«БОЗДАҚТАР» МОНУМЕНТІНДЕГІ ГҮЛ ШОҚТАРЫ

Жеңіс күні – бейбітшіліктің және қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын дәлелдейтін, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбынын, Жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің мәңгі өшпейтіндігін айқындайды. Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген перзенттік парыздарын адал атқарды.

 Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 78 жыл толып отыр. Ерлік қашанда ұмытылуға тиісті емес. Осыған орай бабалар рухына тағзым етіп, Ұлы Отан  соғысында қаза тапқан және сол зұлматтан оралмаған боздақтарымызға құрмет көрсетіп, аудан орталығында орналасқан «Ардагерлер аллеясында» есімдері тасқа қашалып жазылған «Боздақтар» монументіне гүлдестелер қойылды.

Алғы сөз легін аудан әкімінің міндетін атқарушы Рашид Мұқанов алып, 9 мамыр мәңгілікке Ұлы Жеңіс күні ретінде қалатынын және майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің тарихи ерлігі мен батылдығы құрметке лайық екенін атап өтіп, мерекемен құттықтады.

 Осынау қасиетті күні бүгінгі ұрпақ қан кешіп опат болған,  жауға тайсалмай шауып, батырлық танытқан азат етуші жауынгерлердің мұқалмас жігерінің алдында бас иетіні ақиқат.  Жеңістің маңызын сары майдай сақтап, өкшелеп келе жатқан өскелең ұрпаққа асыл мұра, қымбат қазынадай қалдыру керектігін , аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жансих Маштахов пен қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Насимуллин тілге тиек етті.

Әрмен қарай, гүл қою рәсімінде бастау  алып,  аудан әкімінің міндетін атқарушы Рашид Мұқанов пен Ауған соғысының ардагерлері мен майдангерлер ұрпақтары аяңдады.

Гүлдесте қою рәсімін аудандық мәслихат және қоғамдық кеңес төрағасы, депутаттар, мәслихат аппараты, «Аmanat» партиясы аудандық филиалы, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы ұжымы жалғастырды. Ретімен орайласқан, аудандық прокуратура, сот, полиция бөлім қызметкерлері, аудандық қорғаныс,төтенше жағдайлар, №6 өрт сөндіру бөлімдері және басқа қоғамдық ұйымдар жалғастырды.

Одан кейін аудандық білім бөлімінің ұжымдары мен мектептер, балабақша, қосымша білім беру ұйымдары, одан бөлек «Жайықмұнайгаз» басқарма ұжымы да боздақтар рухына тағзым етті.

Келесі болып аудандық орталық аурухана, санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, коммуналдық мекемелері мен Аққыстау ауылдық округі әкімдігінің ұжымдары гүл шоқтарын қойды. Гүлдесте қою шеруін  аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен аудандық  жастар ресурстық орталығы қорытындылады.

Шара соңында шеруге қатысушылар бейбіт өмір жолында от пен оқ ортасында қан кешіп, жат елдерден оралмаған боздақтарымызды бір минуттық үнсіздікпен еске алды. «Ер есімі - ел есінде» демекші, ел үшін жанын берген ата- бабаларымыздың ерлігін ұмытуға еш қақымыз жоқ. Олар біздің жадымызда мәңгі болуы шарт.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT