керек. Ол әрқашан бір әрекет жасау үшін әуелі әкесімен ақылдасады. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше. Ал дұрыс тәрбие алған бала қоғамға пайдасын тигізетін азамат болып өседі.

Әрине, үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі – шаңырақтың темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланысты. Қазіргі кезде көптеген әкелер тіршіліктің күйбеңімен аласұрып, жұмысбастылықтан арыла алмай, тек ақша тауып, отбасын асырау, материалдық жағдайын жасау қамымен жүр. Кейбірі үйден тысқары жерде жұмыс істеп, бала-шағасын ұзақ мерзім көрмейді. Сол себепті бала тәрбиесімен анасы ғана айналысады. Сонымен қатар ер-азаматтардың ішінде маскүнем, қатыгез, маубас, жатыпішер жалқау, әйелінің тапқан нәпақасын ішіп-жеп, қазан-ошаққа араласып жүруге арланбайтындар қатары да көбейген, – дейді психоаналитик

Қазір ғаламтор беттерінде: «Балалардың «тамақ ішкім келеді», «ақша бар ма?», «қандай киім аламын?», «кіммен дос боламын?», «пәлен деген затым қайда?», «қайда қыдырамыз?», «сабағыма көмектесші» секілді барлық сауал-өтініштерін анасына бағыттайтыны, әкелеріне тек «анам қайда?» деп бір ғана сауал жолдайтыны» жайлы әңгіме айтылып, соған орай арнайы түсірілген бейнекөрініс кең таралып кетті. Шындық.

Француздың философ-жазушысы Жан-Жак Руссо: «Өмірге ұрпақ келтіріп, оны асырау арқылы әке өз міндетінің үштен бірін ғана орындайды. Ол адамзатқа адам, қоғамға қызметкер, мемлекетке азамат беруге міндетті. Осынау үш міндетті орындауға қабілетті бола тұра, кімде-кім оны орындамаса – айыпты» деген екен.

Әке рөлін қайта қалыптастыру үшін не істеу керек?

Психоаналитик Зүбайда Кененбаева күйеуі мен әйелі отбасындағы өздерінің рөлін анықтап алатын болса, үйде үйлесімділік пен тұрақтылық орнайды дейді. Ол отбасында әкенің беделін арттыру үшін қарапайым қағидаларды ұстануға кеңес береді. Оның айтуынша, қоғамның құрылуы әкелерден басталатындықтан, әкелер қоғамдағы өз орындарын қайта иеленулері қажет.

 

 

 

Серікқали Аубекеров,

аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі:

- Ата-бабамыз әкені «асқар тау» деп бейнелеген. Әке балаларына тірек болып қана қоймай, оларды өмірге дайындап, болашаққа жол көрсетеді. Оның рөлі тек отбасымен шектелмейді, әке тәрбиелеген ұрпақ – тұтас елдің болашағы.

Ата-бабамыздың бұрынғы көшпелі өмір салтында әкенің міндеті отбасын материалдық жағынан ғана қамтамасыз ету емес, рухани басшылық жасау болған. Әке малды бағып, шаруашылық жүргізсе, ана ошақтың иесі болып есептелді. Бірақ сол кездері отбасының үлкен мәселелерін шешуде әкенің орны биік тұрды. Әке ұлдарына өмірлік тәжірибесін бөлісіп, оларға шаруашылық жүргізу, жауынгерлік өнер, шежіре білу сияқты білімдерді үйретті. Әкенің ақылы мен тәрбиесі ұлдарын ержүрек, қайсар, адал азамат болуға баулыды. Әке қыздарына да қамқорлық танытып, оларға өмірлік тәлім берді. Оларға қатаң тәртіппен емес, мейіріммен қараған. Қыз бала тәрбиесі арқылы әке өз руының абыройын көтеруге тырысқан.

