ҰБТ тапсыру тәртібі өзгерді

Ауданымызға Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев арнайы келіп, биыл мектеп бітіретін түлектермен кездесу өткізді. Ол ҰБТ-дегі өзгерістер, мемлекеттік және нысаналы гранттардың конкурсы мен квоталар туралы егжей-тегжейлі айтып өтті.

 Одан бөлек, арнайы «Атырау- Маңғыстау» білім беру гранты сияқты бағдарламаға кеңінен тоқталды. Негізінен, аталған бағдарлама білім беру гранты бойынша Атырау облысына 1500 грант бөлінген. Яғни,атыраулық мектеп бітірушілер Қазақстанның жоғары оқу орындарына белгілі бір тізімде көрсетілген мамандықтар бойынша грантқа оқи алады. Биылдан бастап енген өзгерістерге бірқатар оқушыларға қажетті мағлұматтар берді.

-Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық қауіпсіздікке қатысты қабылдаған шараларының арқасында ереже бұзу әрекеттері жыл сайын азайып келеді. Оған статистикалық мәліметтер дәлел. Мысалы, былтыр қаңтарда 90, ал биыл 62 талапкер тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен айырылса, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін былтыр аудиториядан 229, биыл 98 талапкер шығарылды. Олардың сынақ нәтижелері жойылды. Сонымен қатар өткен жылдан бастап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылған еді. Олар үшін арнайы суретсіз, сызбасыз және диаграммасыз сұрақтар әзірленеді. Бұл өзгеріс оң әсерін тигізді. Себебі көрсеткіштерге сүйенсек, былтыр осы кезеңде көру, есту қабілеттері, тірек-қимыл аппараты бұзылған 99 бала, биыл 274-і ҰБТ-ден өтті. Сондай-ақ талапкерлерге қолайлы жағдайлар тестілеу кезінде ғана емес, оған дейін де жасап жатырмыз. Ұлттық тестілеу орталығы оқу жылының басында тестілеу пәнінің айрықшалау, тест жоспарын, қазақстан және дүниежүзі тарихынан 100 датаны, информатикадан терминдер тізімін, қазақ әдебиеті және орыс әдебиеті пәндерінен шығармалар тізімін өз сайтымен әлеуметтік желілерінде жариялады,-деді Руслан Емелбаев.

Сонымен қатар Рудный индустриалдық институтының қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Марина Мустафина кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізді әрі мамандық түрлерімен таныстырды. Кездесуге аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева және мектеп директорлары, мектеп бітіруші түлектер түгелге жуық қатысты.

Биыл оқу жылында біраз жаңашылдық пен өзгерістер бар. Ағымдағы жылдан бастап Ұлттық тесттілеу орталығының директоры Қазақтанның әрбір түкпір-түкпіріне облыс, қала, аудандарға барып, ақпараттық түсініктеме жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп жүр.Өзіміздің облысымызға да арнайы іссапармен 2 рет ат басын бұрып, біздің ауданға да табан тіреп, мектеп бітіруші түлектермен кездесу өткізді.

Түбегейлі алынып жатқан өзгеріс жоқ, сұрақты сол күйі 140 сұрақ яғни 140 балмен қамтылған.Әрі тесттілеу уақыты 4-сағат.Жалпы, балалар 5 пән бойынша сынақ тапсырып жүргені мәлім.Оның үшеуі негізгі пәндер: оқу сауаттылығы, қазақстан тарихы және математикалық сауаттылық.Ал екі бейінді пән оқушының болашақ мамандықтарына сәйкес таңдалады.Өткен жылы министр тарапынан ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қосымша 40 минут қосып берілді.Себебі, олардың өз қатарлас, достарымен тең дәрежеде жағдай жасауға негіз болып отыр.

ҰТО директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша 3 маңызды қадам жасалынған.Атап айтсақ, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушылар тіркелу кезінде өзінің қажеттіліктері бар екендігін көрсетеді.Кейбір оқушылар пернетақтаны пайдалана алмай жатады.Сол үшін арнайы дербес немесе тәуелсіз көмекші міндетті түрде тағайындалған. Нітижесінде, 2021-2022 жылмен салыстырғанда, биыл ҰБТ тапсырып жатқан балалар саны 3 есе артып отыр.Әрине, бұл жұмыстың дұрыс екендігін көрсетеді.Осы бағыт бойынша әлі де толығып, жалғасын табады деген сенімдеміз.

Биыл  оқу жылында оқушылар 5 рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндігіне ие болды. Қаңтарда, наурыз, тамызда ақылы негізде өтеді және оның сертификаты жоғары оқу орнында ақылы негізде оқуға жарайды. Сондай-ақ екі негізгі ҰБТ-ны тапсыруға мүмкіндік берілген. Тіркелу онлайн форматта өтеді, әркім тестілеу тапсыру күнін және уақытын өзі белгілей алады.Талапкерлер 28-сәуір мен 6-мамыр аралығында талапкерлер 1-мүмкіндікке, 7-14 мамыр аралығында екінші мүмкіндік бойынша тіркеледі.Негізгі ҰБТ өту мерзімі 16-маусым мен 5-шілде  аралығында өтетінің қаперге береміз.ҰБТ-дегі өзгеріс туралы толықтай ҰТО директоры түсіндіре өтті.

