ҰБТ: БОЛАШАҚҚА СЕНІМДІ ҚАДАМ

Қыстың соңғы айы. Түлектер үшін бұл кез – үлкен жауапкершілік пен қобалжу кезеңі. Алда олар үшін маңызды сынақ, яғни Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Бұл күн жақындаған сайын оқушылардың да, ата-аналардың да көңілі алаң. Қанша дайындалып, өзін қайраса да, дәл сынақ күні бәрі басқаша болатынын олар жақсы біледі. Бір сынақ арқылы өмір жолын айқындау оңай емес. Бұл білімнің ғана емес, шыдамдылық пен қажыр-қайраттың да үлкен сынағы.

ҰБТ – елімізде мектеп бітіруші түлектердің білім деңгейін анықтайтын басты құрал. Бұл сынақтың мақсаты – оқушылардың жоғары оқу орнына тең дәрежеде түсуіне мүмкіндік беру және білім беруді әділ бағалаудың сыртқы жүйесін қалыптастыру. Бірақ ол жай ғана көрсеткіш емес. Бұл – жылдар бойы төгілген тер мен қажырлы еңбектің нәтижесін көрсететін маңызды белес.

Исатай ауданы бойынша биыл 289 оқушы 11-сыныпты аяқтағалы отыр. Олардың арасында 13 оқушы «Алтын белгіге», 14 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Қаңтар айында 243 оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш беріп, алғашқы нәтижелерін көрді. Бірақ нағыз үлкен сынақ – негізгі ҰБТ кезеңі алда. Сол түлектердің бірі – Х.Ерғалиев ауылындағы жалпы білім беретін Новобогат орта мектебінің 11-сынып оқушысы Сәттібек Иван. Ол алдағы сынаққа үлкен жауапкершілікпен қарап, таңдаған пәндері бойынша білімін жетілдіруде.

– Менің таңдауым – дүниежүзі тарихы мен шет тілі. Қазір бұл пәндерден және математикалық сауаттылықтан онлайн курстар арқылы жүйелі түрде дайындалудамын. Қаңтар ҰБТ-сының нәтижелері күткен деңгейде болды, бірақ өз білімімді әлі де шыңдай түсуді мақсат еттім. Сондықтан қатемен жұмыс жасап, тақырыптарды тереңдете меңгеруді жалғастырудамын,-дейді Сәттібек Нұрболұлы.

Бітіруші түлектің айтуынша, болашақ түлектер үшін дайындықты ерте бастау – табысқа жетудің негізгі кілті.

– 9-10 сынып оқушыларына айтарым, дайындықты ертерек бастаңыздар! Егер сіздің таңдау пәндеріңіз дүниежүзі тарихы мен шет тілі болса, ағылшын тілі деңгейіңізді көтеруге ерекше көңіл бөліңіз. Шетелдік оқу орындарына түсуге ниеттенсеңіз, IELTS халықаралық емтиханын тапсырып, арнайы грант бағдарламалары арқылы мүмкіндіктерді пайдаланыңыз,-дейді ол.

Сонымен қатар Сәттібек жас түлектерге мамандық таңдауда қателеспеудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Ең бастысы – өзіңізге сеніңіз және жүрегіңіз қалаған бағытты таңдаңыз. Мамандығыңыз – болашағыңыздың іргетасы. Сондықтан бұл шешімге үлкен жауапкершілікпен қараңыз,-деп түйіндеді ол.

 Болашақ жас түлектердің әзірлігімен қоса аудан мектептерінде де дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Мұғалімдер қосымша сабақтар мен дайындық курстарын өткізуде, оқушылар онлайн платформаларды да белсенді түрде пайдаланып жатыр. Әр түлек өз мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға тырысып, алдағы сынаққа психологиялық тұрғыдан да, білім тұрғысынан да дайындалуда. Бұл туралы  аудандық білім бөлімінің ҰБТ-ға дайындау жұмыстары  бойынша әдіскері Жанар Телешова:

«Бүгінде білім беру жүйесі түлектердің жан-жақты дайындалуына мүмкіндік беріп отыр. Әр мектепте ҰБТ-ға дайындық сабақтары өткізіліп, оқушылардың қажеттіліктері ескерілуде. Биыл біздің түлектеріміздің ішінде үздіктер мен «Алтын белгі» үміткерлерінің саны көңіл қуантады. Бұл – олардың білімге деген ынтасы мен мұғалімдердің еңбегінің жемісі»,-дейді ол.

 

ҰБТ-ның биылғы ерекшеліктері

Жыл сайын ҰБТ жүйесінде бірқатар өзгерістер енгізіліп, сынақ әділдігін арттыруға бағытталған қадамдар жасалып отырады. Биылғы ерекшеліктер туралы Жанар Телешова баяндап берді.

–         Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларының жалпы саны өзгеріссіз қалды. Түлектер міндетті үш пән – «Оқу сауаттылығы», «Математикалық сауаттылық», «Қазақстан тарихы» және екі бейіндік пән бойынша тест тапсырады. Шекті баллдар бұрынғыдай: «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» – 3 ұпай, «Қазақстан тарихы» – 5 ұпай, ал бейіндік пәндер – 5 ұпай. Жалпы жоғары балл 140 болып қалды. Ал шығармашылық мамандықтарды таңдаушылар үшін жеңілдік қарастырылған, олар тек екі пәннен тест тапсырады – «Оқу сауаттылығы» мен «Қазақстан тарихы». Сондай-ақ, мүгедектігі бар балалар үшін (көру, есту, тірек–қимыл аппаратының функциялары бұзылған) тестілеуге қосымша 40 минут уақыт беріледі.ҰБТ тапсыру кезінде қажет болған жағдайда көмекші беріледі. Аталған өзгерістермен мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар  таныстырылды. Бұл оқушыларға тең мүмкіндік беру мақсатында жасалған қадам,-деп атап өтті.

Аталмыш сынақтың нәтижесі тек оқушының дайындығын ғана емес, ұстаздардың да жылдар бойы атқарған еңбегінің көрсеткіші екенін Жанар Мұқышқызы тілге тиек етті.

«Бүгінгі білім бәсекелестік заманында түлектеріміздің биіктен көрінуі үшін біз жан-жақты дайындық жүргізіп жатырмыз. Мұғалімдердің жауапкершілігі мен оқушылардың ынтасы, ата-аналардың қолдауы – барлығы табысқа жетудің негізі. ҰБТ  бұл тек сынақ емес, ол – болашаққа жасалатын сенімді қадам»,-дейді ол.

Иә,білім – даму мен табыстың басты кілті. ҰБТ – тек сынақ емес, ол оқушының болашағына ашылатын есік. Әрбір жиналған ұпай оның арманына бір қадам жақындағанын білдіреді. Бұл жолда түлектердің сенімі мен еңбегі, ұстаздардың қажыр-қайраты, ата-аналардың қолдауы өте маңызды. Бүгінде біздің түлектер үлкен дайындық үстінде. Олар өз армандары үшін күресуде. Біз де олардың биіктен көрінуіне сенеміз және сәттілік тілейміз. Себебі бұл сынақ – болашаққа сенімді қадам жасаудың мүмкіндігі.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT