Бизнес өкілдерімен ашық диалог кәсіп көкжиегін кеңейтуі тиіс

12 наурыз күні аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі, «Атамекен» ҰҚП аудандық филиалы және жастар ресурстық орталығы бірлесіп жергілікті шаруа қожалықтары және кәсіпкерлерге арналған ашық диалог алаңын өткізген болатын.

Шараға аудан әкімі М.Мурзиев, Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі М.Латипов, облыстық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры директорының орынбасары Н.Шанаева, «Қазагроқаржы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Б.Күлсінбаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Д.Давлетьяров қатысты.

Алғашқылардың бірі болып аудан әкімінің алдына сауал тастаған, жаңадан кәсіп ашуға ниетті тұщықұдықтық Қайыржан Жақсығұлов болды. Ол «Аққыстау-Тұщықұдық-Новобогат» ауылдары арасына қатынайтын маршруттық көлік алып, жолаушылар тасымалымен айналысқысы келеді екен. Өткен жылы бұл бағытта екі автобус жұмыс бастаған еді, бірақ ол көліктер көп ұзамай тоқтап қалды. Осы кәсіпті қайта жаңғыртқысы келген жас жігіттің бұл талабын аудан әкімі де қолдады. Енді тек кепілсіз несие мәселесі шешілсе, іс оңға баспақ.

Жеке кәсіпкер Қаһарман Дауылбаев өзектердегі су тапшылығына байланысты теңіз суын арнайы құрылғы арқылы тұшытып, халық игілігіне берсе жақсы болар еді деген тілегін жеткізді. Сонымен бірге аудан орталығы көшелеріндегі баннерлер ілетін тұғырлар санының кемдігін айтты. «Жантемір» шаруа қожалығының басшысы Аманбек Біләлов аудан үстімен өтетін теміржолдарды қоршау туралы мәселе көтерді. Өйткені, мал ұстап отырған жергілікті халыққа обал көрінеді. Қатты жылдамдықпен өтетін пойыздардың астына талай мал тапталуда.

Бұл сауалға жауап қайтарған аудан әкімі:

- Аудан аумағы зор. Темір-жолдардың барлығын қоршауға көп шығын кететіндіктен, бұл мәселе жуық арада шешіледі деп ойламаймын. Ең тиімді жол – жеке малды бақташыға бақтыру,- деді.

Сонымен бірге жиекте мал шаруашылығымен айналысатын жеке қожалық иелері мал суаратын су көзінің тереңдеп кеткенін айтып, теңізден пластикалық тұрба арқылы құмға су тартса деген мәселе көтерді. Аққыстаулық Азамат Халел стоматологиялық құрылғы сатып алып, елге қызмет ету үшін қаржы институттарынан көмек сұрады. Қазіргі уақытта тіс дәрігері болып қызмет атқаратындықтан, бұл ретте талапты жасқа несие алатын «ҚазАгроКепіл» бағдарламасына қатысуға кеңес берілді.

Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ризабек Жақсыбаевтың айтуынша, өткен жылы ауданда1 968 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 2016 жылмен салыстырғанда 3 пайызға өскен, оларда жұмыс жасайтындар да 4,2 пайызға өсіп, 2116 адамды құрап отыр.

Есепті мерзімде 7 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 17 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 4 нысанға «Бизнес аймақ», «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдау көрсетілген. Олар: Аққыстау ауылындағы көлік жөндеу орны, макарон өнімдерін шығару цехы, темір ұстаханасы, Х.Ерғалиев ауылындағы көлік жөндеу қосыны. 2018 жылы әзірге несие алып, кәсіп ашқысы келетін 8 адам тіркеліп отыр. Олардың ішінде бөдене құсын өсірумен айналысуға және мал жүнін қырқатын агрегат ашуға екі азамат үміткер. «Бастау-бизнес» бағдарламасы бойынша өткен жылы 144 адам оқытылып, 11 адам кәсібін ашуға 38 млн. теңге несие алған.

Өткен жылы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы, қаржы институттары өкілдерімен ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру мақсатында жоспарлы 14 cеминар- кеңестер өткізген. Биыл да ол жұмыстар жалғасатын болады.

Анаргүл ҚҰСАЙЫНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521