-Жыл сайын негізгі ҰБТ мамыр және маусым айларында өткізіліп келді. Енді оған өзгеріс енгіздік, жобасы дайын. Биыл жоспарымыз бойынша бірінші мүмкіндікке тіркелу наурыз айында ашылды. Алғашқы тестілеуді сәуір айында өткізудің бірнеше себебі бар. Бірінші, мамыр айында мереке көп. Екіншіден, биылғы оқу жылында 31-мамырда өтетін маңызды мереке – соңғы қоңырау бар. Оқушылардың бар ойы соңғы қоңырауды тойлауда болады.Сондай-ақ, Ұлттық тестілеу орталығы, ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсынған жаңа жобада жауап нұсқалары саны өзгертілген. Саны 5-тен 4-ке дейін, бір немесе бірнеше дұрыс жауабы бар тест тапсырмаларында үш дұрыс жауаптан көп емес нұсқалар саны 8-ден 6-ға дейін азаяды. Айта кетейік, «Оқу сауаттылығы» бойынша 15 сұрақ: 5 сұрақтан 3 мәтін (200-350сөз) беріледі, ал «Қазақстан тарихы» бойынша 20 сұрақ: бір дұрыс жауапты 10 тапсырма, мән-мәтін негізінде 10 тапсырма беріледі. Айта кетейін, биыл Атырау облысына осы мақсатты грант бойынша 1500 білім беру гранты қарастырылды. Балалар грант конкурсында дайындықтың 4 бағыты бойынша 40-тан астам ЖОО-ны белгілей алады.Атап айтсақ, Педагогикалық ғылымдар, Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары. Кейбір түлектердің жіберер қателігі, конкурсқа қатысуға өтініш берген кезде 1 мамандық және 4 университетті белгілейді. Алайда, грант жоо-ға емес, талапкерге бөлінетінін ескермейді, сосын таңдаған 1 мамандығына оқуға түспеген соң, 4 университеттің біреуіне де қабылданбайды. Сондықтан,  4 мамандық және қалауыңыз бойынша 1-ден 4-ке дейін университет белгілеген ең тиімдісі болып саналады. Мамандық таңдау  бойынша да оқушыларға жүрекпен таңдау керектігін айтамын. Ең бірінші таңдау ретінде армандаған мамандықты жазуға кеңес бердім.Себебі, оқуды грант үшін емес,өз болашағыңыз үшін оқыған дұрыс.

Одан бөлек, алдағы уақытта ҰТО қызметкерлері мен педагогтердің биыл ғана «Болашақ» бағдарламасының тізіміне қосылған «Тестология» мамандығы бойынша шетелде тағылымдамадан өту мүмкіндігі талқыланды. Себебі, тест әзірлеуші мамандардың кәсіби дамуы тестілеу жүйесі үшін маңызды.
 Әр университеттің өз шекті балдары болады. Бұл құқық оларға 3 жыл бұрын берілген еді.
Бір оқушы математика пәнінің мұғалімі болғысы келеді деп алайық. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен ұлттық университетке ақылы бөлімге түскісі келеді. Сіздер білетіндей, «Педагогикалық ғылымдарға» шекті балл – кемінде 75 балл, ал Ұлттық ЖОО-ларға – кемінде 65 балл. Оқушының жинаған ұпайы жетіп тұр. Алайда,ол университетте оқушының оқығысы келген мамандыққа шекті балл 85-тен басталады. Демек, оқушыға шекті балын 80-ге дейін белгілеген университетті іздеу керек.

Бір жағынан жағымды жаңалықпен бөлісейін, өздеріңіз білетіндей, химия пәнін тапсырушыларға тестілеу компьютерінде Менделеев және тұздар ерігіштігі кестесі ұсынылады. Алайда, көбіңіз оның қағаз нұсқасын пайдалануға рұқсат беруімізді сұрайсыздар. Осы мәселені ескеріп, әріптестермен зерттей отырып, сіздерге 2023 жылғы негізгі ҰБТ-да Менделеев және тұздар ерігіштігі кестелерінің қағаз нұсқаларын өзіміз шығарып, қалауларыңыз бойынша қолдануға беріледі.

Бұдан бөлек, сіздерге керемет мүмкіндік қарастырылған.Сөзім аузымда, биыл Атырау облысына мақсатты грант бойынша 1500 білім беру гранты қарастырылды. Яғни, балалар грант конкурсында дайындықтың 4 бағыты бойынша 40-тан астам ЖОО-ны белгілей алады: олар педагогикалық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар,инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша грантқа үміткер болуға мүмкіндік бар,-
деп атап өтті Руслан Емелбаев. Естеріңізге сала кетейік, тестілеу кезінде барлық талапкер үшін компьютер экранында «Математикалық сауаттылық», «Математика», «Информатика», «Физика», «Химия» және «География» пәндері бойынша есептерді шешу үшін калькулятор қолжетімді болады. Сондай-ақ, ол талапкерлерге қағаз нұсқасын тест әкімшілері ҰБТ-ның өзінде беретінін ескертіп айта өтті.

Еліміздегі игiлiктердiң барлығы елдiң болашағы – жас ұрпақтың келешегi жарқын болуы үшiн жасалып жатқан игі іс. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға ізгі тілегімді арнаймын.

                                                                                                     Сағыныш САЙЛАУБАЙ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521