Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі білім саласын сынға алып, білімді қалай объективті бағалау керегін ойластыруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі заманда дамудың басты кілті – білім. Біз заман талабына барынша бейім, сондай-ақ жарқын болашақты өз қолымен қалайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың айтуына қарағанда, PISA халықаралық зерттеуіне қарасақ, еліміз соңғы 10 жылда орта білім сапасы бойынша 80 елдің ішінде елуінші-алпысыншы орыннан көтерілген жоқ.
Демек, жағдайымыз мәз емес. Басты түйткілдің бірі – балалардың білімін біржақты бағалау. Елімізде білімнің сапасына емес, көрсеткіштің жоғары болуына баса мән беріледі. Оқушылардың ұлттық бірыңғай тестілеуден алған бағасы мен мектептегі бағасы екі түрлі. Айырмашылық 30 пайыз немесе одан да көп болуы мүмкін, - деп айтты Тоқаев оқушылардың білімі туралы.
Сондай-ақ осындай алшақтық халықаралық және ұлттық бағалау кезінде байқалады.
Ашығын айтсақ, мұның бәрі жаппай белең алған көзбояушылықтың кесірінен болып отыр. Өзіңді өзің алдау жарға жығады. Мектепте алған білімді қалай объективті бағалау керегін ойластыру керек. Бұл ретте тестілеу, сертификаттау және т.б. үшін жаңа бөлімдер немесе орталықтар құрудың мағынасы жоқ. Біз осыдан өттік. Бұл да сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көзі. Сондықтан Үкімет бұл мәселеге қатысты өз ұсыныстарын беруі керек, - деп тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.
сурет BAQ.KZ. сайтынан алынды