Ал енді кешегі кеңестік жүйенің үстемдік құрған кезеңнен бастап «әйел мен еркектің дәрежесін тең қыламыз» деген мемлекеттің бастамасы ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің тамырына балта шапты. Отбасындағы әке тәрбиесі талмаурады. «Әйел – үйдің шегесі, еркек – үйдің егесі» деген есті сөз елеусіз қалды. Көптеген еркек кіндіктілердің ұсақталып кеткені сондай, үйдің егесі болу былай тұрсын, отбасына әмірі жүрмейтін күйге түсті. Әйелден аса алмай, үйдің де, түздің де тірлігін әйел шешіп, еркектердің қазан-ошақ жағалап қалған кездері де болды. Бұл, әсіресе, егемендіктің алғашқы жылдарында көзге тайға таңба басқандай көрінді.

Ал қазіргі әкенің отбасындағы орнына келетін болсақ бұл өте жауапкершілікті, жанұяға деген адалдықты, білімділікті, заман ағысы мен талабына сай келу секілді басқа да көптеген қасиеттерді бойға сіңіре білу болып табылады. Түп тамырыңдағы тағылымды ұштастыра білген адам, отбасындағы тәрбиеге немқұрайлы қарамайды. Тыңдамайтын, ұқпайтын бала жоқ, тыңдата алмаған әке жауапты. Шыбықты солқылдап тұрған шағында дұрыс баптап өсірсең, ол түзу өскен терекке айналады. Бар гәп, бала еңбектеп, ес кіре бастаған сәтінен ұл балаға әке, қыз балаға ана жауапты болуында. Ұлттық құндылықтармен уызданып өспеген бала дүбәраға айналады. Ол үшін әкенің өзі дәстүрлі қағидаларға қанық болып, соны бала бойына сіңіре білуі керек. Ұлттық тәлім-тәрбие – дәстүрлі сабақтастықта жатыр. Қай дәуір болсын дәстүріңді ұштастыра білсең  ұтасың. Әрине, үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі – шаңырақтың темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланысты. Қазіргі кезде көптеген әкелер тек тіршіліктің күйбеңімен жүр.

Заман талабына сай жұмысты вахталық тәсілмен жасап немесе сауда-саттық, бизнес саласында шартарапты шарлап жүрген азаматтардың арасында: «Мен түздемін, бала-шағаның тәрбиесі сенің мойныңда» деп бәрін әйелге жүктеп қойып жүргендері де баршылық. Әрине, бұндай әкелер баласының қандай  тәлім-тәрбие алып жатқанын, қандай ортада жүргенін бағамдамағандықтан артынан бармақтарын шайнап қалып, өкініштен өзектері өртеніп жатады. Сондықтан қазіргідей күрделі кезеңде де әке – баланың, жанұяның қорғаны екенін ұмытпағанымыз жөн. «Бір бала бар әкеден өте туады. Бір бала бар әкеге жете туады. Бір бала бар кері кете туады» деп  бабаларымыз бекер баға бермеген. Ал кейбір отбасындағы әкенің орны ойсырап тұрғанын еркектердің босаңдығынан көрмеске шара жоқ.

Менің ұғымымда әкенің қазіргі қоғамдағы басты рөлі баланы сеніммен тәрбиелеу, балаңмен дос, сырлас бола білу, заман талабына сай білімің мен көзіңнің ашық болуы, кез келген тақырыпта балаңмен пікір алмасатындай ой-санаңның жетік болуы қажет. Бетінен қақпа, бірақ, белін буып жолға сал. Дүниедегі мақсаттың да, міндеттің де ең үлкені - ол ертеңгі күнге өнегелі, парасатты ұрпақ қалдыру.

 

 

 

ххх

Иә, той тек тойлау үшін емес, ойлау үшін де керек. Соған бағып, мерекелі сәтте берекелі тірлік туралы да толғанған сұхабаттастарымыз сауалымызға жауабын бере отырып осылай бір сыр ақтарды. «Әр кәллада бір ой бар», біз қозғаған тақырып төңірегінде қоздаған пікірлерді көптің назарына ұсындық. Оны әркім оқып, көңілге тоқып, өзінше ой қорытар болса құба-құп.

 

Дайындаған: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT