«Аққыстаулық талапкер Дильназ Орынбай Ұлттық бірыңғай тестілеуден 131 ұпай жинады. Бұл көрсеткіш әзірше аудан бойынша ең жоғары нәтиже» деп хабарлайды «Нарын таңы».
Қалалық, облыстық жарыстарға белсене қатысып, бірнеше рет жүлделі оралған Дильназдан ұстаздары мен ата-анасы зор үміт күтеді.
Дильназ Орынбай Аққыстау орта мектебінің түлегі. Ол болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғысы келеді.
- Жалпы таңдау пәнім тіл-әдебиет. Өзіме әдеби кітаптар, өлең оқыған қатты ұнайтындықтан, осы пәндерді таңдадым. Ең бірінші таңдауымды жасап, тамыз айында онлайн курспен дайындала бастадым. Сүйікті пәнім болған соң, оқу, түсіну қиын болған жоқ. Себебі, сүйікті ісіммен айналысу ешқашан жалықтырған емес. Осылайша, қаңтар, наурыз айында өткен ҰБТ-і тапсырып, бағымды сынадым. Жыл бойы үздіксіз дайындалып, бірінші нағыз ГРАНТ ҰБТ-ден 131 балл иелендім. Әрине, бұл - мектеп қабырғасындағы ұстаздарымның да өлшеусіз еңбегі. Оны айтпай кетуге болмайды.
Осылайша, үлкен еңбектің нәтиесінде болашаққа басқан алғашқы қадамым сәтті болды деп айтар едім. Ең біріншіден, ата-анамның үкілеген үмітін ақтап, жыл бойы дайындығымның еш кетпегеніне шүкір етемін.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Қазақстандағы ұлттық университеттердің бірін таңдап, қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болуды мақсат тұтамын,- дейді жас түлек.
Дильназдың әкесі жеке кәсіпкер, ал анасы "Атырау-Жарық" АҚ мекемесінде жұмыс істейді. Дильназ бұл нәтижеге өзін әрқашан қолдап, таңдауына құрметпен қарап, ылғи жігерлендіріп отыратын ата-анасының да ықпалы зор екенін атап өтті.
Сағыныш ҚАЙЫР