Бізді баулыған Бибігүл апай

0 Votes

Әлі есімде. Бесінші сыныпта оқитын кезім. Сабақ үстінде «класс жұмысы» дәптерімді ұмытып кеткенімді бір-ақ білдім. Ол кезде сабақ құралыңды үйге тастап кетуден асқан масқара жоқ. Тіпті, оқымақ түгілі, оқулықтың бетін ашпайтын балалар да кітап-дәптерін тап-таза қылып ұстап, сабаққа түгендеп әкеледі. Олардың қасында менің «беске оқиды» деген атым бар.

Сөйте тұра осындай салдыр-салақтығым үнемі көрініп қала береді. Кейде үйдегі інім кітаптың бетін жыртып тастайды, оны түптеймін деп ебедейсіз қолыммен қағаз клейді қалай болса солай құйып, әжептәуір кітаптың мыж-мыжын шығарып, сабақ аяқталып, оқулықты тапсырар кезде бір ұятқа қалатыным бар. Осы жолы да мұғалімге қарайтын бетім жоқ, бар тапқаным: «Апай, жүгіріп барып алып қайтсам бола ма?» болды. Мұғалім де еш ойланбастан: «Тездет!» деді қатқыл үнмен.

Күн қара суық. Қараша айының іші  болса керек.  Әне-міне қыс түседі деп отырған ауыл ішінара от жаға бастаған кез. Оған қарайтын мен бе, апайдың «тездет!» деген пәрмені құлағыма тиген бойда сырт киімімді де киместен бешпетшең ұшып ала жөнелдім. Ұяттан өртенердей болып шыққан соң ба, басында салқындықты сезбедім. Ішімнен салғырттығыма өкініп, өзімді сыбап келе жатырмын. «Апай не ойлайды? «Көкке көтеріп, тәртіпті, үлгілі оқушы дегендегіміз мынау ма?» дейтін шығар. Басқасы басқа, маған жете алмай жүрген кластастарыма сыртымнан мазақтап қалуға керемет мүмкіндік болды-ау. Анау күні Толик құрдасымның: «Ана тілі оқулығыңды жоғалтып алғаның есіңде ме?» деп келекелегені үшін оңдырмай сыбағасын берген едім. Енді мынаны да бетіме басар ма екен?».

Мектеп ауылдың мына шеті болса, үй ана шеті. Алқынып жүгіріп келемін. Суықтан құлағым қызарып, қолым домбыға бастады. Не де болса үйге тез жетуім керек. Бар ойым - сабақ орталағанша дәптерімді апарып, бүгінгі  сабақты жазып үлгеру. Ышқырым шыққанша ышқынып, үйге ентелей енгенімде қарсы алдымнан әкем күтіп алды.

Жүрегім зу ете түсті. Әкем қатал адам еді. Менің әр қадамым ол кісінің бақылауынан шығып көрмеген. Тіпті, сабақтан кешіккен уақытымда қайда, кіммен не істегенім жөнінде есеп беріп отыратынмын. Таңмен жұмысқа кететін әкем бұл жолы сәл кешігіп шығатын болыпты қасқылғанда. Оны білгенімде үйге келмейтін едім ғой...

Үстіме бірдеңе жапты да, мені мектепке ала жөнелді әкем. Дәптердің уайымы жолда қалды. Әкемнің қаһарлы жүзін көріп, енді не болатынын жобалап келе жатырмын.

Мұғалімдер бөлмесіне кірер-кірместен: «Бибігүл Төлеуованы шақырыңыз!» деді жас апайлардың біріне. Арғы жақтан сол кездегі мектеп директоры  Бақытжан Қыдырова апай шыға келіп, мән-жайды сұрай бастады.

Бибігүл апай – класс жетекшім. Шынында оның бұған түк қатысы жоқ. Өйткені, дәптерімді әкелу үшін мені үйге жұмсаған апай басқа адам. Бірақ, марқұм әкем заңқойлығына салып, «Класс жетекшісі неге қадағаламайды, тым болмаса неге киіндіріп жібермеген? Егер бала ауыратын болса, кім жауап береді?» деген сұрақтардың астына алып, мені жанындай жақсы көретін апайымды мұңайтып тастады. Тіпті, сол кезде оның көзі жасаурағанын да байқадым. Апайымның айтқанын үнсіз, сабырлы қалпында тыңдап, сынды дұрыс қабылдағанын әкем кейін айтып отыратын.

Содан кейін ұстазымның бетіне тіке қарай алмайтын болдым. Онымды апайым сезді ме, жоқ па, білмеймін. Бәлкім, білсе де байқамаған кейіп танытқан шығар. Әйтеуір, мені жек көріп кеткен жоқ. Керісінше, менің шығармашылыққа бейім екенімді байқап, үнемі мектептің қоғамдық жұмыстарына тартып жүрді. 

Дегенмен, апайымды бір рет ренжіткенім осы болды. Ол да мені бір рет ренжіткен. Ол оқып келгенімді айтайын деп қанша қол көтеріп жалынсам да, сабақ сұрамай қойған күні еді.

Айтпақшы, менің өлең жазатынымды ең бірінші білген және оны қабырға газетіне жариялап, одан әрі ынталандырған да осы Бибігүл апай болатын. Тек мені ғана емес, кейін бүгінде елге есімі таныс Тілеген Әли, мықты журналист Абылай Хамидуллин және менің інім айтыскер ақын  Амангелді Панабердиевті жетелеп, желкелеп жүріп талантын ашқан да осы Бибігүл апай еді.

Бүгінде біз әр салада, әр жақтамыз. Бірақ, апайымыз әлі сол әп-әдемі, жайма-шуақ қалпында шәкірт тәрбиелеп жүр. Өйткені ол мұғалім ғана емес,  ұстаз! Оның жаны – ұстаз, болмысы – ұстаз.

 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT