Ботулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин – органикалық улардың ең күштілерінің бірі, адам үшін өлтіретін мөлшері болып 0,035 мг токсин саналады.
Токсин физикалық және химиялық факторлардың әсеріне төзімді, оны 10-20 минут қайнатқанда бұзылады, ол натрий хлориді концентрациясы көп ортада жақсы сақталады. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың, балықтардың ішек жолдарында, топырақта, көңде, жеміс-жидекте, жем-шөпте, мал азықтарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм ауруының 90%-ы тұрмыстық жағдайында дайындалған саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс, ет, балық консервілерін және тұздалған, ысталған балық, шұжық, сүрленген шошқа етін пайдаланғаннан болады, яғни технологиялық ереже сақталмай дайындалған әртүрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда орын алады. Консервіленген тағамда CI.botulinum микроорганизмі өсіп, жетілген кезде банкінің беті мен түбі ісінеді, осының салдарынан қақпағы көтеріледі, оны «бомбаж» дейді.
Аурудың негізгі белгілері 2-12 сағат аралығында байқала бастайды: науқас адамның басы ауырып, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, ауызы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады, неврологиялық белгілер (көздің қарашығы ұлғайып, алдында тұрған зат қосарланып көрінеді, науқастың жұтынуы қиындап, бірте-бірте дауысынан айрылады(афония).
Ботулизмнің алғашқы белгісі білінісімен науқасты ауруханаға жатқызу керек. Оған жедел түрде ботулизмге қарсы арнаулы иммунды сарысу егіледі. Мұндай сарысуды науқаспен бірге болып, уланған консервімен тамақтанған басқа адамдарға да егу қажет. Бұл аурудан сақтану үшін азық- түліктерді өңдегенде, тасымалдағанда, сақтағанда, дайындағанда,соның ішінде үйде консервілегенде санитариялық-гигиеналық ережелерді мұқият орындау қажет.
Ботулизм ауруының алдын алу жолдары:
-санитариялық тазалықты сақтау, тамақ өнімдерін консервілеуде технологиялық процесті қатаң сақтау, консервіленген өнімдердің сақталуын қадағалау, жылы, ыстық орындарда сақтамау. Жалпы консервіленген тағамдардың бәрін төменгі температурада сақтап, қолданар алдында 40-30 минут бойы қайнатып алған дұрыс. Үлкен ыдыстарда, көп мөлшерде тұздалған тағамдар дайындау қауіпті, өйткені оның түбінде ауасыз жағдай қалыптасып ботулизм токсині түзілуі мүмкін.
- қалай дайындалғандығы белгісіз, дайындау сақтау мерзімі көрсетілмеген, ұзақ сақталған тағамдарды кездейсоқ жерлерден, базарлардан сатып алмау қажет және консервіленген өнімдерді пайдалану алдында қақпағы күмпиген (ісінген) бомбаж және «бұлыңғыр» түрдегі өнімдерді пайдаланбаған дұрыс.
Егер күдікті тағамдар қолданған кезде және аурудың белгілері пайда болса тез арада дәрігерге қаралу қажет.
Бекешева Әлия Аюпқалиқызы
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары