Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллекттің маңыздылығына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы:
— Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы тиіс. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуі қажет, – деп атап өтті.
Бұл – Қазақстанның цифрлық болашағына жасалған нақты қадам. Расында да, жасанды интеллект (ЖИ) қазірдің өзінде білім беру, медицина, өндіріс, көлік және тұрмыстық қызмет көрсету саласында кеңінен қолданылып келеді. Ол адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, тиімділікті арттыруға, уақыт пен қаржыны үнемдеуге зор үлес қосуда.
Алайда ғылыми жетістіктердің екінші қыры да бар. Соңғы жылдары ЖИ-ді теріс мақсатта пайдалану қаупі жиі көтерілуде. Әсіресе әскери салада аса қауіпті қаруларды жетілдіру үшін қолдану ықтималдығы алаңдатады. ЖИ негізінде автономды жүйелерді, кибершабуыл құралдарын, тіпті биологиялық және химиялық қару түрлерін жасау мүмкіндігі бар екені дәлелденіп отыр. Мұндай әрекеттер халықаралық құқыққа да, адамгершілік қағидаттарына да қайшы.
Егер жасанды интеллект бақылаусыз дамып, реттелмесе, оның салдары ядролық қарудан да қауіпті болуы ықтимал. Бұл – бүкіл адамзатқа ортақ қатер. Сондықтан мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, ғылыми орта мен бизнес қауымдастықтары бірлесіп, ЖИ-ді қолданудағы этикалық нормаларды айқындап, заңнамалық тетіктерді күшейтуі қажет.
Жасанды интеллект тек бейбіт мақсатқа бағытталғанда ғана адамзаттың игілігіне қызмет етеді. Оны дамытудағы басты қағида – адамды алмастыру емес, адамға көмекші болу. Білім мен ғылымда, медицина мен өндірісте, күнделікті тұрмыста ЖИ-ді дұрыс қолдана білсек, оның пайдасы шексіз. Бірақ қауіпсіздік пен адамзат құндылықтары бірінші орында тұруы тиіс.
Победа Бағдат Қайратұлы,
Исатай аудандық «Мектеп-гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инженер-программисті