Тәуелсіздік – бабалардың аңсауы, қазіргі ұрпақ қол жеткізген киелі ұғым. Бұл ұғымның қазақ даласына сіңіп, еліміз бейбіт күннің құшағында тербелгеніне де 34 жыл толмақ. Осы жылдар ішінде білім беру саласында, оның ішінде балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру жолында талай еңбек жасалып келеді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы бөбекжай-бақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз, сол арқылы патриоттық тәрбие беруді де бақшадан бастауымыз маңызды.
Тұщықұдық ауылының «Құлыншақ» бөбекжай-бақшасында дене тәрбиесі нұсқаушысы Ермұханова Райхан Сағынәліқызының ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай аптаның басында бастау алған «Асық-Fest» атты апталықтың да мақсаты осы. Барлық тәрбиеленушілерді қамтыған бұл апталықтың – тәрбиеленушілерге Тәуелсіздік күнінің мәнін танытып, қазақтың ұлттық мұраларына, тарихи күндердің маңыздылығына деген қызығушылығын оятуды да көздеді.

Өткен аптаның дүйсенбі күнінде апталықтың ашылу салтанатында ересек және мектепалды тобының балалары қазақша үлгіде киініп, мерекеге деген өз ілтипаттарын білдірді. Әнұранымызбен басталған шарада Тәуелсіздік туралы, ұлттық құндылықтарымыз жайында ақпараттар айтылып, кішкентай патриоттарымыздың тарихи күнмен тереңірек танысуына жағдай жасалды.
«Асық-Fest»-тің екінші күні қиял әлеміне қанат бітірген арт-терапия үлгісінде болды. Қазақтың еркіндігін, құндылығын білдіретін суреттерді қалаған түстерімен бояу балалардың шығармашылығын дамытып, еркін болуға, өз еркіндіктері мен қиялын ұштастыруға мүмкіндік берді.

Одан әрі қатысушылардың қимыл-қозғалыс пен ұлттық ойындарға деген қызығушылықтарын арттыратын «Батырлар алаңы», квест түрінде өтетін логикалық ойлау мен ұлттық дағдыларды қалыптастыруға күш салатын «Асық-квест: құпия қазына» ойыны көрініс тапты.
Шараларды қорытындылау мақсатындағы апталықтың жабылуы аптаның соңында өтеді. Әр күні өткізілген жиындар бойынша балалардан кері байланыс алынып, Тәуелсіздік күніне орай көрме ұйымдастырылып, қатысушы барша баланың еңбегі мадақталады. Бүлдіршіндер арасындағы бұл апталық – тарихи мереке туралы жас ұрпақтың санасында сақталатын ерекше сәт болары анық.
Әсел ТАБИҒАТОВА


