Боздақтар ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

Суреттер автордікі

 

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні – бұл бейбіт өмірдің, адамгершіліктің және ерліктің мәңгі жасампаздығын дәлелдейтін ерекше күн. Осы мерейлі датада Исатай ауданында майдан даласында қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етіліп, аудан орталығындағы «Ардагерлер аллеясында» орналасқан «Боздақтар» монументіне гүл шоқтары қойылды. Бұл ескерткішке соғыста қаза тапқан жерлестеріміздің есімдері тасқа қашалып жазылған.

 

 

Іс-шарада алғашқы сөз сөйлеген Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин Жеңіс күнінің мәңгілік мәні мен маңызын атап өтті.

– 9 мамыр – халқымыздың ең қастерлі күндерінің бірі. Бұл күн – өскелең ұрпаққа бейбіт өмірдің бағасын ұғындырып, Отан үшін жанын қиған ата-бабаларымызды еске алатын күн. Сұрапыл соғысқа Исатай ауданынан 1626 сарбаз аттанса, соның тек 200-ге жуығы елге жарақатпен оралды. Қалғандары майдан даласында қаза тапты немесе із-түзсіз жоғалды. Бүгінде Атырау облысы бойынша көзі тірі соғыс ардагері қалмаған. Жалпы республика бойынша бар болғаны 11 ардагер ғана қалды. Тыл еңбеккерлерінің де ерен еңбегін ұмытпауымыз керек. Ауданымызда тіркелген 207 тыл ардагерінің 132-сі бақилық болса, қазіргі таңда 75-і арамызда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы мерекелік медаль табысталды. Сондай-ақ тыл еңбеккерлеріне біржолғы 50 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілді. Батыр бабаларымыздың ерлігі – біздің мәңгілік тағзымымызға лайық,-деді аудан әкімі.

 

 

Салтанатты шарада сөз алған Аққыстау ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Қожантай Сыдихов Жеңіс күнінің өскелең ұрпақ үшін тағылымды мұра екеніне тоқталды. Оның айтуынша, ұлт тарихындағы бұл күн – ұмытылмас ерлік пен отансүйгіштіктің үлгісі.

 

 

Гүл қою рәсімін аудан әкімі, аудандық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес мүшелері бастап берді.

 

 

Оларды аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат, «Amanat» партиясының аудандық филиалы ұжымы, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар бөлімдері, аудандық қорғаныс бөлімі, Ауғанстан және Чернобыль ардагерлері, Семей полигонына қатысушылар мен майдангер ұрпақтары жалғастырды.

 

 

Одан кейін іс-шараға аудандық білім беру ұйымдары, мектептер мен балабақшалар, «Жайықмұнайгаз» басқармасы, орталық аурухана мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы,

 

 

Халыққа қызмет көрсету орталығы, мемлекеттік кірістер басқармасы, аумақтық инспекция мен ветеринариялық станция, коммуналдық мекемелер және теміржол саласының қызметкерлері қатысып, боздақтарға тағзым етті.

 

 

Гүл қою рәсімін аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен жастар ресурстық орталығы түйіндеді.

 

 

Іс-шара соңында қатысушылар соғыстан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. «Ер есімі – ел есінде» демекші, Отан үшін от кешкен ерлердің есімі әрдайым халық жадында сақталады.

 


Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT