ҰБТ: Исатай ауданының оқушысы 127 ұпай жинады

Қазіргі таңда еліміз бойынша Ұлттық біріңғай тест өтіп жатыр. Білімдерін сынаған түлектер арасында ауданымыз бойынша әзірге ең көп балл жинаған оқушы анықталды. Әзірге дейтініміз, ҰБТ 12-шілдеге дейін жалғасады. 8 маусым күні Өркен орта мектебінің түлегі Дильназ Қапсихқызы он бір жылдық білімін сынап, ҰБТ-ден 127 балл еншіледі

 

Қарапайым отбасыдан тәрбие алған Дильназ - талай байрақты додаларға қатысып, білім қабілетін жоғары деңгейде көрсетіп келе жатқан зерек, дарынды оқушы. Міне, бүгінде қатарластарынан оқ бойы оза шауып, шын қабілетті екендігін тағы бір дәлелдей түсті. Әрі «алтын белгі» үміткері.

– Мен 5-сыныпқа дейін Абай атындағы орта мектепте оқыдым, кейін Өркен орта мектебіне ауысып, қазіргі таңда осы алтын ұяның түлегімін. Жоғары балл алуым ең алдымен, осындағы ұстаздарымның еңбегі деп білемін. Кез келген ұстаз шәкірт тәрбиелеуде айтарлықтай жетістікке жетіп жатса, онда бұл - олардың адал да жанкешті еңбегінің жемісі. Жалпы, маған өз мектебімдегі мұғалімдерімнің сабақ берудегі әдістемелері мен ұстанымдары ұнайды. Екіншіден, тынбай ізденіс үстінде болып, көп оқығанның да септігі тиді деп ойлаймын. Негізі менің мақсатым бұдан да жоғары көрсеткішке жету еді. Бұйырса, ҰБТ-нің екінші кезеңіне қатысып, тағы да бағымды сынап көрмекпін. Ал, ата-анам жайлы айтар болсам, әкем - еңбек ардагері, ал анам болса кітапханашы болып қызмет етеді. «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман». Бұл - менің ұстанымым, -дейді ол.

Дильназ болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғысы келеді екен.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT