Қазақстандағы ең көне театрларының бірі, облыстағы өнер ордасы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының құрылғанына биыл 85 – жыл толды. Осы орайда театр ұжымы маусымдық қойылымдарымен аудандарды аралауға шықты.Гастрольдік сапар алғаш Құрманғазы ауданынан басталса, кейін біздің ауданға келіп табан тіреді.
«Жастар» театры алдымен «Жалын» мәдениет үйінде аққыстаулықтарға арнап қойылым қойылса, келесі күні Қамысқала ауылдық округінің мәдениет үйіне арнайы тоқталды. Театр ұжымы күндіз балаларға арналған «Ұр, тоқпақ» ертегісін, кешкілік украин драматургы Мария Ладоның «Болмаған оқиға» шығармасын сахналады. Адамдардың теріс әрекеті мен арам пиғылын хайуанаттар да оң көзқараспен бағаламайды. Көпшілікті қалың ойға батырған қойылым адамдардың бір-біріне қадір-қасиетін, наным-сенімін, жауыздық пен пасық мінезді, қоршаған ортаға деген құрметін жан-жануарларға тіл бітіре кейіптеп, әдемі суреттеді. Осы актёрлік құрамның ішінде өзіміздің жерлестеріміз, қамысқалалық «Ерең еңбегі» үшін медаль иегері, «Махамбет» атындағы сыйлықтың иегері Мырзабек Макулов пен жас буынды актриса Шахизада Күзембай бар екенін зор қуанышпен айта аламыз.
Талай жылдар өтсе де өз көрерменін жоғалтпай, қайта қарасын көбейтіп келген театрдың ерекшелігі оның бай репертуарында болса керек. Көрермендердің көңілінен шығатын классикалық қойылымдар саны артуда. Сонымен бірге театр әлемдік классикалық шығармаларды да жетік меңгеріп әрі әлемдік cахнадан өнер көрсетіп келеді.Осы орайда өнер ошағының алдағы жоспары туралы сыр шерткен «Жастар» театрының жетекшісі Әміржан Нұрланұлы:
-Жалпы биыл театрға 85 жыл мерей той болғандықтан, ауқымды көлемде тойлаймыз.Бұл бастаманың басы ғана, әлі жасалатын жұмыстар көп. Жуық арада Астана қаласына барып, кейіннен киелі Түркістан қаласының жұртшылығына қойылым ұсынсақ деген жоспарлар жасақталуда. Бұл еңбек ұжымы көптеген халықаралық, республикалық театрлар фестивальдерінде лауреат атанды. Осы 85 жылдықты жалаулатып, алыс-жақын шетелдерге шығу ойда жүр.Алдағы уақытта 85 жылдықтың аясына өздеріңізге белгілі, театр саласына үлкен еңбегі сіңген қайраткер, Чапай Зұлқашов ағамыздың атына фестиваль өткізу жоспарда бар,- деген ол мәдениет үйінің ұжымына алғысын білдіріп, естелік сыйлыққа Махамбет атындағы академиялық театрдың 85 жылдық тарихы жазылған кітапты тарту етті.
Сағыныш ҚАЙЫР