БОРЫШ ПЕН БАП: ӘСКЕРГЕ ДАЙЫНБЫЗ БА?

 

Көктемнің алғашқы күнінде елімізде дәстүрлі көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталды. 1 наурыздан 30 маусымға дейін жалғасатын бұл үрдіс – әрбір азаматтың Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге жасайтын маңызды қадамы. Әскер тек әскери дайындық алаңы ғана емес, тәртіп пен жауапкершілікті сезінетін, елін, жерін сүюдің шынайы маңызын ұғынатын үлкен мектеп. Ер жігіттің қайсарлығы мен табандылығы сыналатын, төзімділігі мен рухы шыңдалатын орта. Бүгінгі ұрпақ осы міндеттің маңызын түсіне ме? Әскери қызметке жастардың қызығушылығы қандай? Біз бұл сұрақтардың жауабын білу мақсатында Исатай аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы, капитан Мұхамади Елнұр Қуандықұлымен сұхбаттасқан едік.

Бұл науқан барысында 18 бен 27 жас аралығындағы жастар Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі және Ұлттық ұлан қатарына қабылданады. Капитан Елнұр Қуандықұлының айтуынша, аудан өткен жылы мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарын 103%-ға орындаған. Бұл – соңғы бес жылда болмаған жоғары көрсеткіш. Биыл да осы межеден түспеу – басты мақсат. Дегенмен, кейбір қиындықтар да жоқ емес.

– 2025 жылдың көктемгі жүктемесіне сәйкес шақырту жіберілгеннен кейін азаматтардың денсаулығы тексеріліп, алғашқы медициналық комиссиядан өтеді. Сонымен қатар зерделеу жұмыстары да жүргізіледі. Биыл әскерге шақырылатын жастардың арасында денсаулыққа байланысты мәселелер жиі кездесуде. Әсіресе жүрек, асқазан аурулары, жалпы дұрыс тамақтанбау салдарынан пайда болған сырқаттар көптеп анықталып жатыр. Сондай-ақ кейбір жастардың әскери қызметке деген көзқарасы енжар екенін де жасырмаймыз. Бұл бізге үлкен ой салатын жағдай,-дейді бөлім басшысы.

Жастарды әскерге дайындау мақсатында биыл жаңа өзгеріс енгізілген. Енді мектептердің 10-11-сынып оқушылары әскерге алдын ала тіркеуге алынады. Бұл қадам жастарды ертерек жауапкершілікке үйретіп, олардың әскери қызметке деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етпек.

Әскери борышын өтеген азаматтарға берілетін жеңілдіктер де аз емес. Елнұр Мұхамадидың айтуынша, әскери борышын өтеу барысында тәртібі жақсы және жауынгерлік дайындық сабақтарынан көрсеткіші жоғары болғандар еліміздің кез келген жоғары оқу орнының  грантына ие болады. Бұл мүмкіндік оқуын жалғастырушы сарбаздарға да қатысты.Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді әскери қызмет сарбаздарына «несиелік демалыс» беру туралы меморандум бекітті. Бұл құжат еліміздің Қарулы Күштерінде борышын өтеп жатқан сарбаздарға үлкен қолдау көрсетуді көздейді. Енді әскери қызметке шақырылған жастар әскер қатарында болған уақытында несие төлемдерін кейінге шегере алады. Бұл – әскерге шақырылған азаматтардың қаржылық қиындықтарға тап болмауын қамтамасыз ететін маңызды қадам. Яғни, олар борышын өтеп болған соң ғана несие төлеуге қайта кіріседі.

