«Бәлкім, бүгін жолым болар...»

 

Бүгінде қоғамда ақшаны оңай табудың жолын іздеп, «сәттілікті сынауға»  әуестенетіндер көбейіп келеді. Бірі спортқа бәс тігеді, бірі – онлайн-казинолардың шырмауында. Бәрінің ұстанымы бір – «бәлкім, бүгін жолым болар». Бірақ шын мәнінде бұл үміттің арты көбіне күйреумен аяқталады. Лудомания – жай әдет емес, адамның еркін, отбасын, өмірін уысынан жұлып әкететін тәуелділік.

Құмар ойын – психологиялық тәуелділіктің ең ауыр түрі. Алғашында қызық үшін басталған әдет уақыт өте қажеттілікке айналады. Күні-түні ойындағы бір ғана ой – «тағы да бір мәрте ұтсам болды». Осы сәттен бастап адам өзіне де, айналасына да бақылауын жоғалтады. Біреу қарызға батады, біреу отбасынан айырылады, енді бірі заң алдында жауап береді. Психологтар мұндай тәуелділікті «сананың ауруы» деп атайды. Яғни адам өзінің жеңілгенін түсінгенімен, ойнауға деген ішкі құштарлығын тоқтата алмайды. Бұл құбылыстың тамыры – әлсіз ерік, қаржылық сауатсыздық және бос үміт.

Исатай ауданының полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетовтің айтуынша, әзірге аудан аумағында заңсыз ойын бизнесі тіркелмеген.

— Бүгінгі күнге дейін заңсыз ойын залдары немесе ойын-сауық орындары анықталған жоқ. Тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Соңғы екі жылда құмар ойынға қатысты екі қылмыстық іс қозғалды. Оның бірі 2024 жылы сотқа жіберілді, биылғы іс тараптардың өзара татуласуына байланысты тоқтатылды,-дейді полиция өкілі.

Бұл дерек – аудан үшін оң жаңалық. Алайда республика көлемінде жағдай күрделірек. Ел бойынша заңсыз ойын бизнесі дерегі тіркелген. Оның басым бөлігі – онлайн форматта. Яғни, тәуелділік кеңістік таңдамайды: ойынхана жабылса да, смартфон ашық тұр.

Қазір құмар ойынның түрі көбейді: букмекерлік кеңселер, онлайн-казинолар, виртуалды слоттар. Кейбір сайттар заңды тіркелген компаниялар атымен жасырынып, бәс тігуге итермелейді. Бұл – ең қауіпті тұс. Өйткені мұнда жапа шегушілердің көбі жастар.

— Интернет-алаяқтық пен заңсыз ойындарға қарсы профилактикалық шаралар тұрақты жүргізіледі. Мектептер мен колледждерде кездесулер ұйымдастырылып, оқушылар мен мұғалімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде,-дейді полиция қызметкерлері.

Алайда интернет заманында түсіндірудің өзі жеткіліксіз. Себебі бәс тігудің «жасырынып ойнау» мәдениеті қалыптасқан. Телефондағы қосымша арқылы бірнеше секундта ақша тігіп, нәтижесін күтетін жастар үшін бұл – ойын емес, тәуелділікке апарар жол.

Лудоманияны тек құқықтық мәселе деп қарау – қателік. Бұл ең алдымен әлеуметтік және рухани дағдарыстың көрінісі. 

Экономистердің есебі бойынша, құмар ойындарға тәуелді адам жылына орта есеппен 1,5–2 миллион теңгеге дейін қаржысын жоғалтады. Бұл бір отбасының бір жылдық азық-түлік шығынымен тең. Ал психологиялық тұрғыда адам өзін «сәтсіз», «қолынан ештеңе келмейтін» тұлға ретінде қабылдай бастайды.

Құмар ойынға тәуелділіктің тамырына балта шабу үшін тек полицияның немесе заңның әрекеті жеткіліксіз. Мұнда отбасы, білім беру мекемелері, дін қызметкерлері мен жергілікті қоғамдастық бірлесе әрекет етуі тиіс.

Жастарға қаржылық сауаттылық пен еңбек арқылы табыс табудың жолдарын үйрету, адал еңбектің қадірін сезіндіру – ең тиімді профилактика.

Құмар ойын – адамды бір сәтке «жеңімпаз» сезіндіреді, бірақ түбінде бәрібір ұтылдырады. Ақша да, сенім де, бедел де – бәрі бір сәттік иллюзияның құрбанына айналады. Өмірді ойынға емес, мақсатқа айналдырған адам ғана ұтылмайды.


    
Камилла КАКИМҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT