Исатай аудандағы ұлттық бірыңғай тестілеудің биылғы жылдың рекорды жаңарды. Бұл жолы білімнің белесіне шығып, ұлағатты ұстаздарының үдесінен шыға білген Өркен орта мектебінің түлегі әрі «Алтын белгі» иегері Дильназ Қапсихқызы үмітті ақтады. Ол бірінші өткен сынақтан 127 балл жинап, мектебінің ғана емес, аудандағы барлық түлектерге бір серпіліс берген еді. Енді міне, аққыстаулық оқушы - үздіксіз еңбектің нәтижесін тағы бір көрсетті, дәлелдеді.
Түлегіміз бірінші кезекте білім берген ұстаздарына, қолдау танытқан ата-анасына алғысын айтып, тестілеуден кейінгі әсерімен бөлісті:
-Өте қуаныштымын. Бірақ, бір жағынан толқып тұрмын. Он бір жыл бойы жинаған білімімнің ақталғанына ризамын. 27-маусымда ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңіне қатысып, бағымды сынап көрген болатынмын. Сөйтіп, 136 балл жинаған кезде, сенер-сенбесімді білмей, қуанышым қойныма сыймады.Әуелден, 130-дан жоғары ұпайды жинауды мақсат еткендіктен,нәтижені көргенде,төбем көкке бір елі жеткендей болды.Осы орайда, менің жоғары нәтиже көрсетуім үшін барлық мүмкіндікті жасап, қолдау білдірген ата-анама және мектептегі аяулы ұстаздарыма,қолыма қалам ұстатқан алғашқы ұстазыма алғысымды білдіремін.Сондай-ақ,барша түлектерге ҰБТ-ні ойдағыдай тапсырып,бұдан да жоғары көрсеткішке жетулеріне тілектеспін,-деді ол.
Ұстаздарының айтуы бойынша, Дильназ кішкентай кезінен бастап білімге құштар болған. Онымен қоса, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, мектебінің мерейін үстем қылды.
Сағыныш ҚАЙЫР