– Қазіргі таңда көптеген жастар жоғары оқу орнынан кейін немесе жұмыс істеп жүріп, белгілі бір несиелік міндеттемелер алады. Әскер қатарына шақырылған кезде бұл олардың қаржылық жағдайына қиындық тудыруы мүмкін еді. Ал жаңа бастама жауынгерлерге несие төлеу мәселесіне алаңдамай, әскери міндетін абыроймен өтеуге мүмкіндік береді. Бұл меморандум – заман талабына сай қабылданған оң шешім. Ол жас сарбаздардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетіп қана қоймай, Отан алдындағы борышын алаңсыз өтеуіне жағдай жасайды. Мұндай қолдау шаралары жастардың әскерге деген көзқарасын жақсартып, олардың әскери қызметке ынтасын арттыратыны сөзсіз. Әскер  тәртіп мектебі ғана емес, азаматтың болашағына бағыт-бағдар беретін өмірлік тәжірибе алаңы. Сондықтан әрбір жігіт әскери борышын өтеуден жалтармай, оны нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірудің бір мүмкіндігі ретінде қарағаны жөн,-деп түйіндеді бөлім басшысы.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, азаматтарды бейбіт уақытта мерзімді әскери қызметке шақырудан босату мен оны кейінге шегерудің нақты құқықтық негіздері қарастырылған. Бұл ережелер жастардың өмірлік жағдайлары мен денсаулығын ескере отырып, олардың әскери міндеттерін әділ және негізді түрде орындауына мүмкіндік береді.

 

Әскери қызметтен

босатылатын азаматтар

Бейбіт уақытта мынадай азаматтар әскери қызметке шақырудан толықтай босатылады:

  • Денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз деп танылғандар – медициналық комиссияның шешімімен әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар мерзімді әскери қызметтен босатылады.
  • 27 жасқа толған және заңды негіздер бойынша әскерге шақырылмағандар – егер азамат 27 жасқа дейін түрлі заңды себептермен әскерге шақырылмаса, ол әскери борышын өтеуден босатылады.
  • Басқа мемлекетте әскери қызмет атқарғандар – егер азамат Қазақстаннан тыс елде әскери қызметін өтеген болса, ол қайтадан шақырылмайды.
  • Ғылыми дәрежесі бар азаматтар – «ғылым кандидаты» немесе «ғылым докторы» ғылыми дәрежесі бар азаматтар мерзімді әскери қызметтен босатылады.
  • Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері – ресми тіркелген діни ұйымдарда қызмет ететін діни қызметкерлер әскерге шақырылмайды.

 

Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру негіздері

Кейбір жағдайларда азаматтарды әскери қызметке шақыру уақытша кейінге қалдырылуы мүмкін. Бұл кейінге шегеру мерзімі белгілі бір уақыт аралығына белгіленеді және төмендегі негіздерге сүйенеді:

  • Отбасылық жағдайы – егер әскерге шақырылатын азамат жалғыз асыраушы болып табылса немесе отбасының ерекше әлеуметтік жағдайы болса, оған кейінге қалдыру құқығы берілуі мүмкін.
  • Білімін жалғастыру – жоғары оқу орындарында (бакалавриат, магистратура, докторантура) оқып жүрген студенттер мен оқушылар үшін әскерге шақыру кейінге қалдырылады.
  • Денсаулық жағдайы – белгілі бір медициналық көрсеткіштерге байланысты уақытша әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтарға денсаулығын қалпына келтіруге уақыт беріледі.
  • Өзге де себептер – заңнамада көзделген басқа да ерекше жағдайларға байланысты әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылады.

Қазіргі таңда әскери кафедраны тәмамдаған жас мамандарға лейтенант әскери шені беріледі. Бұл туралы Елнұр Мұхамади мәлімдеді. Оның айтуынша, әскери кафедраны бітірген түлектер автоматты түрде әскери запастағы офицер ретінде тіркеледі.

 

Алайда, запастағы офицер болумен қатар, оларға екі жылдық келісімшарт негізінде Қарулы Күштер қатарында қызмет ету мүмкіндігі ұсынылады. Бұл келісімшартқа қол қойған офицерлер толыққанды әскери қызметші ретінде еңбекақы алып, мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік кепілдіктерге ие болады.

–Екі жылдық офицерлік қызмет кезінде әскери қызметкердің жалақысынан бөлек, оның отбасындағы әрбір мүшесіне арнайы үстемақы төленеді. Атырау облысы бойынша бұл үстемақы мөлшері 65 000 теңгені құрайды. Яғни, отбасы мүшелерінің санына қарай офицердің ай сайынғы кірісі едәуір артуы мүмкін,-Елнұр Қуандықұлы.

Ал екі жалдан кейін қандай таңдау тұратынын да баяндап берді.

–Келісімшарт мерзімі аяқталған соң офицер әскери қызметті жалғастыруға немесе азаматтық салаға қайта оралуға толық құқылы. Бұл шешім әрбір жас офицердің өз еркінде. Егер ол әскери мансапты таңдаса, әрі қарай лауазымы жоғарылап, қызметін жалғастыра алады. Ал әскери қызметтен бас тартқан жағдайда, запастағы офицер ретінде есепте тұрады,-деді Е.Мұхамади. Бұл ережелер Қазақстан азаматтарының әлеуметтік және құқықтық жағдайларын ескере отырып, олардың әскери қызметке баруына әділ жағдай жасайды.

Бұл ережелер Қазақстан азаматтарының әлеуметтік және құқықтық жағдайларын ескере отырып, олардың әскери қызметке баруына әділ жағдай жасайды. Әскерге шақырылу әрбір азаматтың міндеті болғанымен, заң белгілі бір санаттағы азаматтарға негізді босатулар мен кейінге шегеру мүмкіндігін қарастырған.

Қазіргі уақытта әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үдерісі толығымен цифрландырылған. Азаматтар «eGov» порталы арқылы шақыру науқаны басталар алдында тиісті құжаттарды тіркеп, өтініш бере алады.

Әскерге шақырылушылар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша белгіленген уақытта келуге міндетті. Шақыру қағазы жеке өзіне, 1414 нөмірінен SMS хабарлама арқылы немесе жұмыс (оқу) орнына ресми түрде жіберіледі.

Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында: «…Ұзаққа созылған кіріптарлық текке кетпейді, оның ой-санасына құлдық таңбасы болып басылады. Сүйекке сіңген қорқыныш-үрейден ол бәрібір арылмайды. Ал әскер ішінде қорқақтардың болуы — жұқпалы дерттен де қатерлі. Ал, естеріңде болатын жайт: жігіттерді жасытпай, еркін ұстаңдар. …Әрбір сарбаз өзінің еркін елдің ерке ұланы екенін бір сәт жадынан шығармасын. Құлдық — Алаш ұлына жат. Ол не жеңеді, не азаттық үшін басын береді — екінің бірі!»- дейді.

Иә, расында да, ұзақ жылдарға созылған кіріптарлық, басыбайлылық, езгіде жүру текке кетпейді. Оның ізі халықтың санасында, мінезінде, тіпті күнделікті өмір салтында да қалып қояды. Бұл – ең қауіпті дерт. Себебі құлдық санадан арылмаған елдің ертеңі бұлыңғыр. Азаттық тек сыртқы жаудан құтылу емес, ең әуелі рухтың азаттығы. Егер адам бойында қорқыныш, бағыныштылық, өз тағдырын өзгелердің қолына тапсыру секілді құлдық психология қалса, ол қанша азат елде өмір сүрсе де, шын мәнінде еркін бола алмайды.

Қабдеш Жұмаділовтің бұл сөзі бүгінгі күннің де айнасы іспетті. Бүгінгі қазақ жастары да өзінің еркін елдің ерке ұланы екенін ұмытпауы керек. Еркін ойлайтын, батыл әрекет ететін, әділетсіздікке қарсы тұра алатын азаматтар ғана нағыз тәуелсіз елдің тірегі бола алады. Өйткені құлдық – Алаш баласына жат. Ол не жеңеді, не азаттық үшін басын береді – екінің бірі.

Сол себепті де ел қорғаны болу – әр азаматтың қасиетті борышы. Әскерден жалтару, өз елінің алдындағы парызынан қашу –азаматтық намысына сын! Отанын, туған жерін қорғауға қауқарсыз, жауапкершіліктен жалтарған жаннан ертең ел үшін жанын берер қайсар ұл шыға ма? Азат елдің нағыз ұрпағы қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, қажет болса, елінің болашағы үшін күресуге дайын болуы тиіс-ақ.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT